Қоғам

Қос мемлекеттің министрлері маңызды мәселелерді талқылады

Қос мемлекеттің министрлері маңызды мәселелерді талқылады


Өскемендегі «Алтай» технопаркінде еліміз бен Ресей Федерациясы Ішкі Істер министрліктерінің бірлескен алқа отырысы өтті. Алқа жұмысына екі мемлекеттің Ішкі істер министрлері Қалмұханбет Қасымов пен Владимир Колокольцев, олардың орынбасарлары, ішкі істер органдары қызметтері мен шекаралық бөлімшелердің басшылары, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

– Барлық мемлекет тыныштық үшін мүдделі. Себебі, бейбіт өмір, тыныштық орнамаған елде ешқандай реформа, экономикалық өрлеу болмайды, – деді жиынды ашқан сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Делегация басшылары екіжақты ведомствоаралық ынтымақтастықтың дамуына жоғары баға берді. Былтыр Астрахань қаласында өткен бірлескен алқаның алғашқы отырысындағы шешімдердің, оның ішінде қылмыстарды алдын ала тергеуді жүзеге асыру барысындағы ынтымақтастықты жандандырудың ойдағыдай жүзеге асырылып жатқандығы сөз болды. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов қылмыспен күрес мәселелері тұрғысындағы министрліктер арасындағы қарым-қатынас сапасы жоғары дәрежеге жеткенін атап айтты.

Отырыс барысында экстремизмге қарсы күрестегі екі мемлекеттің ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланып, террористік және экстремистік сипаттағы қылмыстарға қатысы барлар мен іздеудегі адамдар туралы ақпарат алмасу, экстремистік және террористік ұйымдар туралы мәліметтер алмасуды жандандырудың жолдары белгіленді.

Сонымен қатар кездесуде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында ішкі істер органдарының екіжақты қарым-қатынастарының қазіргі жай-күйі мен келешектегі мәселелері және оны жетілдіру шаралары қаралды. Алқа отырысында қос тарап өкілдері автокөлік құралдарын тіркеу және есептен шығару, тіркеу және жүргізушілік құжаттарын беру туралы мәліметтермен жедел алмасуды жандандыру жолдары, сондай-ақ, ұрланған көлік құралдарын және оларды ұрлауға қатысы бар адамдарды іздестіру бойынша жедел-іздеу іс-шараларын жүзеге асырудағы қарым-қатынастар жайында да алмасты.

Екі елдің министрліктерінің бірлескен алқасының екінші отырысының қорытындылары бойынша делегация басшылары экстремизмге қарсы күрес және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға бағытталған маңызды шешімдерге қол қойып, бірлескен алқаның 2017 жылғы жұмыс жоспары бекітілді.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button