Президенттікке кандидаттар сайлаушылармен кездесті
Президенттікке кандидат Н.Ә. Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қызылорда облысына барып, Сыр өңірінің облыс активімен, теміржолшыларымен және фермерлерімен кездесулер өткізді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов Арал теңізін құтқару бойынша Президенттің жасаған еңбегіне облыс тұрғындарының дән риза екендігін жеткізді.
«Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынған бөгеттің арқасында су қоймасындағы судың деңгейі 12 метрге көтерілді, ал Арал қаласы мен теңіз арасындағы арақашықтық 100-ден 20 шақырымға дейін қысқарды. Өңірде балық шаруашылығы қайтадан жандана бастады», – деді С. Шаухаманов.
«Тоқсаныншы жылдары Арал проблемасы бүкіл әлемдік қоғамдастықты толғандырды, бірақ Мемлекет басшысы тұтас бір өңірді құтқарып, оның жаңа өміріне дем берді», – деп атап өтті «Арал балық» зауытының жұмыскері Айшабақ Бәйтімова.
Сондай-ақ РҚШ мүшелері вагон жөндеу депосында болды.
Түстен кейін РҚШ мүшелері аймақ фермерлерімен кездесті. Олар аграрлық секторға қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді.
«Бүгінгі күні ауылдағылар өз болашағына кәміл сенеді, өйткені, өз бизнесіңді дамыту үшін барлық жағдай жасалған, шаруалар егін егіп, мал шаруашылығын дамытып, ертеңгі күніне, өздерінің Көшбасшысына сеніммен қарайды, өйткені, Елбасының саясаты жасампаздық пен жетістікке бағытталған», – деп атап өтті Жалағаш ауданының фермері Әліби Бекжанов.
Қызылорда облысының тұрғындары 26-сәуір күні Ұлт Көшбасшысына дауыс беретіндіктеріне сендірді, өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің кепілі болып табылады.
ҚКХП ұсынған Президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов Өскеменде «Защита локомотив жөндеу ДЭПО-сы» жұмысшылар ұжымымен кездесті. Кездесу барысында кандидат Т.Сыздықов өзінің сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарымен таныстырды.
Кездесу кезінде кандидат батыстық стандарттар мен тұтынушылық мәдениеттің теріс ықпалына тоқталып өтті.
«Бүгін буындары қатып үлгермеген әлемнің барлық жастары батыстық киімдерді киеді, шетел әуендерін тыңдайды, голливуд фильмдерін және сериалдарды көреді. Мұның барлығы – жай бос уақыт өткізу емес, бұл тұтыну мәдениетінің жалпыға бірдей таралу үрдісі.
Дәстүрлі адами құндылықтарды насихаттауды жоққа шығарып, жат үлгілер мен өмірлік шарттарды көзсіз көшіру адамилықтан ауытқуға, жекелей енжарлыққа, жалпы материализм мен азаматтық немқұрайлылыққа әкеледі», – деп атап өтті кездесуде Тұрғын Сыздықов.
Президенттікке кандидаттың ойынша, жаппай интернет арқылы таратылып отырған батыстық өмір мәнінде қатыгездік, енжарлық, немқұрайлылық, іс-әрекетке деген жауапсыздық белгілері жатыр.
Мұндай жаппай шектеусіз өмірлік қағидаттар кез келген ұлттың құлдырауына алып келеді.
«Батыс сән үлгісінің ең қауіпті көріністері – компьютерлік ойындар, фильм-блокбастерлер, сапасыз әдебиет арқылы кең таралған зорлық-зомбылық, қаталдық культтері. Шектеулі тұтынушылыққа тәрбиелейтін жаппай зорлық-зомбылық насихаты жастарды өз торына түсіріп, ақыл-есінен, адамгершілік қасиеттерден айыруда. Сол арқылы адам өмірі құнсызданып барады. Әрбір екінші батыстық фильм, бейнеклип немесе әуеннің астарында қатыгездік, енжарлық, немқұрайлылық, іс-әрекетке деген жауапсыздық белгілері жатыр», – деді Т. Сыздықов.
Одан әрі сөзді облыстық сайлауалды штабтың жетекшісі Ш. Байдәулетов алды. Ол қатысушыларға сайлауалды науқан кезіндегі үгіт-насихат туралы айтып берді.
Президенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов «Тұран-Астана» студенттерімен және ұстаздарымен кездесті.
Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов жиынға қатысушыларды экологияның қазіргі проблемаларын қозғайтын сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды.
Студенттермен және ұстаздармен кездесу кезінде кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан да экологиялық тақырыптың өзектілігіне тоқталды.
ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың Астана қаласындағы республикалық штабында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс президент сайлауын бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының басшысы Корнелия Йонкермен кездесті.
Кездесу барысында ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов ЕҚЫҰ өкілдерін республикалық штабтың жұмысымен таныстырып, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретіндегі болашақ жоспары жайында әңгімелеп берді.
«Бүгінге дейін 5 аймақты аралап, Астана қаласында бірнеше кездесу өткізіп үлгердік. Жалпы алғанда, сайлаушылармен 12 кездесу өткізіп, онда сайлауалды бағдарламаммен таныстырдым, сайлаушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап бердім», – деді Ә. Құсайынов.
Сонымен қатар, Президенттікке кандидат Ә. Құсайынов аймақтық сайлауалды штабтарында 200-ден аса сенімді тұлғасы жұмыс істеп, олар да сайлаушылармен кездесу өткізіп, сондай-ақ, өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарын түсіндірумен айналысатынын атап өтті.
ЕҚЫҰ өкілдерімен кездесу барысында Президенттікке кандидат Ә.Құсайынов осы жылдың 20-сәуіріне жоспарланған Астанада өтетін аймақтық сайлауалды штабтарының слеті туралы айтып, ЕҚЫҰ өкілдерін аталмыш іс-шараға қатысуға шақырды.
Ержан Әбіш