Қоғам

Ресейдің оқу орындарына ағылатын түлектер саны биыл үш есе азайды

Ресейдің оқу орындарына ағылатын түлектер саны биыл үш есе азайды


Шығыс Қазақстанда мектеп түлектерінің Ресейге ағылуы үш есеге азайған. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы өткізген саяси кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов осындай мәлімет айтты.

Жылыту маусымына дайындық, кәсіби-техникалық білім беру, әлжуаз топтарды әлеуметтік қолдау, жоғары технологияларды дамыту, медициналық қызмет сапасын арттыру, аграрлық саладағы кооперативтендірудің тиімділігін арттыру, индустриялық және инфрақұрылымдық даму. Бұл аталған мәселелердің барлығы бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясының жіті бақылауына көшкен. Сол бақылаудан нәтиже шығарып, жауапты орындардың жұмысын тиімді ете түсу үшін партияның сайлауалды бағдарламасын орындауға жауапты жеті бірдей комиссия жұмыс істеуде. Жиында осы кеңестің өкілдері өз саласы бойынша қысқаша ақпарат берді.

Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов аталған комиссиялар мемлекеттік бағдарламалардың облыс көлемінде жүзеге асу барысын бақылап қана қоймай, Ұлттық қордан бөлінген қаржының мақсатқа сай игерілуін де қадағалап отырғанын атады. Бір ғана «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында 89 нысанда құрылыс және қайта жарақтау жұмыстары жүріп, екі жылда соның 16-сы қолданысқа берілген екен. Олардың ішінде үш мектеп, бір балабақша, тоғыз жылу беру нысаны, үш сумен қамту жүйесі бар.

«Цифрлы қоғам» құру бағытындағы шаруалар да «Нұр Отан» назарында. Дәл бүгін облысымызда жылдамдығы жоғары интернетпен 15 аудан орталығы, 10 қала, бес кент, 425 ауыл қамтылған. Әлі 327 ауылды ғаламтормен қамту қажет.

-Сайлауалды бағдарламаға енгізіліп, нақты міндет ретінде жүктелгенімен, жер-жерлерде жоғары технологияларды дамыту қарқыны көңіл көншітпейді, – деді Әнуарбек Мұхтарханов.

Биыл облыс бойынша 6,4 млрд теңгенің медициналық қондырғыларын сатып алу жоспарланған. Өткен жылы бұл мақсатқа 1,5 млрд теңге жұмсалған екен. Бұл жағынан біздің өңірге ешбір облыс теңесе алмай отыр.

-Осы және өзге де қабылданған шараларға қарамастан, медициналық қызмет сапасына сын айтушылардың саны азаяр емес, – дейді партия өкілі.
Аймақ басшысы биыл соңғы 20 жылда бірінші рет туберкулез ауруына шалдыққандардың саны республикалық орташа көрсеткіштен төмендегенін атап өтті. Ол, сондай-ақ, дәрі-дәрмекпен уақтылы қамту, мемлекеттік сатып алу, міндетті медициналық сақтандыру мәселелерін партия тарапынан БАҚ өкілдерімен бірлесіп қадағалауды ұсынды. Бұл үшін осы салаға маманданған журналистерден арнайы пул жасақталмақ.

Ал білім саласына бөлінетін қаржы көлемі соңғы үш жылда 30 млрд теңгеге өсіпті. Жаңа оқу жылында 4500 бала кәсіби-техникалық мамандықты тегін игеруге мүмкіндік алып отыр. Оларға 25 мамандық пен 39 кәсіп түрі бойынша дуальді білім берілмек. Ал жас буынның көрші елдерге ағылуын тежеу үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі арттырылмақ.

-Бізде әлем бойынша теңдесі жоқ өндірістік база шоғырланған. Осы артықшылықты мамандар даярлау ісінде тиімді пайдалана білуіміз керек. Мысалы, Ресейдің көршілес өңірлеріне білім іздеп кеткен жастардың көбі атом энергетикасы саласын таңдағандар екен. Бір қызығы, ол жақта біздегідей атом өнеркәсібінің базасы жоқ. Алдағы уақытта біздің техникалық университет атом саласына қажет мамандарды даярлауға баса мән беріп, мамандық түрлерін көбейту керек, – деген Даниал Ахметов биыл ресейлік жоғары оқу орындарына құжат тапсырған түлектердің саны жылдағыдан үш есеге азайғанын жеткізді. Бұған дейін жыл сайын 1600-1800 жас көрші елге білім іздеп кеткен болса, биыл бұл көрсеткіш 550 адам шамасында ғана.

Әлжуаз топтарды әлеуметтік қолдау мәселесіне жауапты комиссия мүшелері жалғызбасты ардагерлердің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Партия өкілінің айтуынша, жалғызілікті қарияларға түрлі бастамашыл топтар тек мамыр айында ғана келгіштеп кетеді екен. Сондықтан учаскелік дәрігерлерді аталмыш топқа жататын тұрғындардың денсаулығын ұдайы тексеріп отыруға міндеттеу қажет деген ұсыныс айтылды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button