ҚОРҒАУШЫСЫ ЖОҚ ЕЛ ЖЕТІМ («Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаяттан үзінді)
Семей полигонының өркөкірек бастықтары Абыралы ауданының қомақты жерін екі мәрте емін-еркін иемденгенін қанағат етпеген. Соншама дандайсуға Қазақстан КП ОК-ның секретарьлары Ж.Шаяхметов, П.К.Пономаренко. Л.И.Брежнев, И.Д.Яковлев, Н.И.Беляев, И.Юсупов және үкімет төрағасы Д.А.Қонаев ешқандай қарсылық жасамаған. Кремльден қандай нұсқау түссе, сол сәтінде мүлтіксіз орындаған.
Х.К.Байболатовтың Семейдегі Өлкетану мұражайында сақтаулы естелігінің 14-бетінде мынадай ақпар бар: «1956 жылдың август айында болған облыстық партия комитетінің пленумынан кейін облаткомның төрағасы Мұқаш Хасенов Шұбартау аупарткомының бірінші секретары Кәрім Нұрбаевты және атқару комитетінің төрағасы мені кабинетіне шақырып (Х.Байболатов Абыралы ауданын таратардан бірнеше ай бұрын осы өңірге ауыстырылған – М.С.), КСРО Қарулы Күштер министрінің талабы бойынша, әскери полигонға Абай және Шұбартау аудандарының жері түгелдей берілетінін, сол жайында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің арнайы қаулысы дайындалып жатқанын мәлімдеді. Біз ә дегенде, не дерімізді білмей тым-тырыс отырдық. Әлден уақыттан соң есімізді жиып: «Екі ауданның халқын қайда қаңғытасыз?» – дедік. Мұқаш марқұм бетіне сарт еткізген кекті сөзді жаратпай, «Жігіттер, жөнсіз даурықпаны доғарыңдар. Отан мүддесі талап етсе, үш аудан ғана емес, облыс жерін түгел береміз. Біздің кең-байтақ дала шетел империалистерінің қантөгіс тілеген қаскөй ниетіне тойтарыс жасауға қызмет ететін сынақ алаңына айналады…» – деп үстелді тарс-тұрс ұрды, сонсоң облыс картасын ашып, қарындашын әрлі-берлі сүйкектетіп зіркілдей сөйледі. – Абай ауданының оңтүстік шекарасындағы Арқат тауынан Аягөзбен жанасатын Ақшатауға дейінгі, яғни Шыңғыстаудың күншығыс пен түстігіндегі, іші-сыртындағы қалың ел мал-жанымен Жарма ауданына көшіріледі. Семейге ұрымтал тұсы Ново-Покров ауданына беріледі. Ақшатаумен іргелес отырған Құндызды ауылы, яки Жданов атындағы колхоз, Шұбартау ауданының Баршатас және басқадай елді мекендері Аягөз ауданына қосылады. Оған сыймаса, Сарыөзек стансасының төңірегіндегі игерусіз жатқан шөлейт далаға бірнеше шаруашылықты орналастыруға жоба әзірленуде…». Мен картадан Қайнарды нұсқап, «Мына мекендегі халықты қайтесіз? Бұлар да көше ме?» – дедім. «Иә, сенің көкейіңді тескен қайнарлықтарың, оның айналасындағы ауылдар түгел көшеді. Абыралының сыртындағы бұрынғы үш колхоздың жерін Қу ауданына біржолата береміз. Әлбетте көшкен жұрттың бәрі материалдық шығыны үшін Үкіметтен төлемақы алады, үй салуға да қаржы беріледі…» – деді Хасенов».
Семей облыстық атқару комитетінің 1956 жылғы тамыз айында әбігерге түсіп дайындаған қаулысы, тәубе дейміз, орындалған жоқ. Абай және Шұбартау аудандарын тарату туралы құпия қарардың кейінге шегерілгеніне екі түрлі себеп болған: бірінші, академик А.Д.Сахаров «Естеліктер» кітабындағы: «полигон территориясын пайда болған зиянды қалдықтардан тазарту жұмысының 1957 жылы аяқталмауы»; әрбір жарылыстан кейін сынақ алаңын, арнайы салынған құрылыстарды (дзоттар, қорғаныш жыралары, бекіністер, үйлер) радиация қалдығынан тазартып, қайсыбірін қайыра тұрғызу қажет (бұл жұмыс екі жарым жыл жүрген); екінші, мұны енді атажұртынан еріксіз көшетін елдің көз жасының тигеніне санаймын, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1958 жылғы сессиясында Н.С.Хрущев ядролық сынақты біржақты тоқтатып, мораторий жариялау туралы ұсынысы…
* * *
1953 жылдың күзінде Компартияның бірінші секретары болып Н.С.Хрущев сайланды. Содан бергі он жылда ол лениншіл қайраткер атанды. Шектеусіз әрекетін Никита Сергеевич Отан қорғанысын күшейту саласында да көрсеткен. «Ядролық қаруды цивилизацияның қас жауы деу – жаңсақ түйсік, солай дегендердің миы басында емес, нәжіске былғанған төменгі жағында…» – деген ащы мысқылды үлкен жиынның мінбесінен жариялап, халықаралық саясатта ядролық қаруды басты көзір ететінін ашық ескерткен (Қараңыз: Ульям Таубман, «Хрущев», М., «Молодая гвардия», «ЖЗЛ», 2005, 293-б.). Жантүршігерлік осы тұжырымнан ол «өзі би, өзі қожа» болған жылдарда (1954-1964) сірә да айнымаған. 1958 жылдың 23 маусымында АҚШ-тың Кеңес Одағына ниеті түзу десетін мемлекет қайраткері Аверел Гарриманды Кремльде қабылдау үстінде ол: «Батыс Германияның әкімшілік орталығы Боннды тас-талқан етуге біз бір-ақ бомба шығындаймыз, Англияны, Францияны, Испания мен Италияны жер бетінен біржола жоқ етуге – үш, иә төрт, ең көп дегенде бес бомба жеткілікті. Гарриман мырза, менің мәлімдемеме сенбесеңіз – алып екі елдің зымырандарының жүк көтеретін шама-шарқын салғастырыңыз. Американың зымыраны салмағы небәрі 22 фунт ядролық зарядты көтереді (ағылшын тілінде сөйлейтін халықтардың салмақ өлшемі, америкалық 1 фунт = 0, 453 кг-ға тең – М.С.), ал біздің ракета – 2860 фунтке мәу демейді!.. Сіз есеп-қисапқа жүйрік әрі ақылды адамсыз, осы салыстырудан туындайтын нәтижені өзіңіз шамалаңыз. Батыс Германияның аядай территориясын тас-талқан ету үшін бізге бар-жоғы 10 минут уақыт керек. Бір-ақ бомбамен Бонн мен Рур бассейнін тұншықтырамыз. Парижды жер бетінен жоқ етуге – және бір бомба шығындаймыз, Лондонға да небәрі бір бомба қажет. Ал Париж дегеніңіз – күллі Франция, Лондон да – әлемге атақ-даңқы әйгілі астана, соған қоса Англияның басты бекінісі. Париж бен Лондонды жер бетінен жоқ еткен соң, айбынды екі елден не қауқар қалады? Енді мына жайтты мән бере ойлаңыз: әлгі елдерді қару-жарақпен, доллармен қолдап, АҚШ бізді әскери базалармен алды-артымыздан қаумалап, қоқан-лоқы жасап отыр… Алда-жалда үшінші дүниежүзілік соғысты сіздер бұрын бастасаңыздар, маңдайға жазған тағдырға не шара? Кеңес Одағының бірнеше қалалары мен өндіріс орталықтары әп-сәтте күлге айналып, өзіміз де бәлкім мерт боламыз. Жарайды, мен сізге әскери құпияны ашайын, жер астындағы шахтыларға орнатылған зымырандар сол сәтте автоматты түрде оталып, иә, иә, біздің әмірімізді күтпей-ақ, басқару жүйесінде көрсетілген шетелдік нысаналарға өздері жетіп, кегімізді қайтарады. Бұл енді бес-он минуттың жұмысы. Ойланыңыз, осы құпияны кімге айтсаңыз да еркіңізде. Сіздердің есуас генералдарыңыз Берлинді әлей мықты танктермен және өздері сонда ұстап отырған 11 мың әскермен қорғаймыз деп бөсетін көрінеді. Шынымды айтайын: біздің бір бомба солардың бәрін генералдарымен бірге күл-талқан етеді, сөйтуден біз сірә да тайынбаймыз!..» – дегені өмірде болған әңгіме (У. Таубман, «Хрущев», 450-451 бб.).
Никита Сергеевич тумысынан төңкерісшіл әрі тызетпе әсердің адамы, кеңестік алып елге он жыл бойы айтқанын істетіп, бірегей билеуші атанған өркөкірек тұлға болғаны – Кеңес Одағының сол кездегі естияр қауымына мәлім. Шаршауды білмейтін, қажет десе, тәулікті 24 емес, 36 сағатқа «ұзартудан» тайсалмайтын ол сталиндік темір тәртіпке бас иген халыққа неше түрлі реформаларды аста-төк ұсынып, ең аяғында «Қазіргі кеңес халқы 80-жылдарда коммунизмнің алғашқы сатысына жетіп, рақат тұрмыста өмір сүреді» деген таңғажайып ертегімен де малдандырып бақты. Сол коммунизм қайда? Оның орнына біртоға тұрмысымызды оңды-солды сілкілеген капитализмге қайтып оралдық. Күлеміз бе, жылаймыз ба?..
Американың ЦРУ-ы 1953 жылдың алғашқы жартысында КСРО-да 200 ядролық заряд болатынын мәлімдеп, өз елінің президентіне ресми ақпар түсірген. Сол өндірістің басы-қасында жүрген академик А. Сахаров «Естеліктер» кітабында біздегі атом бомбаларының саны сол жылы 120 еді дейді. Сірә, соңғы дерек шындыққа жақын. Алайда, сол ақпардың астарында айтылмай қалған өкінішті шындық: сол бомбаларды АҚШ түгілі, Еуропа құрлығының батысына жеткізер алып ұшақ, иә оны көтеретін зымыран болмаған. Осы сәйкессіздікті білгенде, Никита Сергеевич, өзінің мойындауынша, көңіл күйі бұзылып, бірнеше тәулік бойы ұйықтай алмаған-мыс. Сөйте тұра, империалистермен тәжікеде өмірде жоқ сол зымырандарды бар деп, өзі жүргізген саяси үгітке ешбір қымсынбай пайдаланған. Сол үшін де әскери-теңіз және әуе кемелеріне жұмсалатын қыруар қаржыны кемітіп, олардан босаған ақшаны зымыран жасаушыларға бергізген. Королевтің қарауындағы конструкторлар бюросы ядролық бомбаның салмағы 270 тонна ең ауырын тасымалдайтын, биікке самғар қуаты да ересен әрі аса ұшқыр Р-7 зымыранын жобалап, 1956 жылдың қысында Еділге ұрымтал Капустин Яр алаңында сынауға кіріскенде, шыдамсыз Никита Сергеевич соны да әскерилер қолындағы дайын техника ретінде әйгілеп, шетелдіктермен келіссөздерде өзіне басты көзір еткен. 1960 жылдың қаңтарында Кремльде өткен жаңажылдық қабылдауда ол АҚШ-тың КСРО-дағы елшісі Томпсонға: «Францияны есін жиғызбай тұншықтыру үшін біз ядролық бомбаларды таситын 30 зымыранды бағыттап қойдық, Англияға да қасқағым сәтте 50 зымыран аттанады…» – деп кезекті қоқан-лоқыға кіріскенде, АҚШ елшісінің әйелі Джейн Томпсон ханым үрейленіп: «Ал бізге ше?» деп шошына сұрапты, Хрущев биязы жымиып: «Ол енді мемлекеттік құпия, мадам, айтуға қақым жоқ» – дегенін қалай түсінеміз Никита Сергеевичтің шетел дипломаттарымен кездескенде қолданған амалдарының бірі – осы, өзі әңгімелескен адамның кім екенін, лауазымын да ескермей, ойындағы қияли сөзді бүкпесіз жария ету. «Өмірімде мұндай имансыз дөрекіні кездестірген емеспін, – депті АҚШ-тың президенті Джон Кеннеди 1961 жылдың жазында өткен Венадағы саммиттен соң «Тайм» газетінің тілшісі Хью Сайдимен әңгіме үстінде. – Мен оған ядролық соғыс тұтанған алғашқы он минутта 70 миллион адамды жер бетінен жоқ етеміз, құдай тағала бізді сөйтуден сақтасын десем, Никита Хрущев: «Онда тұрған не бар, сол қырғыннан аман қалғандар Жер шарын қайтадан көркейте алады» деп маған сұстия қарады. Шошығаным сонша, одан әрі әңгімені жалғастыруға құлқым болмады…».
Хрущевтің сол кездесудегі мінез-құлқын кезекті қоқан-лоқыға жорысақ та, күзге таман Жер шарының екінші түкпірінде, Кәріп теңізінің жағасында өрбіген төтенше оқиғалар Кеңес үкіметі басшысының қызыл үгіттен нақты әрекетке көшкенін аңғартады. Нәтижесінде 41902 жауынгерден тұратын кеңес әскері Кубаға орналасып, Америка құрлығында КСРО-ның әскери жаңа плацдармын әзірлеуге кіріскен. Олардың қарамағында 1200 теңіз миліне дейін ұша алатын 36 жеңіл зымыран, 2200 теңіз миліндей шалғайдағы нысананы әп-сәтте тас-талқан етер 24 зымыран болған. Солардың әрбірінде 2-7 мың килотон ядролық зарядтар бар (Хиросимаға тасталған алғашқы атом бомбасынан 10, кейбірі 35 есе қуаттырақ ядролық зарядтар деп біліңіз). Соншама қару-күш Америка құрлығында социализм орнатпақ болған, жері шағын, халық саны азаң Кубаны АҚШ агрессиясынан қорғау үшін жеткізілген. Әлбетте зымырандық бес бөлімшеден құралған қомақты әскерді кішкентай аралда жасырып ұстай алмайсың. Пальма плантациясының іргесіне орныққан кеңес әскерін американдықтардың барлаушы У-2 ұшағы зымыран алаңдарын әзірлеуге кіріскен күні-ақ суретке түсіріп, штабқа жеткізген.
«Кәріп дағдарысы» атанған дипломатиялық текетірес осыдан соң өрбіген. Кеннеди мен Хрущевтің бірін-бірі уытты сөздермен түйреген, әрқайсысы өз елінің намысы мен ұстанымын қорғаған тартысы 1962 жылдың тамызында басталып, артық-кемі жоқ екі айға созылды. Бұл болса, жарылғыш дәрі салынған бөшкенің қасында тұрып, сіріңке тұтатқандай қатерлі сәт. АҚШ үкіметі сол жылғы қыркүйекте арнайы дайындықтан өткен 150 мың адамын әскерге шақырып, десант дайындаған. Ядролық қарумен жасақталған ұшқыр зымырандарын да Кубаға бағыттаған. АҚШ шекарасынан небәрі 140 шақырым жердегі аядай аралда бекінген Кеңес әскерлері ядролық соғысты бастау жөнінде әр минут сайын Мәскеуден бұйрық күткен…
Тәубе делік, алып екі ел арасындағы келіссөз 24 қазанда біріне-бірі күш көрсетпеуге жә дескен ымырамен аяқталды: Кеңес Одағы Кубадағы зымырандарын, әскерлерін әкететін болды; АҚШ президенті Фидель Кастро үкіметіне қарулы күш қолданбасқа кепілдеме берді (құпияда ұсталған келісімнің қосымша тармағында Кеңес Одағын ұрымтал жерден күйретуге арналған, Түркиядағы АҚШ базасындағы зымырандарын да басқа жерге әкетуге уәде еткен)…
* * *
Осы оқиғалардың бәрі де Семей іргесіндегі әскери зонада жиі жасалған ядролық сынақтар шетелдіктермен қырғиқабақ текетіресте басты көзір болып, шоқпар ретінде қызмет еткен. Зер сала үңілсеңіз, Сталин мен Берия жанталасқан әрекетпен өмірге келтірген істің Хрущев билік басына келген жылдарда бұрынғыдан да өрістеп, Кеңес Одағының Қарулы Күштерін атомдық қарумен қажетінше қамтамасыз етер шаралардың бәрі де жүзеге асқанын көреміз.
Әлбетте соның зардабын да Ертіс жағасындағы қалың ел тартты.
Медеу Сәрсеке
(Соңы. Басы 22 қаңтарда сайтта жарияланды)