Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар былтыр қаңтар айында болған қайғылы оқиғаға қатысты Бас прокурор мен құқық қорғау органдары басшыларының ақпаратын тыңдады. Аталған іс-шара осымен екінші рет ұйымдастырылды.
Бұл «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының сауалына ауызша жауап болды. Отырыс Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды. Негізгі баяндаманы еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов жасады.
Бас прокурор бұл оқиғаны мемлекеттік төңкеріс әрекеті деп бағалады және тергеу аяқталуға жақын екенін мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінде болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталды.
– Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жоғары лауазымды тұлғалар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері болған. Барлық қаза тапқандардың кім екенін, олардың қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздестіру жұмысы жалғасып жатыр, – деді Берік Асылов.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов тәртіпсіздік барысында ұсталған 255 адам жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша босатылғанын хабарлады.
– Полиция қаңтар айындағы оқиғаларға байланысты 4623 қылмыстық істі тергеді. Оның көпшілігі кісі өлтіру (91), ұрлық (2504), қару-жарақтың заңсыз айналымы (440), вандализм (368), бөтен адамның мүлкіне қасақана зиян келтіру (188), – деді министр.
Отырыста қаңтардағы оқиғаларды тәуелсіз тергеумен айналысатын қоғам белсенділеріне, сондай-ақ оқиғаның бел ортасында жүріп, сол күндердің тікелей куәгері болған полицейлер, дәрігерлер, кәсіпкерлер және еріктілерге сөз берілді. Депутаттар баяндамашылар мен құзырлы мемлекеттік органдар өкілдеріне халық көкейінде жүрген өзекті сұрақтарды қойды. Еділ Жаңбыршин қақтығыс кезінде бұрмаланған фейк ақпараттар бірнеше мақсатта таралғанын атап өтті.
– Қазақстан халқының, халықаралық қауымдастықтың алдында Президенттің беделін түсіру. Елімізде атқарылып жатқан саяси және экономикалық трансформациялар ескі билікке тиімсіз екені даусыз. Сондықтан мұндай жалған ақпарат тарату арқылы оң өзгерістерге халықты қарсы қойып, кедергілер келтіру, – деді депутат.
Депутат Ерлан Саиров қаңтардағы оқиға жүйелі әділетсіздіктен шаршаған азаматтардың бейбіт наразылығынан басталғанына назар аударды.
– Азаматтардың бейбіт, әділ талаптарын реваншистер өз мақсатында пайдаланып кетті. Олардың саяси-экстремистік арандату іс-әрекеттерінің салдарынан жаппай тәртіпсіздікке жол берілді, мемлекеттік органдарға қарулы шабуыл жасалды, Алматы мен басқа да қалалар зардап шекті, – деді Ерлан Саиров.
Отырысты қорытындылай келе, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттарға Қаңтар оқиғасы билікті басып алудың мұқият жоспарланған әрекеті екенін анық дәлелдейтін фактілер ұсынылғанын атап өтті. Ал оны ұйымдастырушылар адамдарды және бейбіт митингілерді пайдаланып кеткен.
– Бұл, ашығын айтқанда, Тәуелсіздікке жасалған қастандық болатын! Бірақ Президентіміздің ерік-жігері, халқымыздың ақыл-парасаты мен бірлігі, қатардағы полицейлердің, дәрігерлердің, еріктілердің ерлігі арқасында біз мемлекеттігімізді қорғап, бейберекетсіздікке жол бермедік, – деді Ерлан Қошанов.
Басқосу соңында Мәжіліс төрағасы Қаңтар оқиғасының болашақта қайталанбауы үшін сабақ алу маңызды екеніне мән берді. Жиын республикалық телеарна мен интернет арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Жалпы отырыс алдында тергеу барысында табылған қару-жарақ көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ көрмеге тәртіпсіздік кезінде полицейлердің бүлінген киімдері – қалқандар, бас киімдер, оқ өткізбейтін кеудешелер қойылды.
рarlam.kz
Қаза болғандардың рухына тағзым ету – азаматтық парыз
Бүгін Қасіретті қаңтар оқиғасына бір жыл толып отыр. Елдігімізге қауіп төндірген бұл оқиға тарихымыздың қайғылы парағы ретінде жазылды.
Сол кезде шеруге шыққан халықты өз мүдделеріне пайдаланғысы келген қылмыстық топтың мақсаты қандай болғаны қазір анықталып жатыр. Олар арандату арқылы ел іргесіне сызат түсіріп, жымысқы әрекеттерін іске асыруды көздеді. Алайда елдің бірлігі мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың батыл шешімдерінің арқасында біз бұл сын-қатерді еңсеріп, кешенді реформаларды қолға алдық. Соның аясында халықтың әділеттілікке деген талабы мемлекеттік саясаттың негізгі тірегіне айналды.
Қазіргі таңда әділеттілік қағидасын өмірдің барлық саласына енгізу үшін табанды жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы ортақ мақсатты іске асыруда бізге ұлт болып ұйысу қажет. Бұл – мемлекеттілікті нығайту және қасіретті күндердің қайталанбауы үшін аса маңызды міндет. Шын мәнінде, біз осы оқиғаны әрдайым санада сақтап, одан сабақ алуға тиіспіз. Қаңтарда қаза болғандардың рухына тағзым ету – біздің азаматтық парызымыз. Бұл – еңселі елдіктің және бекем бірліктің белгісі. Енді тарихымызда мұндай қайғылы оқиғалар ешқашан қайталанбасын.
Мәулен Әшімбаев,
Парламент Сенатының төрағасы
Басты мәселе мемлекеттігімізді сақтап қалу болды
Осыдан бір жыл бұрын қайғылы Қаңтар оқиғасы болды. Сол күндері теріс күштер бейбіт шерулерді пайдаланып, жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, мемлекеттік төңкеріс жасауға тырысты. Олардың басты мақсаты – жүргізіліп жатқан жаңашылдықтарға тосқауыл болып, ескі тәртіптерді сақтап қалу еді.
Сол сәтте еліміздің хаос пен анархияға түсу қаупі төнді. Әр минут маңызды еді. Бұл уақытта басты мәселе мемлекеттігімізді сақтап қалу болды. Азаматтардың бірлігі мен Президенттің шешуші әрекетінің арқасында мемлекеттік төңкеріс болмады. Біз үлкен апатты болдырмай, жағдайды тұрақтандыра алдық.
Мұндай дағдарыстарды бастан өткерген мемлекеттердің билігі әдетте жағдайды жабық ұстауға, саяси жүйені мығымдауға немесе қатаң тәртіп енгізуге тырысады. Бұл орайда, еліміздегі либерализация мен демократияға бағытталған қозғалыс тоқтап қалмады, керісінше ол үдей түсті.
Президенттің бастамасымен елімізде қарқынды және жан-жақты жаңғырту процесі басталды. Мемлекет басшысының стратегиялық бағыты қоғамның қолдауына ие болды. Мұны Конституциялық референдум мен кезектен тыс Президент сайлауының нәтижелері дәлелдейді.
Енді біздің алдымызда қоғам бірлігін сақтай отырып, жоспарланған реформалар легін толық жүзеге асыру міндеті тұр.
Ерлан Қарин,
Мемлекеттік кеңесші