Қоғам

Сана тазармай, қала тазармайды

Сана тазармай, қала тазармайды


Облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын 282 орынның 25-де ғана эмиссиялық рұқсат құжаттары, мемлекеттік-экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптама қорытындылары бар болып шықты. Тұрмыстық қалдықтар ауылдық жерлерде де бей-берекет тасталып, шашылып жатыр. 257 елді мекендегі ауылдық қоқыс үйінділері тиісті заң талаптары тұрғысында рәсімделмеген, олар жобасыз орналастырылып, жабдықталған. Қоқыстардың қоршаған ортаға әсер ету бағасы берілмеген. Ауылдардағы қоқыс үйінділерінде қалдықтарды көму технологиясы да сақталмай келеді.

Полигонның бірде біреуі талапқа сай емес

Облыс аумағындағы 25 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны да экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай емес. Полигондардың ағынды суларды тазарту және жинақтау жүйелері мен оқшаулау жабындылары жоқ. Нәтижесінде, қалдықтар ыдыраған кезде бөлінетін зиянды заттар, ауыр металдар, химиялық қосындылар мен сынап топыраққа және жерасты суларына кетіп жатыр. Сонымен бірге, қатты тұрмыстық қалдықтар орналастырылған полигондарда батарейкалардың қауіпті құрамдас бөліктері, лампалар, дәрі-дәрмектер, бояулар, құрамында сынабы бар заттектер, шиналар сияқты қоршаған ортаға, адам өміріне қауіпті, улы заттектер сақталып отыр. Мұндай аса қауіпті қалдықтарды бөлек көму әдістері қолданылмауда.

Облыс прокуратурасы аймақ аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау мен өңдеуге байланысты жоғарыда айтылғандай, көптеген заңбұзушылықтар орын алып жатқанын анықтады. Облыс прокуратурасында өткен ведомствоаралық жедел кеңес отырысында жергілікті органдарға ушығып тұрған қоқыс мәселесін шешудің кешенді жоспарын құру ұсынылып, жағдайды қатаң бақылауға алып, реттеу тапсырылды.

Қадағалау органының анықтағанындай, Шығыс Қазақстанда жинақталған қоқыстың көлемі 9 млн. тоннаға жеткен. Жыл сайын 150-200 мың тонна қоқыс жиналып жатыр. Облыстағы кейбір қалдық сақтау орындарының пайдаланылып келе жатқанына жарты ғасырдың жүзі болыпты. Қалдық сақтау орындарының санитарлық қорғаныш аймағында тұрғын үйлер орналасқан. Өскемендегі Красин кенті дәл осындай сасыған қалдық қоймасының түбінде тұр. Кент тұрғындарының мүңкіген жағымсыз иіс пен егеуқұйрықтан әбден мазасы кеткен. Аузы-мұрнынан шыға асып-төгіліп жатқан бұл қалалық полигонның эмиссиясы, пайдаланылу мерзімі 2020 жылы бітеді. Өскемен қаласы әкімдігінің өкілдері ол уақытқа дейін қала іргесіндегі Самсоновка кентінен жаңа полигон салынбақ екендігін айтады. Қазір жаңа полигонды салуға осы арадан 30 гектар жер бөлініп қойғанымен, құрылысының қашан басталатыны белгісіз. Оның үстіне, қаланың бас жоспары бойынша болашағы бар ықшамаудан деп саналып, жекеменшік тұрғын үйлер салып, халықтың бір бөлігін шоғырландыру жоспарланып отырған Самсоновка кенті маңынан қалдық полигонын салуға қарсы болып жүрген жұрт та көп. Халық полигонды қала маңынан аулаққа салу керек деп жатқанымен, алдын ала жүргізілген әр бағыттағы түрлі зерттеулер, негіздемелер арқылы осы жерге полигон салуға болады деген қорытынды жасалған. Алдағы уақытта бұл мәселеге орай қоғамдық тыңдау өткізілмек.

ШаҺардың іші де, сырты да шашылып жатыр

Өскемен қалалық әкімдігінің мәліметтері бойынша, қала тұрғындарының 70 пайызы ғана қоқыс шығаратын арнайы ұйымдардың қызметін пайдаланып отыр. Яғни, қалған 30 пайызы немесе қала тұрғындарының 96 мыңнан астамы қалдық тастауға бей-берекет үйінділерді пайдаланып, күл-қоқысын шаһардың іші-сыртына төгіп, шашып жатыр деген сөз. Бұлар – негізінен, саяжай төңірегінде, қала шетіндегі ықшамаудандардағы жекеменшік үйлерде тұратындар.

Тек қана 2016 жылы қаланың қуыс-қуысында үйілген қоқыстарды тазартып, шығаруға қала бюджетінен 6,6 млн. теңге бөлінген. Бірақ қоқыс үйінділері қалада биыл тағы да көбейіп кеткен. Облыс орталығында иесіз тұрған 541 алаңша бар. Олардың орналасқан жерлері пәтер иелері кооперативтеріне рәсімделмеген, арнайы кәсіпорындардың балансына есепке алынбаған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтаудың, жинаудың жайын зерделеген облыс прокуратурасы экология, қоғамдық денсаулықты қорғау департаменттері аталған мәселені шешумен айналыспайтындығын, олардың жергілікті атқарушы органдармен, қоршаған ортаны қорғау саласының өкілетті органдарымен өзара бірлесіп, жүйелі жұмыс жүргізбей отырғанын анықтаған.

Қалалықтар қоқысты қоқыс төгетін арнайы контейнерге төкпей жатса, облыстың 220 мыңнан астам халқы тұрып жатқан Катонқарағай, Тарбағатай, Күршім, Ұлан, Бородулиха, Көкпекті, Бесқарағай аудандарында ауыл тұрғындарының қоқысын апарып төгетін бірде-бір арнайы полигон болмай отыр.

-Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арнайы көрсетілмеген орынға қоқыс төккен, лақтырған адамдар осындай ұсақ бұзақылығы үшін әкімшілік жауапқа тартылуы тиіс. Бірақ ол тек қана құқық бұзып жатқан жағдайда, сәтінде ғана жауапқа тартыла алады. Бұл бағытта әкімшілік полиция қызметінің жұмысы жеткіліксіз болып отыр. Мысалы, 2016 жылы облыстың ішкі істер органдары 322 620 әкімшілік іс қозғаған болса, соның 70 пайызы (226 411-і) жол жүру саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты болған. Тек 2,9 пайызын ғана қоғамдық орындарды, бақтарды ластау, тұрмыстық қалдықтарды жабдықталмаған жерлерге лақтыру сияқты басқа да ұсақ бұзақылық, құқық бұзушылықтар құрайды, – дейді полиция қызметінің қаланы, даланы ластаушылармен күресуге жеткілікті мән бермей отырғаны жөнінде облыс прокурорының аға көмекшісі Тимур Чақпантаев.

Сана тазармай, қала тазармайды

Тазалықшы кәсіпорындар «тариф» деп отыр

Асқар Жақсылықов, Өскемен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Өскемендегі қалдық салатын контейнерлердің бәрі қанағаттанғысыз жағдайда. Аулалардағы қалдық контейнерлеріне баратын жолды тазалау тарифте қарастырылмағандықтан, өткен қыста жауған қалың қар жағдайды тіптен күрделендіріп жіберді. Қазіргі күні біздің ведомство қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметінің бағасын көтеру мәселесін қарастырып жатыр.

Өскеменде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметін көрсетіп отырған «Өскемен СпецКоммунТранс» және «Өскемен тазалық» кәсіпорындарының басшылығы жанар-жағармай бағасының өсуі, техника, құрал-жабдықтардың қымбаттығымен бірге, қалада қалдық шығару қызметімен келісімшартқа отырмағандардың көптігі, ал аулалардан шығарылатын қоқыстардың ай санап артып бара жатқаны тарифті көтеруге мәжбүр етіп отырғанын мәлімдеді.

– Жекеменшік үйлердің тұрғындары жаз кезінде тұрмыстық қалдықтарды тастамаймыз, жағып жібереміз, қызметті пайдаланбаймыз деп келісімшартты бұзуға арызданумен жүр. Көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары болса қызмет ақысын бәрі бірдей толық төлемейді, келісімшарт бойынша ауладағы үйлерде азын-аулақ адам ғана тұратын болғанымен, аулаға қойылған контейнер 2-3 сағаттың ішінде толып қалады, – дейді «Өскемен тазалық» ЖШС басшысы Айдос Байғонысов.

Мирный, Защита, Прохладный, Ахмер, КШТ сияқты бірнеше ықшамаудандар мен қаланың көптеген көшелеріндегі тұрғын үйлердің ауласынан тұрмыстық қалдықтарды шығарып жүрген «Өскемен тазалық» кәсіпорны қалдық шығарғаны үшін көпқабатты үйдің тұрғындарынан кісі басына 156 теңге, жеке меншіктен 199 теңге алып келеді. Кәсіпорын басшыларының айтуынша, бұл тариф төрт жылдан бері көтерілмеген. Осыдан екі жыл бұрын тазалықшы кәсіпорын полигонға күніне үлкен-үлкен жеті Камаз жөнелтсе, қазір сегіз Камаз жіберіп отыр, бірақ тұтынушы саны сол қалпы өспеген.

Экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригиннің айтқанындай, бір жылдан соң жағдай басқаша болмақ, 2019 жылдан бастап қолданысқа енетін жаңа заң бойынша жылдан-жылға көбейіп жатқан тұрмыстық қалдықтардың 90 пайызы полигондарға қабылданбайтын болады. Қағаз, пластик өнімдер, шыны, темір-терсектер бөлек жиналып, қоқысқа тасталмауы тиіс. Ол қалдықтарды сұрыптау шараларын, қоқысты жеке-жеке жинайтын желілер құруды қазірден бастап қолға алу қажеттігін жеткізді.

Бөліп, жеке-жеке жинау желілері қалада құрылып та жатыр. Бірақ не қайыр, «экологиялық контейнерлердің» көбі бос тұр. Пластик заттар жинаумен айналысып жатқан «ЭкоВостокЛидер» фирмасының басшысы Динара Әкімжанова Өскемендегі тұрғын үйлер, ғимараттар ауласына қойылған 25 экоконтейнерлерінің көпшілігі екі айдан бері әлі толмай жатқанын айтты. Өскемен вокзалы, Қазақстан, 99 тұрғын үйлері жанындағы контейнерлердің пластик ыдыстармен толтырылу деңгейі біршама жақсы болғанымен, Заречный базары маңына қойылған контейнердің ішіндегі пластик құтыларды сүт, сыра, қымыз сатушылар ұрлап, жырлап тауысыпты. Біреу бос ыдысты дайын орынға әкеліп тастауға ерінсе және барған, тұрған жерін қоқысқа толтырып кетіп жатса, екіншісі өзгенің еңбекпен жинап жатқанына жармасып жүр…

Қаптаған тұрмыстық қалдықтан, қоқыстан құтылу үшін алдымен сананы басқан қоқыстан – қоршаған ортаға, отанға қамқорлық сезіммен қаратқызбай отырған ойсыздық пен масылдықтан, енжар көңілден, ерсі әрекеттен құтылу керек болып тұр.

Осы беттің оспағы:
-Алло, бұл учаскелік полиция ма?
-Иә, тыңдап тұрмын!
-Аула сыпырушы темекі тұқылын есік алдына тастай салғаным үшін маған тіл тигізді, оған дереу жаза қолданыңыз!

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button