Саясат

Сенаторлар да рухтанып қайтты

Абай елі қашан да келген қонағын кең құлашын жайып тұрып қарсы алатыны алты алашқа аян. Әсіресе қарт Семейден бастау алып, Күшікбай батыр кесенесінде сәл аялдаса, қасиетті даланың саф ауасын жұта отырып, ерекше рухты сезінетін сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Сол қара жол, дара жол бойымен жүре берсеңіз, небір тарихи орындар арқылы Қарауылдан бір-ақ шыға келесіз. Дәл осындай сапармен жүре отырып, ғажап күйге енген ауданымыздың бұл жолғы сыйлы қонақтары ұлы дала көрінісіне ерекше таңдана да тамсанып кетті.

Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай атқарылған іс-шаралардың жай-күйімен танысу мақсатында Парламент Сенатының ғылым және әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы бастаған Нариман Төреғалиев, Бақытжан Жұмағұлов, Нұртөре Жүсіп, Алтынбек Нұхұлы келіп, бабалар жолымен жүріп қайтты.

Парламент Сенатының депутаттары алдымен Қасқабұлақ ауылына тоқтап, ауылдағы М.Әуезов атындағы орта мектеп және мектеп жанындағы интернатпен танысты. Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясында облыс басшысы Даниал Ахметовтің ақын елін айрықша қолдауының, аудан басшысы Жарқынбек Байсабыровтың жүйелі жұмыстарының арқасында жүзеге асырылған, Абай есімімен тығыз байланысты тарихи орындарға жасалған жұмыстарды көруге ниетті болған депутаттар әуелі ұлы Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлаққа тоқтап, сапалы жасалған жұмыстарды көріп, оң баға берді.

Еліміздің тарихындағы маңызы бар киелі орын – Ақшоқы мекеніне жетіп, қорым басында Құнанбай әулетіне құран бағыштап, жаңадан бой көтерген Құнанбай Өскенбайұлының музейіндегі тұлғаның еңбегін дәріптейтін және сол дәуірдің көрінісін сипаттайтын құнды және бағалы жәдігерлермен танысты.

Бабалар рухы мәңгілікке тыныстаған Жидебайдағы жаңа заман талабына сай жаңарған «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешенін, ақынның мұражай-үйін және тұрмыстық-мәдени кешенді аралап, жұмыстардың жоғары деңгейде атқарылғандығын көріп, көңілдегі ризашылықтарын білдірді.

Жидебайдан шығып, Қарауыл ауылына жетіп, Абай алаңындағы ұлы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып,  баба рухына тағзым етті. Сонымен қатар ауылдағы жаңа «Абай саябағын» тамашалап және саябақ жанынан «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты.

Жаңадан салынған мектеп ішіндегі робототехника, ІТ технология, мультимедиялық журналистика, виртуалды шындық кабинеттерін көріп, оқушылар үшін жасалған жақсы жағдай үшін қуанышты екендерін білдірді.

Сенатор, Абайдың 175 жылдығын өткізу жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Бақытжан Жұмағұлов: «Абайға деген қызығушылық, махаббат таусылмайды. Өйткені үлкені болсын, кішісі болсын мұнда Абай өлеңдерін жатқа оқиды. Ақын өмірі туралы толғақты сөз айтады. Бұл жер патриоттық рух алудың қасиетті жері екен. Осыны көріп, сезініп қайттық», – деп аталмыш іссапар жайлы өз ойын жеткізді.

Парламент Сенатының депутаттары аудандағы ел игілігі үшін жасалынған жұмыстардың барлығына оң баға беріп, ұлылар елінің кемелденуіне, өрлеуіне деген ақжарма тілектерін білдірді.

Бурхан Мұратов,

Абай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы

Осы айдарда

Back to top button