Саясат

Онлайн дауыс берудің негізін қалады

Nur Otan партиясының төрағасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастама көтеріп, 2020 жылдың 17 тамызы мен 3 қазаны аралығында партияішілік іріктеу – праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойғаны белгілі. Елімізде алғаш рет өткізілген, мемлекеттің бұдан арғы қарышты даму жолында қызмет ететін білімді де білікті кадрларды іріктеуді мақсат тұтқан сол маңызды шара 4 қазанда соңғы мәресіне жетті. Еліміздің өзге өңірлерімен қатар біздің аймақ та праймеризге үлкен жауапкершілікпен қарап, өте белсенділікпен қатысты.

1 қазаннан 4 қазанға дейінгі аралықта елімізде Nur Otan праймеризінің үшінші қорытынды кезеңі – партия мүшелері арасындағы сайлау өтті. Алғашқы екі күнде сайлау ұялы қосымшалар және primaries.kz. сайты арқылы онлайн өткізілді. Облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметов те онлайн дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Әдеттегідей облыста Өскемен мен Семей қалаларындағы сайлаушылар жоғары белсенділік танытты.

Бірінші күні Nur Otan партиясының партияішілік праймеризіне қатысушы үміткерлерге дауыс беру үшін облыс бойынша дауыс беру учаскелері өз жұмыстарын таңғы сегізден бастап кетті.

Мәселен, Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханада орналасқан №3 дауыс беру учаскесінде алғашқылардың бірі болып Nur Otan партиясы Өскемен қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Жақсылық Омар өз таңдауын жасады.

Онлайн дауыс беру Семейде де белсенді өтті. Екі күнде 70%-дан астам партия мүшелері өз пікірлері бойынша лайықты деп санаған кандидаттарына дауыстарын берді. Ал таңдау жасаудың үшінші күні – 3 қазанда партия мүшелері сайлау учаскелерінде дауыс берді. Сайлау учаскелері Семейде 12 болса, олардың 10-ы қала аумағында, бір-бірден Приречное, Қайнар ауылдарында орналасты. Сайлау электронды түрде өткізілді, барлық учаскелер кабинкалармен және ноутбуктармен жабдықталды.

– Әр кабинкада бір ноутбуктан, сонымен қатар есеп комиссияларында да жеке ноутбуктан болды. Дауыс беруге ниет білдірген партия мүшелері учаскелік есеп комиссиясына келіп, өз құпия сөздерін алып дауыс берді. Сайлау туралы ақпараттар ашық түрде, дауыс берген партия мүшелері сайттан қай кандидаттар қанша дауыс алғандарын көріп отырды, – деді Nur Otan партиясы Семей филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айнұр Арғынбекова.

Семейде барлығы 118 праймериз қатысушысына дауыс берілді. Дауыс беру нәтижесіне орай ресми аккаунттарда кандидаттардың рейтингтері орналастырылды.

Сондай-ақ дауыс берудің алғашқы күнінде Nur Otan партиясы жақтастар лигасының мүшесі, Еуразиялық интеграция институтының директоры Ерлан Сайыров өңірде іс-сапармен болып, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың, Ұлан, Глубокое аудандарының праймеризге қатысушылармен кездесу өткізді.

Праймеризге қатысты тағы бір айтар жайт, өңірде сайлаушылардың онлайн және веб-сайттар арқылы, сонымен қатар мобильді қосымша арқылы дауыс беру белсенділіктерінің тым артуына байланысты бүкіл еліміздегідей сайлаушылардың дауыс беру уақыты тағы бір тәулікке, яғни 2020 жылдың 4 қазаны, сағат 14.00-ге дейін ұзартылды.

Аймақта бұл күні барлығы 221 сайлау учаскесі таңертең сегізде ашылды. Оларда 1200-ден астам комиссия мүшелері жұмыс істеп, сайлаушыларға дауыс берудің бірнеше баламасы ұсынылды. Ақпараттық жүйедегі техникалық жүктемелерге байланысты өз дауыстарын бере алмаған партиялықтар аталған учаскелерде қайтадан өз таңдауларын жасауға мүмкіндік алды.

Облыс орталығында бұл күні он сайлау учаскесі жұмыс істеді. Мәселен, №3 сайлау учаскесінің төрайымы Айжан Қабдуллинаның айтуынша, дауыс беру қазіргі пандемия жағдайында барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып, өткізілген.

­ – Барлық процесс ашық әрі жариялы түрде өтті. Егер заң бұзушылықтар орын алғанда жедел әрекет етуге әзір болдық, – дейді Nur Otan партиясы Өскемен қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Серік Оразбайұлы.

Бұл аталған учаскеге қаладағы Лев Гумилев атындағы №38 мектеп-гимназияның қазақ тілі пәнінің мұғалімі, мемлекеттік тілде мүдірмей сөйлейтін Надежда Шушаникова бірінші келіп өз таңдауын жасады.

Сондай-ақ қаладағы № 5 сайлау учаскесінде түске дейін жиырма адам дауыс беріп үлгерді, оның төрағасы Ольга Филатованың айтуынша, сақтық шаралары толық сақталып, барлық адамдар қорғаныш құралдары – бетпердемен, қолғаппен қамтылған. Дәл осындай тәртіптегі дауыс беру науқаны облыстық драма театрда орналасқан №1  сайлау учаскесінде де байқалды. Бұл жерде жас ұрпаққа сапалы білім беруді өз бағдарламасына енгізген кандидатқа  жастардың  көбірек дауыс беріп жатқанын байқадық.

– Алыс ауылдарда орналасқан, интернет байланысы жоқ 62 сайлау учаскесінде дауыс беру дәстүрлі түрде бюллетеньдер арқылы берілді. Осы нұсқаны таңдаған он мың адамның 25 пайызы сағат онға дейін дауыс беріп үлгерді. Еліміз бойынша дауыс берудің тағы бір тәулікке ұзартылғаны дұрыс шешім болды, бұл барлық партиялықтарға өз үміткеріне дауыс беру үшін жасалып отырған тамаша мүмкіндік, – деді партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары, праймериз бойынша облыстық есеп комиссиясының төрағасы Серік Жеңісов.

Осылайша, екі айға жуық бүкіл еліміз бойынша үлкен де жауапты науқанға айналған партияішілік праймериз өңірдің барлық қала-аудандарында үлкен жауапкершілікпен өткізілді. Ешқандай заңға қайшы әрекеттер мен өзге жағдайлар тіркелген жоқ. Жеңімпаздар жайлы нақты ресми ақпарат 6 қазанда белгілі болмақ.

­***

Лебіздер

 Айбек Нұғымаров, Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры:

–  1 қазаннан басталған Nur Otan партиясының праймериз үміткерлеріне онлайн түрде дауыс беру сәтті өтті. Маңызды шешім қабылдап, дұрыс таңдау жасадық деген ойдамын. Мен де Nur Otan партиясының республикалық Саяси кеңесінің мүшесі ретінде өзімнің дұрыс таңдауымды жасадым деп есептеймін. Жеңімпаздарға болашақта өз бағдарламаларын жүзеге асыруда сәттілік тілеймін.

Надежда Шушаникова, Өскемендегі Лев Гумилев атындағы №38 мектеп-гимназияның қазақ тілі пәнінің мұғалімі:

– Онлайн дауыс бере алмадық, себебі қатысқан адам саны өте көп болды. Соған орай бірнеше рет әрекет етсек те, сайт ашылмады. Бірақ дауыс беру азаматтық парызым болғандықтан, арнайы осында келдім. Мұнда еш қиындық болмады, комиссия мүшелері түгел отырды. Азаматтық парызымды тиісті деңгейде орындап, қалаған үміткерге өз таңдауымды жасадым. Праймериз партия үшін өте қажет деп санаймын. Әркім өзінің ауданы, қаласы, мемлекеті үшін таңдау жасауға тиіс. Бұл біздің мемлекетіміздің алдағы болашағы үшін өте қажет.

Ерлан Сайыров, Nur Otan партиясы жақтастар лигасының мүшесі, праймериз бойынша бақылаушы, Еуразиялық интеграция институтының директоры:

–    Мемлекетті басқарудың өзі өнер, оны әр адам өз жүрегінде сезінуі керек. Праймериздің басты мақсаты – жастарға дұрыс бағдар беру. Осы тұрғыда мен Шығысқа келген сапарымда С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың, Ұлан, Глубокое аудандарының праймеризге қатысушылармен кездесу өткіздім. Адам дебатқа қатысып, халықпен тілдесіп, орын алған мәселелерді шешу жолдарын қарастырса, ол тұлға ретінде қалыптасатын болады. Бірнеше кезеңдерден өтіп, осындай деңгейден депутаттар шығу керек деп ойлаймын.  

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button