Қоғам

Пластик бөтелкелерге арналған жәшіктер қоқысқа толып кетті

Пластик бөтелкелерге арналған жәшіктер қоқысқа толып кетті


Қаланың халық көп орналасқан орталық аудандарына бірнеше жасыл жәшіктер арнайы орнатылған еді. Бұл темір жәшіктер арнайы тапсырыспен жасалған. Онда тек сусындардан босаған пластик бөтелкелерді ғана салу керектігі ескертіліп, анық жазылып-ақ тұр. Бірақ қала тұрғындары жәшік ішіне бөтелке ғана емес, қағаз-қапшық, бүкіл қоқыс атаулыны лақтырып, толтырып тастауда деп дабыл қағуда кәсіпкерлер.

– Біз Теміртау қаласының зауытымен келісімшартқа отырған едік,-дейді Семей қаласындағы «EcoSem» жобасының директоры Арсен Құдабаев – жиналған пластик бөтелкелер қайтадан өңдеуге жіберіліп, жаңа өнім өңдеп шығаруға мүмкіндік береді. Бірақ міне, көріп отырсыздар, жәшікте ойыншықтар, балмұздақтың қағаздары, темір-терсек, бәрі үйіліп жатыр. Ал біз алдағы уақытта қаланың басқа аудандарына да осындай жәшіктер қоймақшымыз. Өйткені қаланың әр бұрышы бұл күндері қалай болса солай лақтырылған бөтелкелерге толып кеткен. Әр бөтелке шіріп кетуі үшін 100 жыл керек екен. Бұл ең алдымен қала тазалығы үшін және қайта өңдеу саласын жандандыру үшін қажет.

Айта кету керек, Семейде қоқыстарды шетелдегідей талғап жинайтын жоба іске қосылған-ды. Бірақ жергілікті халық мұны әлі түсіне алмай жүрсе керек. Қазіргі уақытта М. Әуезов алаңында, Түйемойнақ аралында, Жеңіс сквері мен Ескі жағалауда пластик бөтелкелерге арналған контейнерлер жаңадан орналастырылды. Жоба авторлары Арсен Құдабаев пен Қалибек Елемесовке ойға алған мақсаттарын жүзеге асыру үшін «Eurasia Agroinvest» ЖШС мен Шәкерім университетінің ректоры М. Ескендіров көмектескен. Контейнер жәшіктер «Хазипов» ИП-сында дайындалып жасалған екен. Алдағы уақытта қала бойынша осындай 100 жәшік қою жоспарда тұр.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button