Қоғам

Сақшылар әулеті

Сақшылар әулеті


Алыстан, әлдеқайдан кісінеген жылқы дауысы естілді. Мұнара үстінде тұрған сарбаз қырағы жанарымен төңіректің бәрін тінте қарап, тың тыңдады. Таңғы салқын ауадан тітіркенгендей, сонау жердегі тал-теректер де қимыл, қыбырсыз қалыпты.

Бұл жер, бұл өңір, Қытай елі мен екі арадағы шекараны бойлап өтетін байтақ Шіліктінің о шеті мен шеті оған ежелден таныс.

Отан алдындағы борышын Германия елінде аман-есен өтеп қайтқан соң, ауылда біраз уақыт агроном болып еңбек етіп, Зайсан шекара отрядына қызметке алынған Нұрсағат Әбесов бірден Мәскеудің жанындағы Гольицино әскери шекара училищесіне жіберілді. Сайдың тасындай сақшыларды дайындап, сапқа қосып жатқан сол кездегі одаққа белгілі шекара училищесін ойдағыдай тамамдап шыққан жас жігіттің өмірі 1974 жылдан бері ел шебін күзетуге арналды. Прапорщик шенімен 22 жасында туған шекара отрядына оралған соң, әуелгі он жылдан астам уақыт бойы шекараның инженерлік саперлер ротасында қызмет етті.

…Күз айы. Өзі басқаратын взводты алып «Шаған оба» шекара заставасының учаскесіне бара жатып, жолай жайлауда отырған малшының үйіне қарай бұрылған. Шекарашылар малшылармен, шекара бойындағы ауылдармен күн сайын хабарласып, үнемі байланыста болып, келіп-кетіп жүретін. Бірден байқады, киіз үйдің алды қарбалас қимыл, қой сойылып, қазан көтеріліпті. Ошақ басында күйбеңдеп жүрген үй иесі шекарашыны көргеннен-ақ қойдың бекер сойылмағанын, үйде қонақтар барын аңғартып үлгерді.

-Е, айналайын, мына жақтан (шекара жақты көрсетіп) қонақтар келіп қалып еді, соған қазан көтеріп жатқан бетіміз, – деді әйел үйде шекараның арғы бетінен өтіп келген адамдар барын білдіре сөйлеп. Әйелдің өзіне белгі беріп тұрғанын сезе қойған ол ишаратпен көліктегі сарбаздарға үйді қоршауды бұйырып, өзі дереу киіз үйге кіріп барып, қыбырлап, тұруға дайындала бастаған екі «жолаушыны» орындарынан тапжылтпай қолға түсірді. Мас күйінде шекарадан бері өтіп кетіп, жайлаудағы малшының үйіне тап болған оларды малшы үйі алдарқатып, ас беріп күтіп, асудан шекарашылар келіп жеткенше сыр білдірмей ұстап отырған екен. Заставадан жедел келіп жеткен дабыл тобы шақырылмаған қонақтарды алдыға сап алып кетті.

Кеңес үкіметі кезінде Қытай жақтың азаматтары біздің жерге қарай өтіп кетіп жататын мұндай оқиғалар шекарада орын алып тұратын. Оларды шұғыл қолға түсіруге жайлаулар мен қыстаулардағы малшылар, шекара шебіндегі ауыл тұрғындары талай рет көмектесіп, қырағылық көрсетті.

Ардагер шекарашы Нұрсағат аға әскери қызметінде өз елінің ғана емес, өзге елдің шекарасын да қорғады. Бертін болса да шиеленісті шағымен өшпестей белгі қалдырған ол күндер де шекарашы жанында жаңғырып тұр. 1997 жылы «ҚАЗБАТ» құрамында 18-20 жас аралығындағы 33 жауынгерді бастап әскери ұшақпен Зайсаннан Алматыға жеткен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі басқармасына келіп орындайтын міндеттерін алып, келесі күні Ауғанстанның күнбатысындағы Плато деген тау етегіндегі Тәжік -Ауған шекарасына түседі. Басқа жағдайды былай қойғанда, электр жарығы да жоқ, жерден қазылған орынжайда тамақтан, ауызсудан мұқтаждық көріп жүрсе де, қалт етпестен бірнеше айлар бойы Зайсан отрядының жауынгерлері әскери күзет қызметінде тұрды. Шекара шебінде атыс-шабыс тоқтамай, жағдай ушығып тұрған шақта тұрмыстық қажеттіліктерге қарайтын да мұрша болмады, ішетін суды түнгі тыныштық туғанда шатқал сайдың түбіндегі өзеннен тасып алатын. Зайсандық жауынгерлердің бәрі де бұл жауапты тапсырмадан елге аман-есен оралған.

Бүгінде Нұрсағат Әбесовтің екі ұлы мен екі қызы да әке жолын қуып, шекарада қызмет етіп жатыр. Тұңғышы Әділ Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы әскери мектепті, шекарашылар дайындайтын жоғары институтты, Қорғаныс министрлігі академиясын, екінші ұлы Дидар да жоғары шекара институтын бітірген әскери қызметкерлер. Есімдері Динара аттас қос келіні де осы салада қызмет етуде. Қыздары Жанна мен Дина жоғары білімді, күйеубаласы Нұртай Әлібиұлы да Алматыдағы шекарашылар дайындайтын институтты бітірген әскери маман. Нұрсағат аға мен Бижамал Қайсақызы ел үшін еңбек етіп, адал қызмет көрсетуді, білімді, батыл болуды тек балалары мен немерелеріне ғана емес, жас ұрпаққа, мектеп оқушыларына да айтып келеді. Ардагер аға осы уақытқа дейін алған медаль, марапаттауларымен қоса, биыл «Ұлттық қауіпсіздік комитетіне – 25 жыл», «Шекара қызметіне – 25 жыл» медальдарымен марапатталды.

– Зайсандағы 2017 әскери бөлімі ардагерлерге қолдау, көмек көрсетуді ұмытқан емес. Әскери бөлім командирі подполковник Ерік Тұрғанбаев шекарашылардың әрдайым жоғары әскери даярлықта болып, шекара қызметінің алғы шептен көрінуіне бар білім, тәжірибесін жұмсап келеді, – дейді Нұрсағат Әбесұлы.

Нұрсағат ағаның қызығы мен қиындығы қатар жүретін қасиетті шекара өмірі туралы әңгімелерін, ақыл-өсиетін тыңдап өскен немересі, биыл Күршімнен 11-сыныпты бітіріп, қолына аттестатын алған Әли де Алматыдағы жоғарғы әскери оқу орнына құжат тапсырып жатыр.

Сақшылар әулеті

Көп жылғы қызметінің зейнетіне кенелген Нұрсағат аға құрметті демалыста болғанымен, қазір де жауынгерлік саптан қалмауға тырысып келеді. Бүгінде Бижамал апай екеуі – 11 немересінің қызығына бөленіп, ұрпақ амандығын тілеп отырған ата мен әже. Шекарашы ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі. Жуықта жары Бижамал апаймен бірге талай жыл өзі қызмет еткен Қызыл Тулы Зайсан шекара отрядының Руслан Зәкиев атындағы (бұрынғы Шаған оба ) застава шекарашыларына барып, сарбаздармен кездесіп, әңгімелесіп, қызмет бабында мерт болған жерлесі, шекарашы Русланның ескерткішіне тәу етіп қайтты. Жазда барса да, қыста келсе де туған жердің бір түкпіріндегі осы араның тынысы, Шаған обаның бел белесі, сайын даланың жұпар ауасы айрықша болып тұрады. Дәл баяғы кездегідей көк жусанның иісі бұрқырап жатыр.

Суретте Пресса Жанаргүл файл «Застава» және мына сурет:Ардагер шекарашы Нұрсағат Әбесұлы және шекарашылар анасы Бижамал Қайсақызы.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button