Әлеумет

Жаңа Қанайда әлеуметтік қызмет көрсету орталығы салынады

Жаңа Қанай ауылында арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жаңа ғимараты салынады.

Ұлан ауданының Жаңа Қанай ауылындағы қазіргі психикалық денсаулық орталығы ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Қазір корпустар емделуге және тұруға жарамсыз. Ғимараттар ескірген, қазіргі заманғы талаптарға мүлдем сәйкес келмейді. Облыс басшылығы 1947 жылғы ғимараттарды жөндеудің мағынасы жоқ деп, жаңасын салуды шешті, деп хабарлайды Dıdar ақпарат

Орталық қамқорлық пен күтімді қажет ететін психикалық ауытқулары бар адамдар үшін баспана болып табылады және шағын елді мекен тұрғындарына жұмыс орындарын ұсынып отыр. Ұйымда 102 адам жұмыс істейді, олардың барлығы – Жаңа Қанай ауылының тұрғындары. Олар – үш дәрігер, 28 орта медициналық қызметкер, қалғандары – техникалық қызметкерлер. Жаңа Қанайда 465 адам тұрады. Әр отбасында осы орталықта істейтін адам бар екені белгілі.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында атап өткендей, мекеме кезегіне 125 адам тұр. Алайда, қазіргі уақытта корпустар көп адамды қабылдай алмайды.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев Ұлан ауданына жұмыс сапары барысында орталыққа барып, нақты мәлімдеме жасады, қысқа мерзімде жаңа нысан салу керектігін тапсырды. Ол аудан әкімдігі мен облыстық құрылыс басқармасына заманауи санитарлық және құрылыс нормаларына сәйкес келетін жобаны әзірлеуді жүктеді. Ғимараттың бір қабатты және «П» әрпі түрінде болатыны белгілі, сонымен қатар ауланы серуендеу үшін жабдықтау қажет. Әкімдік off-take келісімшарты бойынша өз есебінен ғимарат тұрғызып, оны мемлекетке сата алатын кәсіпорынмен ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыратын болады. Мұндай тәжірибе «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша бар.

Облыстық құрылыс басқармасы барлық қажетті құжаттама болған жағдайда орталыққа арналған ғимаратты бір маусымда салуға болатынын хабарлады. Қазір орталық облыстық денсаулық сақтау басқармасының теңгерімінде. Бірақ онда белсенді медициналық емдеуді қажет етпейтін адамдар тұратындықтан, жаңа ғимарат жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына бағынатын болады. Мекеменің атауы да өзгереді. Ол Жаңа Қанай арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болып аталады.

Осы айдарда

Back to top button