Қоғам

Ойлаған меже орта жолда орындалды

Ойлаған меже орта жолда орындалды


Көрме басталғалы, Астанада әуе қатынасы арта түскен. Ал туристік компаниялардың қызметіне жүгінушілердің саны 78 пайызға көбейіпті.

ЭКСПО өтетін үш айда Астана аспанының ашық деп жариялануы бас қаладағы әуе рейстерінің санын 1,3 есеге өсіріп жіберген. Хельсинки, Будапешт, Варшава сияқты ірі қалалармен әуе қатынасы да биыл ғана орнап отыр. Тіпті, Африкадағы шағын мемлекет, Гамбияның өзі Астанаға екі араны жалғайтын рейс ашуға ұсыныс тастады. Қазір елордаға күн сайын жеті мың адам ұшақпен ұшып келуде. Ал жолаушы көлігімен әр күнде 16 мың қонақ ағылуда. Маусым айынан бері қала қазынасына түсетін салық түсімінің көлемі 2,5 есеге артып отыр.

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, көрмеден күткен негізгі жетістіктер алғашқы екі айдың өзінде-ақ орындалып жатқан көрінеді. Компания таратқан соңғы дерек бойынша көрмеге келушілердің саны 2 102 692 адамға жеткен. Ал көрмеге кіру көрсеткіші 16 миллионға жетіп, үш айға жоспарланған межеден бес есе асып кетті.

Әлем жұлдыздары – «Астана Аренада»

Ойлаған меже орта жолда орындалды

Ардагер аяқдопшылардың басын қосқан «ЭКСПО кубогы» турнирі астаналық футбол жанкүйерлерін ескі кумирлермен қауыштырды. Жарыс жүлдесін Португалия, Италия, Германия, Қазақстан, Ресей және Әлем құрамасы сарапқа салған болатын. Дино Баджо, Нуну Манише, Жан-Пьер Папен, Джереми Нжитап, Яри Литманен, Валерий Карпин тәрізді футболшылардың қатысуы бұл шараға көз сүзгендердің санын арттыра түсті. Ойыншыларының жасы алпыстан асқан Германия және Италия құрамалары турнирдің соңғы орнында қалса, кубокты ең жас команда жасақтап әкелген ресейліктер қанжығасына байлады. Ресей ардагерлерінің арасында спорттық мансабын өткен жылы ғана яқтаған Роман Широков сынды ойыншылардың болуы көп жағдайды аңғартса керек.

Тостағанға тиын тастай өтіңіз

Ойлаған меже орта жолда орындалды

Осы аптада барлық ақпарат құралдары көрме аумағында өзіндік ырым-дәстүрлер пайда болғанын жарыса жазды. Соның бірі – «Нұр Әлем» сферасындағы алып тостағанға тиын тастау дәстүрі. Бұл бастаманың қай күні және қалай пайда болғаны да белгісіз. Ұйымдастыршуылар түскен ақшаны балалар үйіне табыстау керек деген шешім шығарыпты. Жалпы, көрме барысында қонақтар ұмыт қалдырған дүниелердің бәрі қаладағы балалар үйіне табысталмақ. Жоғалған заттың иесі екі апта бойында іздеп келмесе, бірден балалар үйінің игілігіне жолданатын көрінеді. Субұрқаққа ақша тастау дәстүрі Еуропа мен Америкада кең тараған. Туристік маусымның қызған шағында Рим қаласындағы Треви субұрқағынан күніне 3 мың еуро сүзіп алынады. Ал Диснейленд субұрқақтарынан жылына 18 мың долларға дейін табыс түседі. Бұл ақшалар да қайырымдылық қорларына аударылады. «Нұр Әлемнен» әзірге екі мың теңгеден астам тиын сүзіліпті.

Күн қуатын тегін пайдаланатын елдер бар

Ойлаған меже орта жолда орындалды

Чилиліктер электр энергиясын ақысыз пайдаланады дегенге сенесіз бе? Аталмыш елдің өкілі Роберто Гонзалездің айтуынша, мұндай жағымды өзгерістер жиі болып тұрады. Чили – құрлықтағы күн мейіріміне ерекше бай елдердің бірі. Бұлтсыз маусымдарда күн электр стансалары өндірген энергия сұраныстан артып, ақысы нөлге теңеледі екен.

Жалпы, Латын Америкасы плазасында қуат көзін балама түрлерге түбегейлі бұрған елдердің тәжірибесі толығымен қамтылған. Бұл Қазақстан үшін өте пайдалы сабақ болмақ.

ЭКСПО-да ел ең көп бас сұғатын нысандар үштігіне енген Шелл компаниясының павильоны өте мазмұнды құрылған. Оның алдына «Нұр Әлем» мен сауда-саттық павильондары ғана түсіп тұр.

Ең танымал ойын

Мұндағы интерактивті экспонаттар әсіресе, балалар үшін тым қызықты. «Ойна да таны» қағидасына құрылған бұл экспонаттар жеткіншектердің қиялын болашаққа жетелейді. Өздерін НАСА-ның белді ғалымдарының орнына қойып, ғаламдық мәселелерді еңсеруге, адамзатты күтіп тұрған энергетикалық сын-қатерлердің алдын алуға бағытталған ойындар бала түгіл ересектерді де еліктіруде.

Павильондағы ең танымал ойын – «Электрлі футбол». Арнайы бағдарлама орнатылған допқа аяқ тиген сайын генератор ток өндіреді. Бұл ток ғимаратты жарықтандыруға және келушілердің ұялы телефонын қуаттауға жұмсалады. «Есі кеткен ғалымдар», «Өз планетаңды жаса» сынды ойындар да жас буынның инновацияға, білімге деген құштарлығын арттыруға бағытталған.

ЭКСПО еріктілерінің арасында «американдық келін» атанып кеткен Джулия Маклейн есімді азаматша жүр. Қытайлық қандасымыз Қаулан Құсайынхан америкалық қосағымен бірге ЭКСПО-ға ерікті ретінде қолғабыс тигізуді жөн санаса керек. Бір қызығы, бұл жұп алғаш Астанада танысқан екен. Ал қазір Калифорнияда өмір сүреді. Джули келінге қазақ тілін үйрену үшін бір жыл жеткілікті болыпты. Ағылшын тілінен бөлек қытай тілін жете меңгергендіктен, ерлі-зайыпты волонтерлар көбінесе қытайлық туристерге қызмет көрсетуде.

-Біздің ойымызша, ЭКСПО-дағы ең әдемі павильон – «Нұр әлем», – дейді Джулия.

Ойлаған меже орта жолда орындалды

National Geographic «Нұр Әлем» туралы

Джулияның бұл ойын National Geographic арнасы да құптайды деуге болады. Әйгілі арна «Нұр Әлем» сферасы жайында фильм түсіріп, 170 мемлекеттің назарына ұсынбақшы. «Мегақұрылыстар» сериясымен шығатын фильмдер тізбегіне «ЭКСПО-2017» көрмесінің басты нысаны да енуі Қазақстан үшін үлкен жетістік деуге болады. Бұл туралы National Geographic компаниясының вице-президенті Дебора Армстронг мәлім етті.

«Мегақұрылыс: Астана – болашақтың қаласы» деген атпен шығатын фильмде Хан-шатыр, Бәйтерек, Халықаралық әуежай, сондай-ақ, жаңа теміржол вокзалы сияқты Астана қаласының ерекше сәулет нысандары да көрсетіледі. Фильм барысында негізгі назар әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат – «Нұр Әлем» павильонына аударылады.

Туындының алғашқы көрсетілімі сегізінші тамыз күні сағат 16:00-де өтті. «Мегақұрылыс» бағдарламасы бұған дейін Дубай қаласындағы Бурдж-Халифа, Куала-Лумпур қаласындағы Петронас, Ла-Манш бұғазы астындағы Еуротуннель сияқты әлемдік ірі ғимараттардың құрылысына және тарихына шолу жасаған болатын.

Әлем боксына Қазақ есімімен танылған Қанат Ислам ЭКСПО аясында өткізетін кездесуге дайындықты Астанада жалғастырмақ. Бұл жекпе-жек қыркүйектің тоғызына жоспарланған. Астанадағы «Сарыарқа» велотрегінде ғимаратында Қанат Ислам канадалық Брэндон Кукпен жұдырықтасады. 18 кездесудің 11-ін нокаутпен жеңген боксшы Қанатпен бірінші орта салмақтағы IBF титулына үміткерлікке таласады. Осы кеште Қанаттан бөлек сегіз қазақстандық боксшы өнер көрсетеді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button