Тарих

ҚОРҒАУШЫСЫ ЖОҚ ЕЛ ЖЕТІМ («Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаяттан үзінді)

ҚОРҒАУШЫСЫ ЖОҚ ЕЛ ЖЕТІМ      («Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаяттан үзінді)

Семей полигонының өркөкірек бастықтары Абыралы ауданының қомақты жерін екі мәрте емін-еркін иемденгенін қанағат етпеген. Соншама дандайсуға Қазақстан КП ОК-ның секретарьлары Ж.Шаяхметов, П.К.Пономаренко. Л.И.Брежнев, И.Д.Яковлев, Н.И.Беляев, И.Юсупов және үкімет төрағасы Д.А.Қонаев ешқандай қарсылық жасамаған. Кремльден қандай нұсқау түссе, сол сәтінде мүлтіксіз орындаған.
Х.К.Байболатовтың Семейдегі Өлкетану мұражайында сақтаулы естелігінің 14-бетінде мынадай ақпар бар: «1956 жылдың август айында болған облыстық партия комитетінің пленумынан кейін облаткомның төрағасы Мұқаш Хасенов Шұбартау аупарткомының бірінші секретары Кәрім Нұрбаевты және атқару комитетінің төрағасы мені кабинетіне шақырып (Х.Байболатов Абыралы ауданын таратардан бірнеше ай бұрын осы өңірге ауыстырылған – М.С.), КСРО Қарулы Күштер министрінің талабы бойынша, әскери полигонға Абай және Шұбартау аудандарының жері түгелдей берілетінін, сол жайында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің арнайы қаулысы дайындалып жатқанын мәлімдеді. Біз ә дегенде, не дерімізді білмей тым-тырыс отырдық. Әлден уақыттан соң есімізді жиып: «Екі ауданның халқын қайда қаңғытасыз?» – дедік. Мұқаш марқұм бетіне сарт еткізген кекті сөзді жаратпай, «Жігіттер, жөнсіз даурықпаны доғарыңдар. Отан мүддесі талап етсе, үш аудан ғана емес, облыс жерін түгел береміз. Біздің кең-байтақ дала шетел империалистерінің қантөгіс тілеген қаскөй ниетіне тойтарыс жасауға қызмет ететін сынақ алаңына айналады…» – деп үстелді тарс-тұрс ұрды, сонсоң облыс картасын ашып, қарындашын әрлі-берлі сүйкектетіп зіркілдей сөйледі. – Абай ауданының оңтүстік шекарасындағы Арқат тауынан Аягөзбен жанасатын Ақшатауға дейінгі, яғни Шыңғыстаудың күншығыс пен түстігіндегі, іші-сыртындағы қалың ел мал-жанымен Жарма ауданына көшіріледі. Семейге ұрымтал тұсы Ново-Покров ауданына беріледі. Ақшатаумен іргелес отырған Құндызды ауылы, яки Жданов атындағы колхоз, Шұбартау ауданының Баршатас және басқадай елді мекендері Аягөз ауданына қосылады. Оған сыймаса, Сарыөзек стансасының төңірегіндегі игерусіз жатқан шөлейт далаға бірнеше шаруашылықты орналастыруға жоба әзірленуде…». Мен картадан Қайнарды нұсқап, «Мына мекендегі халықты қайтесіз? Бұлар да көше ме?» – дедім. «Иә, сенің көкейіңді тескен қайнарлықтарың, оның айналасындағы ауылдар түгел көшеді. Абыралының сыртындағы бұрынғы үш колхоздың жерін Қу ауданына біржолата береміз. Әлбетте көшкен жұрттың бәрі материалдық шығыны үшін Үкіметтен төлемақы алады, үй салуға да қаржы беріледі…» – деді Хасенов».
Семей облыстық атқару комитетінің 1956 жылғы тамыз айында әбігерге түсіп дайындаған қаулысы, тәубе дейміз, орындалған жоқ. Абай және Шұбартау аудандарын тарату туралы құпия қарардың кейінге шегерілгеніне екі түрлі себеп болған: бірінші, академик А.Д.Сахаров «Естеліктер» кітабындағы: «полигон территориясын пайда болған зиянды қалдықтардан тазарту жұмысының 1957 жылы аяқталмауы»; әрбір жарылыстан кейін сынақ алаңын, арнайы салынған құрылыстарды (дзоттар, қорғаныш жыралары, бекіністер, үйлер) радиация қалдығынан тазартып, қайсыбірін қайыра тұрғызу қажет (бұл жұмыс екі жарым жыл жүрген); екінші, мұны енді атажұртынан еріксіз көшетін елдің көз жасының тигеніне санаймын, КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1958 жылғы сессиясында Н.С.Хрущев ядролық сынақты біржақты тоқтатып, мораторий жариялау туралы ұсынысы…

* * *

1953 жылдың күзінде Компартияның бірінші секретары болып Н.С.Хрущев сайланды. Содан бергі он жылда ол лениншіл қайраткер атанды. Шектеусіз әрекетін Никита Сергеевич Отан қорғанысын күшейту саласында да көрсеткен. «Ядролық қаруды цивилизацияның қас жауы деу – жаңсақ түйсік, солай дегендердің миы басында емес, нәжіске былғанған төменгі жағында…» – деген ащы мысқылды үлкен жиынның мінбесінен жариялап, халықаралық саясатта ядролық қаруды басты көзір ететінін ашық ескерткен (Қараңыз: Ульям Таубман, «Хрущев», М., «Молодая гвардия», «ЖЗЛ», 2005, 293-б.). Жантүршігерлік осы тұжырымнан ол «өзі би, өзі қожа» болған жылдарда (1954-1964) сірә да айнымаған. 1958 жылдың 23 маусымында АҚШ-тың Кеңес Одағына ниеті түзу десетін мемлекет қайраткері Аверел Гарриманды Кремльде қабылдау үстінде ол: «Батыс Германияның әкімшілік орталығы Боннды тас-талқан етуге біз бір-ақ бомба шығындаймыз, Англияны, Францияны, Испания мен Италияны жер бетінен біржола жоқ етуге – үш, иә төрт, ең көп дегенде бес бомба жеткілікті. Гарриман мырза, менің мәлімдемеме сенбесеңіз – алып екі елдің зымырандарының жүк көтеретін шама-шарқын салғастырыңыз. Американың зымыраны салмағы небәрі 22 фунт ядролық зарядты көтереді (ағылшын тілінде сөйлейтін халықтардың салмақ өлшемі, америкалық 1 фунт = 0, 453 кг-ға тең – М.С.), ал біздің ракета – 2860 фунтке мәу демейді!.. Сіз есеп-қисапқа жүйрік әрі ақылды адамсыз, осы салыстырудан туындайтын нәтижені өзіңіз шамалаңыз. Батыс Германияның аядай территориясын тас-талқан ету үшін бізге бар-жоғы 10 минут уақыт керек. Бір-ақ бомбамен Бонн мен Рур бассейнін тұншықтырамыз. Парижды жер бетінен жоқ етуге – және бір бомба шығындаймыз, Лондонға да небәрі бір бомба қажет. Ал Париж дегеніңіз – күллі Франция, Лондон да – әлемге атақ-даңқы әйгілі астана, соған қоса Англияның басты бекінісі. Париж бен Лондонды жер бетінен жоқ еткен соң, айбынды екі елден не қауқар қалады? Енді мына жайтты мән бере ойлаңыз: әлгі елдерді қару-жарақпен, доллармен қолдап, АҚШ бізді әскери базалармен алды-артымыздан қаумалап, қоқан-лоқы жасап отыр… Алда-жалда үшінші дүниежүзілік соғысты сіздер бұрын бастасаңыздар, маңдайға жазған тағдырға не шара? Кеңес Одағының бірнеше қалалары мен өндіріс орталықтары әп-сәтте күлге айналып, өзіміз де бәлкім мерт боламыз. Жарайды, мен сізге әскери құпияны ашайын, жер астындағы шахтыларға орнатылған зымырандар сол сәтте автоматты түрде оталып, иә, иә, біздің әмірімізді күтпей-ақ, басқару жүйесінде көрсетілген шетелдік нысаналарға өздері жетіп, кегімізді қайтарады. Бұл енді бес-он минуттың жұмысы. Ойланыңыз, осы құпияны кімге айтсаңыз да еркіңізде. Сіздердің есуас генералдарыңыз Берлинді әлей мықты танктермен және өздері сонда ұстап отырған 11 мың әскермен қорғаймыз деп бөсетін көрінеді. Шынымды айтайын: біздің бір бомба солардың бәрін генералдарымен бірге күл-талқан етеді, сөйтуден біз сірә да тайынбаймыз!..» – дегені өмірде болған әңгіме (У. Таубман, «Хрущев», 450-451 бб.).
Никита Сергеевич тумысынан төңкерісшіл әрі тызетпе әсердің адамы, кеңестік алып елге он жыл бойы айтқанын істетіп, бірегей билеуші атанған өркөкірек тұлға болғаны – Кеңес Одағының сол кездегі естияр қауымына мәлім. Шаршауды білмейтін, қажет десе, тәулікті 24 емес, 36 сағатқа «ұзартудан» тайсалмайтын ол сталиндік темір тәртіпке бас иген халыққа неше түрлі реформаларды аста-төк ұсынып, ең аяғында «Қазіргі кеңес халқы 80-жылдарда коммунизмнің алғашқы сатысына жетіп, рақат тұрмыста өмір сүреді» деген таңғажайып ертегімен де малдандырып бақты. Сол коммунизм қайда? Оның орнына біртоға тұрмысымызды оңды-солды сілкілеген капитализмге қайтып оралдық. Күлеміз бе, жылаймыз ба?..
Американың ЦРУ-ы 1953 жылдың алғашқы жартысында КСРО-да 200 ядролық заряд болатынын мәлімдеп, өз елінің президентіне ресми ақпар түсірген. Сол өндірістің басы-қасында жүрген академик А. Сахаров «Естеліктер» кітабында біздегі атом бомбаларының саны сол жылы 120 еді дейді. Сірә, соңғы дерек шындыққа жақын. Алайда, сол ақпардың астарында айтылмай қалған өкінішті шындық: сол бомбаларды АҚШ түгілі, Еуропа құрлығының батысына жеткізер алып ұшақ, иә оны көтеретін зымыран болмаған. Осы сәйкессіздікті білгенде, Никита Сергеевич, өзінің мойындауынша, көңіл күйі бұзылып, бірнеше тәулік бойы ұйықтай алмаған-мыс. Сөйте тұра, империалистермен тәжікеде өмірде жоқ сол зымырандарды бар деп, өзі жүргізген саяси үгітке ешбір қымсынбай пайдаланған. Сол үшін де әскери-теңіз және әуе кемелеріне жұмсалатын қыруар қаржыны кемітіп, олардан босаған ақшаны зымыран жасаушыларға бергізген. Королевтің қарауындағы конструкторлар бюросы ядролық бомбаның салмағы 270 тонна ең ауырын тасымалдайтын, биікке самғар қуаты да ересен әрі аса ұшқыр Р-7 зымыранын жобалап, 1956 жылдың қысында Еділге ұрымтал Капустин Яр алаңында сынауға кіріскенде, шыдамсыз Никита Сергеевич соны да әскерилер қолындағы дайын техника ретінде әйгілеп, шетелдіктермен келіссөздерде өзіне басты көзір еткен. 1960 жылдың қаңтарында Кремльде өткен жаңажылдық қабылдауда ол АҚШ-тың КСРО-дағы елшісі Томпсонға: «Францияны есін жиғызбай тұншықтыру үшін біз ядролық бомбаларды таситын 30 зымыранды бағыттап қойдық, Англияға да қасқағым сәтте 50 зымыран аттанады…» – деп кезекті қоқан-лоқыға кіріскенде, АҚШ елшісінің әйелі Джейн Томпсон ханым үрейленіп: «Ал бізге ше?» деп шошына сұрапты, Хрущев биязы жымиып: «Ол енді мемлекеттік құпия, мадам, айтуға қақым жоқ» – дегенін қалай түсінеміз Никита Сергеевичтің шетел дипломаттарымен кездескенде қолданған амалдарының бірі – осы, өзі әңгімелескен адамның кім екенін, лауазымын да ескермей, ойындағы қияли сөзді бүкпесіз жария ету. «Өмірімде мұндай имансыз дөрекіні кездестірген емеспін, – депті АҚШ-тың президенті Джон Кеннеди 1961 жылдың жазында өткен Венадағы саммиттен соң «Тайм» газетінің тілшісі Хью Сайдимен әңгіме үстінде. – Мен оған ядролық соғыс тұтанған алғашқы он минутта 70 миллион адамды жер бетінен жоқ етеміз, құдай тағала бізді сөйтуден сақтасын десем, Никита Хрущев: «Онда тұрған не бар, сол қырғыннан аман қалғандар Жер шарын қайтадан көркейте алады» деп маған сұстия қарады. Шошығаным сонша, одан әрі әңгімені жалғастыруға құлқым болмады…».
Хрущевтің сол кездесудегі мінез-құлқын кезекті қоқан-лоқыға жорысақ та, күзге таман Жер шарының екінші түкпірінде, Кәріп теңізінің жағасында өрбіген төтенше оқиғалар Кеңес үкіметі басшысының қызыл үгіттен нақты әрекетке көшкенін аңғартады. Нәтижесінде 41902 жауынгерден тұратын кеңес әскері Кубаға орналасып, Америка құрлығында КСРО-ның әскери жаңа плацдармын әзірлеуге кіріскен. Олардың қарамағында 1200 теңіз миліне дейін ұша алатын 36 жеңіл зымыран, 2200 теңіз миліндей шалғайдағы нысананы әп-сәтте тас-талқан етер 24 зымыран болған. Солардың әрбірінде 2-7 мың килотон ядролық зарядтар бар (Хиросимаға тасталған алғашқы атом бомбасынан 10, кейбірі 35 есе қуаттырақ ядролық зарядтар деп біліңіз). Соншама қару-күш Америка құрлығында социализм орнатпақ болған, жері шағын, халық саны азаң Кубаны АҚШ агрессиясынан қорғау үшін жеткізілген. Әлбетте зымырандық бес бөлімшеден құралған қомақты әскерді кішкентай аралда жасырып ұстай алмайсың. Пальма плантациясының іргесіне орныққан кеңес әскерін американдықтардың барлаушы У-2 ұшағы зымыран алаңдарын әзірлеуге кіріскен күні-ақ суретке түсіріп, штабқа жеткізген.
«Кәріп дағдарысы» атанған дипломатиялық текетірес осыдан соң өрбіген. Кеннеди мен Хрущевтің бірін-бірі уытты сөздермен түйреген, әрқайсысы өз елінің намысы мен ұстанымын қорғаған тартысы 1962 жылдың тамызында басталып, артық-кемі жоқ екі айға созылды. Бұл болса, жарылғыш дәрі салынған бөшкенің қасында тұрып, сіріңке тұтатқандай қатерлі сәт. АҚШ үкіметі сол жылғы қыркүйекте арнайы дайындықтан өткен 150 мың адамын әскерге шақырып, десант дайындаған. Ядролық қарумен жасақталған ұшқыр зымырандарын да Кубаға бағыттаған. АҚШ шекарасынан небәрі 140 шақырым жердегі аядай аралда бекінген Кеңес әскерлері ядролық соғысты бастау жөнінде әр минут сайын Мәскеуден бұйрық күткен…
Тәубе делік, алып екі ел арасындағы келіссөз 24 қазанда біріне-бірі күш көрсетпеуге жә дескен ымырамен аяқталды: Кеңес Одағы Кубадағы зымырандарын, әскерлерін әкететін болды; АҚШ президенті Фидель Кастро үкіметіне қарулы күш қолданбасқа кепілдеме берді (құпияда ұсталған келісімнің қосымша тармағында Кеңес Одағын ұрымтал жерден күйретуге арналған, Түркиядағы АҚШ базасындағы зымырандарын да басқа жерге әкетуге уәде еткен)…

* * *

Осы оқиғалардың бәрі де Семей іргесіндегі әскери зонада жиі жасалған ядролық сынақтар шетелдіктермен қырғиқабақ текетіресте басты көзір болып, шоқпар ретінде қызмет еткен. Зер сала үңілсеңіз, Сталин мен Берия жанталасқан әрекетпен өмірге келтірген істің Хрущев билік басына келген жылдарда бұрынғыдан да өрістеп, Кеңес Одағының Қарулы Күштерін атомдық қарумен қажетінше қамтамасыз етер шаралардың бәрі де жүзеге асқанын көреміз.
Әлбетте соның зардабын да Ертіс жағасындағы қалың ел тартты.

Медеу Сәрсеке

(Соңы. Басы 22 қаңтарда сайтта жарияланды)

Осы айдарда

Тарих

ҚОРҒАУШЫСЫ ЖОҚ ЕЛ ЖЕТІМ («Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаяттан үзінді)

ҚОРҒАУШЫСЫ ЖОҚ ЕЛ ЖЕТІМ      («Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаяттан үзінді)

Онысы – қияпас қылықтар. Мысалы, 1955 жылы ауданды тарқатар қарсаңда ол бірінші хатшының кабинетіне кіріп келіп, бюро мәжілісі өтіп жатқан сәт болса керек, ортада құздиып тұрып, бар даусымен әтеш болып шақырған. Омар Әсенов: «Әй, Жұмағазы, мұның не? Не тілейсің менен? Кәдімгі адамша айтсаңшы!» дегенде, Жұмағазы тағы бір мәрте «қу-караекулеп» әтешше қышқырып: «Әсенов жолдас! Сен басқарған Абыралыда сөз ұғатын бір адам қалған жоқ, бәрі де тілсіз мақұлыққа айналды. Аудан да жоқ, сен де жоқсың. Жүр, екеуміз Сұлушоқының басына шығайық. Сен бастықсың ғой – әтеш бол, мен – тауық болайын. Сөйтіп, «қуқарекулесек» – жан-жаққа босыған елді ескі жұртына қайтарамыз, жиналысты доғар, жүр!..» – депті.
Бірінші хатшы мен бюро мүшелері не күлерін, не жыларын білмей, тым-тырыс отырып қалыпты. Ақыл-есі шалық болса да, сол күндегі Абыралы халқының мәңгу қалпына өзінше қамыққан сырқат адамға не дейді? «Жарайды, ертеңге дейін шыда…» деп, Жұмағазы байғұсты кабинеттен алдап-сулап шығарыпты.
Осыдан кейін Жұмағазы үшті-күйлі жоғалып кетті. Өлігін көрген кісі жоқ, қаладағы жындыханаға да ешкім апармаған. Бәлкім, сорлыны әскерилер бір түнде алып кетіп, аяқ-қолына кісен салып, сынақ алаңында экспериментке қалдыратын малмен бірге пайдаланды ма деген жорамал айтамыз. Біздің колхозшыларды сынақ жасарда айдалаға көшіріп, екі айдан соң зақымданған ескі жұртына қайыра әкелген имансыз әскерилерден мұндай да қаныпезерлік күтуге болады. Өйткені олар дала халқының тағдырын титтей де ойлаған жоқ. Ал артынан іздейтін сұраушы жоқ, ақыл-есі кемшін Жұмағазыға соны жасауы әбден ықтимал іс…».

Абыралының кең-байтақ жерінің басым бөлігі (бұрынғы «Социалистік Қазақстан», Тельман, Жданов атындағы, «Ақбұлақ», «Қызылқайың» колхоздары Қайнар кентімен бірге) барлық мал-жанымен Абай ауданына (Қайнар мен Қарауылдың арасы 200 шақырым) қаратылды. Жақсы Абыралы тауының күнбатыс және теріскейіндегі бұрынғы үш шаруашылық Молотов, Чапаев атындағы және «Алғабас» колхоздары Қарағанды облысының Қу ауданына берілді. Ал малы мен аңы қосылып жайылатын шұрайлы өңірі, Көкшетаудың кең қолтығындағы Орджоникидзе атындағы ең дәулетті колхоздары (өзара біріккенге дейін «Татан», «Ұшқын» және «Еңбек» аталатын) Қарқаралы ауданына қаратылды (Осы үш колхоздың жерінен бертінде, тың игерген жылдары «Прогрес» және «Еңбек» атанған, Татанның ақ бидайын өсірген екі кеңшар құрылды). Бұл енді «Қайда барса да бөдененің көрері – баяғы бытпылдық» дейтін сорақы жағдай емес. Абыралының білімді, зиялы азаматтары көшкен елдің жұртын күзетіп, еңбекші қауымнан елеусіз қалған жоқ. Бірқаншасы Қарқаралыға көшіп, қарамды тобы Қарауылға ауысып, енді бірі Егіндібұлақ кентіне барып, білімі көтеріңкілері Семейге келіп, қайда болсын тұрақтаған елінің рухани тірлігімен біте қайнасып, сол өңірдің тарихын байытуға айтарлықтай үлес қосты. Ағарту саласында, кеңес пен партия жұмыстарында қызмет етіп, облыстық, аудандық мекемелердің, біразы ірі шаруашылықтардың басшысы атанды. Еңбек жолында дарабоз болғандар да аз емес. Мысалы, «Доғалаң» кеңшарынан (Қу ауданына қосылған елден) Айтмолда Жақсыбаев ақсақал Еңбек Ері атанды. Сол шаруашылықтан Ахат Несіпханов осы ауданның ең озат шопандарының бірі болып, үкімет марапаттарына ие болды.

* * *

А.САХАРОВ, «Естеліктер», «1955 жылғы сынақтар» тарауы (193-199 бб.):
«Екінші сынақты 20 қарашада жасауға келіскенбіз. Бомба тиелген ұшақ Семейдің іргесіндегі қосалқы алаңнан көтеріліп, биікке самғады. Бақылаушы мамандар бетон бекіністерге жайғасты. Амал не, бомбаны жаруға бір сағат қалғанда аспанды қарақошқыл бұлттар торлап, төңіректі қою тұман басты. Оптикалық аспаптармен бомбаны суретке түсіру, жарылған кездегі күш-қуатын бақылау қиындады. Бастықтар біздің талабымызды ескеріп, сынақты тоқтатуға келісті. Ендігі мәселе – бомба тиелген ұшақты жерге қондыру. Бұл енді әскери ұшқыштар үшін төтенше оқиға. Ұшақтың «жүгі» – аса қатерлі әрі қымбат, екі жыл бойы қаншама бейнетпен, дау-дамаймен, тәуекелге бел байлаумен жасалған ядролық қару. Семей сияқты үлкен шаһардың іргесіндегі алаңға онымен қону – аса қауіпті әрекет. Үкімет комиссиясының төрағасы, зымырандар әскерінің Бас қолбасшысы, маршал М.И.Неделин Зельдович екеумізді өзі жайғасқан блиндажға шақырып, ұшақ алаңға қонған кезде «бұйымның» өзінен-өзі жарылмайтынына қолхат беруді талап етті. Ауызша мәлімдемеге сенбеген маршалға сұраған қолхатын жазуға мәжбүр болдық. Биік лауазым иесіне сол да сенімсіз сияқтанып, соны ол Курчатовтан да талап етті. Игорь Васильевич қатты қынжылып: «1953 жылдан кейін осындай кепілдік менен екінші рет сұралып отыр. Тағы бір сынаққа қатысамын. Одан арғыға шамам жоқ, зейнетке кетемін…» – деді де қолхаттың аяғына «Келісемін» деген сөзді иректеп жазды. Сөйтіп, өз мансабын сақтау мақсатымен қорғаншақ маршал кепілдеме жинағанша, күн суытып, аэродром алаңында ауа дымқылынан қабыршақ мұз пайда болыпты. Семейдегі әскери бөлімшенің солдаттары тиісті техниканы іске қосып, алаңды мұздан тазартты. Аспанда неше сағат «серуендеген» ұшақ аман-есен жерге қонды. Біз де тәубе десіп демалуға аттандық. Бомба болса қас қағым сәтте оталуға дайын күйде үш жүз мыңнан аса тұрғыны бар қала іргесінде қалды. Әлбетте семейліктер бұл қатерді білген жоқ…
«Үшінші идеядан» туған «бұйым» 1955 жылы 22 қараша күні сыналды.
Сынақ штабы Ертіс жағасындағы қалашықтың шетіндегі зертханаға орналасты. Ал бақылаушылар алаңның әр жеріне тарап, арнайы жабдықталған терең блиндаждарға жайғасты. 1953 жылғы сынақта мен жертөледе отырғанмын. Бұл жолы зертхана іргесінен дайындаған биік тағаннан бақылауды жөн көрдім. Зертхананың бетон қоршауынан әріде көсілген кең дала. Айнала қарға бөккен, даланың әр жерінен көде мен ұзын селеудің селтиген бастары қылтияды.
…Бір сағаттай уақыт өтті. Бетон тағанның іргесіне орнатылған репродукторға жан бітіп, қырылдай бастады. Іле-шала диспетчердің саңқылдаған үні естілді: «Назар салыңыздар! Ұшақ әскери тапсырманы орындауға кірісті. Жүгін түсіруге бес минут қалды… Төрт, үш, екі, бір минут!.. Әне, қараңыздар, «бұйым» ұшақтан бөлінді. Отыз секунд! Жиырма, он, бес, үш, екі, бір секунд! Ноль!..».
…Американдықтар жариялаған «Қара кітапта» ескертілген ережені тәрк етіп, шынысы күңгірт көзілдірікті көзіме ілмеген едім. Ең әуелі көргенім: көкжиекті тұтас қамтып, шет-шеті сарғыш тартқан үлкен шар әп-сәтте бояуы қанық алқызыл түске малынды. О, ғажап! Көкжиектің жермен астасқан тұсындағы жыбырлаған сапырылыс тағы да өзгерді. Алабажақ, аласапыран құйындар пайда болды. Сол сәтте жерден қою шаң көтеріліп, күн сипатты шармен араласып, іле-шала сумаңдаған тілін жан-жағына тарата бастады: шаң-тозаң мен бұлттар шоғыры араласып, атомдық-термоядролық саңырауқұлақтың әуелі аяғын түзеді; байқауымша, жуандығы 1953 жылғы термоядролық сынақтан едәуір үлкен; демек, жарылыс қуаты жобаланған мөлшерге қаптал жеткен… Аспан жүзін отты жолақтар олай-бұлай кескілеп, сүттей ақ дөңестер мен жалдар түзеп, соның сүйір тұмсығы маған саңырауқұлақ сықпытына айбарлы сұс дарытқандай көрінді. Сол сәтте бетімді ыстық ауа өбіп, құдды бір аяз қарыған даладан от лаулаған темір пештің аузына отырғандай болдым. Бұл енді жарылыс болған жерден ондаған шақырым қашықтан, бетті қарыған аязды күнде кенеттен өрбіген құйын.
– Секіріңдер! Жылдам!.. – деп таған үстінен жерге қарғыдым.
Қасымдағылар да секірді. Тек «секретарьлардың» біреуі (бұл атаумен А.Сахаров өздеріне бекітілген, күні-түні қасында жүретін оққағар күзетшісін айтып отыр – М. С.), сірә, жастық желікпен секіруге қымсынған сияқты, омақаса құлады. Бәрі-бәріміз күшті ауа толқынына тап болдық. Әйтеуір, жарақаттан аманбыз. Жасаң «секретарь» ғана аз-маз жарақат алды. Ауа толқыны іп-ілезде өте шықты, сол мезетте үкімет комиссиясы отырған ғимарат терезелерінің күл-талқаны шыққан салдырын естідік.
Зельдович кенет маған жақындап келіп:
– Ойдағыдай, сәтті болды. Тұп-тура жобалағандай!.. – деп мені құшақтап, айран-асыр қуаныш білдірді.
Шынтуайтын айтқанда, екі жылдан бері ұйқымды бөліп, ойымды күні-түні шырмаған істің сәтті аяқталғанына сенер-сенбесімді білмей, дағдарып тұрғанымда, зертханадағы штабтан сыртқа шыққан маршал Неделин, министр Завенягин, объектінің бастығы Музруков, ғылыми жетекшілеріміз Курчатов пен Харитон, Орталық комитеттің қорғаныс бөлімінің меңгерушісі Сербин және әкімшілік пен партиялық лауазым иелерінің жаппай дуылдаған үндерінен аса көңілді екенін аңғардым. Завенягин жап-жалтыр, бір тал шашы жоқ маңдайында пайда болған жұдырықтай ісікті бір қолымен уқалап келеді, соған тіпті де қынжылмаған тәрізді. Ауа толқыны ғимаратқа соғылғанда, төбенің сылағы комиссияның үстіне түсіпті. Өзгелері дін аман, Завенягиннің жеке дара жарақат алғанына шаттанғаны мені қатты таңғалдырды…
Сол жолғы сынақ келешекте әр алуан қасиетке ие «бұйымдардың» неше түрін жасап, күш-қуатын қажетімізше өзгертуге мүмкіндік беретін жаңа серияның алғашқысы еді. Бізге ол сол ерекшелігімен де қымбат болатын.
Бірнеше сағаттан соң жарылыс туғызған ауа толқыны біз күткеннен әлдеқайда зор бүлдіру жасағанын білдік, қысқасы, штабтың төбе сылағын түсіріп, министрдің шекесін ісірумен тынбапты. Бақылау қосындарындағы біздің адамдар жерге бетін тигізе етпетінен жатқандықтан, жарақат алмаған, рас, біреуі ғана зәресі ұшып айдалаға қашқан бетінде толқынға ұрынып, мұрттай ұшыпты. Сол маңаттағы шұңқырда жатқан алты солдат, әскер қатарына сол жылы шақырылған жас жауынгерлер жермен жексен болған жыраның астында қалып, тұншығып өліпті. Одан да зорырақ науат біз ауа толқыны жетпейді деген елді мекенде болыпты: әуеден қорғану қызметкерлері ережені сақтамай, қалқайтқан жертөледе отырған байғұс тұрғындар күшті жарық жарқ еткен соң-ақ сынақ аяқталды деп ойлап, сыртқа жүгіріп шыққан; Еділ бойынан соғыс жылдарында Қазақстанға еркінсіз көшірілген неміс әйелінің екі жасар қызы қуыршағын құшақтаған қалпы іште қалып, төбесі жалп еткен жеркепеден шыға алмай мерт болыпты. Тағы бір елді мекеннің ауруханасының төбесі ортасына түсіп, палатадағы әйелдердің алтауы едәуір жарақат алып, кейбірінің бел омыртқасы зақымданған. Мәскеуге қайтқанымда, мен осы жағдайды КСРО Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, біздің денсаулығымызды қадағалауға жауапты Аветик Бурнаянға телефон шалып, жарақат алған әйелдерге жәрдем көрсетуді өтініп, мүгедекке шығарылса, біздің министрліктен арнайы зейнетақы талап етуді тапсырдым. Министрдің орынбасары маған қам жемеңіз, тура сөйтемін деді. Алайда, сол байғұстардың одан кейінгі тағдырын білмеймін, қайыра тексергем жоқ. Ешқандай көмек алмады-ау деген де күдіктен құралақан емеспін…
Одан гөрі жеңілдеу бүліншілік біз тұратын қалашықта байқалды: көптеген үйлердің (әлбетте толқын соққан жақтағы) терезе шынылары быт-шыт болды, жарылыс алаңынан 150-160 шақырым қашықтағы Семей қаласының да көптеген үйлері мен ғимараттарының әйнектері қирапты; одан әріректегі Өскемен қаласының от жағатын үйлерінде пеш қақпағы өз-өзінен ашылып, шала жанған шоқтар, көмір күлі еденге түскен. Ауа толқынының кенеттен күшеюі – әуеде жасалатын жарылыстарға тән құбылыс, егерде осы бүліншілікті алдын ала білсек – жарылыс жасардан бұрын ауа райының құбылысын ескерер едік, амал қанша, оның бәрі бізге бертінде мәлім болды. Ең шатағы, сол күнгі жарылыс туралы жергілікті тұрғындар алдын ала хабарланбады. Бұл да әскерилердің өздерінше құпиялық сақтаған, одан да гөрі сынақ сәтсіз шықса – жұртты текке әурелейміз деген сақтығының салдары…
Түйіп айтқанда, термоядролық қарудың жаңа түрі қолданысқа қабылданды. Қарудың бүлдіргіштік қабілеті ересен еді, сонымен-ақ ол Отан қорғанысын бұрынғыдан да күшейтті. Біз, сол «бұйымды» жасаушылар, айран-асыр қуанышқа бөлендік. Біршама уақыт соған масаттанып, едәуір күпсініп жүрдік. Алайда, қапылыста мерт болған екі жасар сәби мен жас солдаттардың аянышты өлімі мені әр алуан ойға түсіріп, көп уақытқа дейін сол қасіретке қатысым болды деген сезімнен арыла алмадым.

1955 жылғы сынақты жасаушыларды құрметті атақтармен шаш етектен жарылқаған. Келесі жылдың күзінде КСРО Министрлер кеңесінің ұсынысымен «Үшінші идеяны» жүзеге асырудағы таңғажайып еңбегі мен тапқырлығы үшін Зельдович пен Харитонға үшінші рет Еңбек Ері атағы берілген. Курчатов та үшінші мәрте Алтын жұлдызды кеудесіне тағыпты. А.Сахаров екінші мәрте Еңбек Ері атағын иеленген. Көл-көсір марапаттардан екі топтың теоретиктері мен өндірістегі инженерлер мен жұмысшылар да нәумез қалмаған. Сахаров бастаған жетекші ғалымдар 1956 жылдан беріде В.Лениннің есімімен аталған, сомасы бірнеше есе көбейген Мемлекеттік сыйлыққа да ие болған. Қысқасы, И.Сталин өмірден озғаннан беріде екінші рет ауысқан Кеңес үкіметі мен Компартияның басшылары ел қорғанышы үшін деген желеумен Семей полигонында «үлкен шоқпарды» сынауды тоқтатпаған, жиірек жасатқан.

Медеу Сәрсеке

(Жалғасы, басы сайтта 15 қаңтарда жарияланды, жалғасы бар)

Осы айдарда

Тарих

ҚОРҒАУШЫСЫ ЖОҚ ЕЛ ЖЕТІМ («Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаяттан үзінді)

ҚОРҒАУШЫСЫ ЖОҚ ЕЛ ЖЕТІМ      («Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаяттан үзінді)

САУАЛ: Жөн-ақ, нағыз азаматтық әрекет! Әсіресе Әбибек ағайды білеміз, соғыстан кейінгі жылдарда біздің Абыралыда, райкомда еңбек еткен қайраткер азамат. Сонымен екі колхозды қай мезгілде шығарып салдыңыздар?
ЖАУАП: 1954 жылдың июнь айының 17-жаңасы, күні бүгінге дейін есімде. Өйткені, сол күні екі колхозға әскери бөлімнен 130-ге жүк машинасы келіп, көшетін жұрттың жүктерін тиеді. Халықтың жапа-тармағай қамығуы сол күні басталды. Қамығу деп сыпайылап айтып отырмын. Қай қыстаққа барсам да жылаулы жұрт, күңіренген егделер, жоқтау айтып дауыс салған әйелдер. «Ау, бұларың не?» деуге дәтім жетпеді. Өзім де осы өңірдің тумасымен, ата-бабам осы жерде өсіп-өнген, қаны бір туыстарым түгелдей осында. Бәр-бәрі алыс аймаққа біржола көшпек. Көбі маған оқты көзбен қарайды: «Сенген азаматымыз едің, ата-бабамызға құтты қоныс болған қайран жерден бізді қайда қаңғытасың?..» – дейтін сияқты. Жүктері тиеліп, бәрі бір жерге жиналып, үлкен керуен салтанатты шерумен қозғалар сәтте Қойтөлеу Шежімбаев деген орта жастағы кісі, ауылкеңес төрағасы еді, партия мүшесі, естияр азамат көштің алдына шығып: «Бүгін таң қылаң бере тұрып, Бөрлі тауының басына шығып, Мыржық, Дегелең, Айыртасқа қарап ұзақ отырдым. Көзімнен ыстық жас домалап, «Қайран тауларым, қош болыңдар!» деп бар даусыммен айқай салдым, маңқиған таулар «е» деп дыбыс қатпады. «Е, бұлар да ту-талақай тасырға қалдырып, әлдеқайда безіп бара жатқаныма наразы екен» деп ойладым. Кешелі-бүгінде ескі қорымдарға барып, аруақтарға құран оқып, көптеген үйлер мал сойып, қатым түсірді. Бейіт басында да бізге «Жолың болсын» деген бір аруақ болмады, бедірейіп үнсіз жатты. Олар да бұл жаққа енді ат басын бұра алмайтын мүсәпірге айналғанымызды білген деп ойладым. Не дейміз, тағдыр жазуы солай болды, қош қайран жер!.. Шексіз далиған кеңдігіңнен басқа кінәң жоқ, сол үшін де әскерилерге керек болдың. Ал біз басқа жерден тірлік іздемекшіміз. Қош, қош, қайран боз далам, маңқиған өркеуде тауларым! Сендер енді ту талапай дүңкілдің астында боласыңдар, арқар жортқан өр-биіктерің аласарады, бүркіт ұя салған шыңдарың сірә тозады, айдыны шалқар көлдеріңе үйрек-қаз қонбайды. Тамылжыған тамызға дейін суы тартылмайтын бұлақтарың не күйде болады? Оны білмейміз, топырақ басқан көзін ашар дәрмен бізде енді жоқ. Біз енді бүгіннен бастап қонарын сай, ұшарын жел білетін қаңбаққа айналамыз…» – деп ел мұңын таусыла айтқанда, еңіреген жұрт көз жасын ірікпеді. Менің де «Әй, қойсаңшы!» деуге шамам болмай, керуеннің соңына жылыстап барып, көз жасыма ерік бердім. Бұл да, жігіттер, кешегі өмірде басымнан кешкен ауыр жағдаят…
САУАЛ: Сонымен үлкен екі колхоздың адамдары аттанып кетті…
ЖАУАП: Көштің бетін Қайнарға бұрдық. Содан екі колхоздың көші июнь айының 17-18 күндері, түс ауа Қайнар арқылы өтті. Топ-топқа бөлінген қоштасулар көбіне Аяқ Қайнардағы бұлақ басында, енді бірі Тоқа тұмсығында ұйымдастырылды. Ол болса Ақтас өзенінің суы тоспаға жиналатын, көгалы мол жер. Сол көшуді біз үгіт-насихат бөліміне тапсырып, олар болса лездеме митинг жасап, мәдени шараға айналдырды. Бірақ көңіл шегесі босаған жұрттың ағыл-тегіл жылауын тия алмадық.
Медеу Сәрсеке
(Жалғасы бар)

Өзім қатысқан біреуін ғана айтайын: сол қарсаңда біздің үйге Роза Дүйсебайқызы есімді қарындасым күйеуімен келіп, қонақ болып жатқан-ды. Күйеуі Балтабек Ысқақов Семей пединститутында аға оқытушы, өзі Семейдегі қазақ орта мектебінде мұғалима болатын. Оның ата-бабасы Дегелеңнің түстік бетінде, бізбен ауылдас адамдар. Роза Дүйсебайқызы сол жолы «Елім-ай» әнін айтты. Сөзін тек өзінше бұрмалады.

«Мыржық таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қанша дұшпан қысса да қос өкпеден,
Қазақ ауып жерінен көшпеп еді.
Елім-ай, елім-ай.
Ел-жұртынан айырылған қиын екен,
Қара көзден мөлтілдеп жас келеді,
Елім-ай, елім-ай.
Қош аман бол, Дегелең, ел өлкесі,
Жердің кетер ел ауса берекесі,
Елім-ай, елім-ай!..
Егілген көңілді қайтіп басам-ай!..», – деп төгілте шырқағанда жұрт XYIII ғасырдың төкпе дүлділі Қожаберген жыраудың шерлі әнін еліге тыңдап, өздері де қосылып, жүз қаралы кісінің зарлы үні Абыралы тауын күңіренткендей дулықсын. Ескі әннің сөзі де, әні де түйсігі терең жанның бәрін тебірентіп, жүрегін дүрсілдеткені анық. Осылайша, зарлаған жұрт бір-бірін құшақтап тұрып, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында туып, содан бері ұмытылмай, ел жадында сақталып келе жатқан «Елім-айдың» жүрек тебірентер уытты сөздерін сан мәрте қайталап, қамыға қоштасты. Не деуге болады, бауырларым, сондай қиын уақытты бастан кештік. Жә, әңгіменің тоқетерін айтайын: полигонның қарамағына Абыралы ауданынан Тарбақ, Мойынқара, Дегелең, Мыржық тауларын жайлайтын бұрынғы Қоныстан, Калинин, Киров атындағы, Ұзынбұлақ, Еңбектес, Тайлан колхоздарының қыста қоныстайтын, жазда жайлайтын жерін түп-түгел полигонға беріп, Абыралы ауданы небәрі төрт колхозбен қалып, жұтағандай хал кешті…».

Облыстық мұрағатта сақтаулы 103-қор, 344-тіркеме деректе 1954 жылдың алғашқы жартысында Абыралы ауданының 6 колхозында 635 шаңырақ тұрыпты, адам саны – 699. Алты шаруашылықта 8540 бас ірі қара, 74292 бас қой мен 6935 бас ешкі болған. Жылқы – 5128 бас, түйе – 390. Аудан егіншілері 4232 гектар жерге дән сепкен, оның 43 гектары – күнбағыс. 4 гектар жерге картоп отырғызып, 8 гектар бау-бақша өсірген. Бір жылдық екпе шөбінің көлемі – 27 гектар…
Абыралы халқын асырап отырған жөнең тірліктің алтыдан екі бөлігі, екі колхоз иелігіндегі барлық малымен көшуі себепті есептен шығарылды. Демек, кедей аудан одан әрі жұтаған. Шындығында, бір кезде біртұтас, іргелі ел саналған Абыралының ескілі-жаңалы тарихын ел жадынан аластауға қастандық әрекет жасалған. Соны жасаушы – Семей облысының қос басшысы Т.Қойшыбаев пен М.Хасенов. Жә, екеуі неліктен сол мәселеге ойланбаған, түпкі мәніне ден қойып бойламаған? Егерде олар жетесі мығым, ел тағдыры үшін жүрегі сыздайтын қайраткерлер болса, қолдарындағы қызмет құзырын пайдаланып, әр ауданның шаруашылығын сақтап, молайтып, соларда еңбек ететін жүздеген шаңырақтың тағдырын, тіршілік күйтін өздерінің отбасындай қадірлеуге, ертеңгі күнін жаны ауыра ойластыруға тиіс еді. Амал не, соның бәрін екеуі де тәрк еткен. Әуелі бір ауданның, одан кейін екінші және үшінші ауданның көңтөрімді өмірін оп-оңай құрбандыққа шалып, өздерінің биік мансабын сақтап, тыныш отыруды ғана ойлаған. Рас, бүгінгі кеңбағал заман төрінен саралап қарағанда, туып-өскен жерінен қуылған жұрттың көрші аудандарға қоныс аударғанынан бүлінген ештеңе жоқ. Сонау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» кейінгі жылдарда, жеті-сегіз атасы қоныс еткен Мыржық, Дегелең мен Тарбақ атырабынан шалғайға көшесің дегенде дүйім елдің бауыр басқан жерін, ата-бабасы мәңгі ұйқыда жатқан бейіттерін қимай, қабірін құшақтап ағыл-тегіл жылағаны, жөргегі жуылған бұлаққа тағзым етіп, жүрегін кернеген ауыр қайғыдан запыран ішкендей болып, сол жерден көшуге мәжбүрлеген үкімет адамдарына лағынет айтып, күні-түні егілгені – түсінікті ахуал…
Соны бірақ жүрек ділімен түсінген басшы болмаған соң не дейміз? Түсінемін: қазірде арамызда жоқ, тірі кезінде өздерін жер кіндігіндей сезінген бейшара пенделер үшін – ауыр кінәлау, ауыр жаза! Амал қанша, мұрағаттар мен естеліктерден там-тұмдап суырылған сорақы айғақтар осылай деуге мәжбүрлеп отыр.
Төменде сондай деректердің екеуін ғана келтіремін…

ЖЕДЕЛХАТ: «Секретарю ЦК Компартии Казахстана
тов. БРЕЖНЕВУ Л. И.
…Территория, отходящие в распоряжение воинской части составляет половину территории района и совсем отделяет колхозы и.. Молотова и Орджоникидзе от территории области. Связь с этими колхозами может быть осуществлена на самолете или через Карагандинскую область, так как дороги, идущие из области к этим колхозам отходят в запретную зону*. Поэтому мы считаем, эти колхозы передать в Карагандинскую область со всеми землями и скотом, населением. Таким образом, в районе остается 2 колхоза, в них дворов соответственно 207 и 203. Исходя из этого просим ускорить упразднения Абралинского района.
КОЙЧИБАЕВ, секретарь Семипалатинского обкома КП Казахстана,
ХАСЕНОВ, председатель Семипалатинского облисполкома
24 апреля 1954 года (103-қор, сақталу реті – 344)»

ЖЕДЕЛХАТ: «БРЕЖНЕВУ Л. И., секретарю Казахстанского партаппарата
…Также считаем крайне не желательным оттягивание вопроса упраздения Абралинского района, на территории которого осталось всего четыре колхоза. Все мы заинтересованы этим вопросом. Вопрос надолго застрял в Верховном Совете республики, ссылка на Москву является попыткой уйти от решения этих вопросов. Просим Вашего вмешательства
КОЙЧИБАЕВ, 13 августа 1954 года (103-қор, сақталу реті – 344)

—————–
* Алғашқы жеделхаттағы «Молотов пен Орджоникидзе колхоздарына Қарағанды облысы арқылы ғана қатынаймыз» деген сөз – сана-сезігінде де ақау бар адамның ойдан шығарған өтірігі. Молотов колхозының орталығы – Қызылжал ауылы Жақсы Абыралы тауының теріскей-батыс бөктерінде, Қайнар кентінен небәрі 8 шақырым жерде, бала күнімде мен, осы хикаяттың авторы, сол ауылға салт атпен шайқайнатым уақытта баратынмын. Ал Орджоникидзе колхозының орталығы Қайнардан 60 шақырым, оған да күнбе-күн қатынауға болады. Қайнар кенті мен Семейдің аралығы ескі жол бойынша 260 шақырым еді, сол жол әскери зонаға қараған соң, біздің ел облыс орталығына Абай ауданының Саржал ауылы арқылы қатынайтын болды, демек, бұрынғы жол небәрі 15-20 шақырымға ұзарды. Студент кезімде осы жолмен мен бес жыл бойы неше мәрте әрлі-берлі жүрген пендемін…

Демек, Семей облысының қос басшысы Қазақстан КП Орталық комитетінің секретары Л.И.Брежневке жолдаған шағымында өздеріне мәлім деректерді қасақана бұрмалап, Абыралы елінің ділгер мүддесіне қиянат жасаған. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дегеннің кері, бәрі-бәрін өздерінің ыңғайына бейімдеп, ойша долбарлаған. Бұл да сол шіркіндердің азаматтық ар-инабатымен, коммунистік ожданымен де қиыспайтын дөрекілік. Қарауындағы халықтың жағдайына жаны ауырмай, өздерінің жан тыныштығын қамдаудың сорақы түрі. Айтып-айтпай не керек, 1955 жылдың 22 қаңтарында Абыралы ауданын тарату туралы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің жарлығы жарияланды.

Өміржан ЖАҚЫПОВ, өлкетанушы, «Кішкентай ауылдың үлкен тарихы» кітабы (А. «Сардар» баспа үйі, 2010 ж., 571- б.):
«Жұмағазы Дөкімбайұлы дәулетті ауылдың жалғыз мұрагері болған, жаңа заманның әділетсіз қылығына жаны төзбегендіктен, ұстамалы шалық ауруға ұшырап, өмірін итқорлықта өткізді. Біз ес біліп, мектепке қатынап жүрген кезде, ол байғұс Қайнар бұлағының аяқ шенінде өзіне жеркепе қазып алып, сонда тұрды. Өзі керемет домбырашы, ән де салатын, жалғыз қарындасы да кезінде дүлділ күйші болыпты.
Абыралы жерінде ядролық сынақ жиілеп, дүңкіл көбейген кезде, Жұмағазының сырқаты күшейіп, түрліше әрекет жасап, ашық қарсылыққа көшеді.

Медеу Сәрсеке

(Жалғасы, басы сайтта 8 қаңтарда жарияланды, жалғасы бар)

Осы айдарда

Қоғам

ҚОРҒАУШЫСЫ ЖОҚ ЕЛ ЖЕТІМ («Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаяттан үзінді)

ҚОРҒАУШЫСЫ ЖОҚ ЕЛ ЖЕТІМ   («Семей қасіреті» атты деректі тарихи хикаяттан үзінді)

Белгілі қаламгер, жерлесіміз Медеу Сәрсеке жуықта «Семей қасіреті» атты деректі хикаятын аяқтады. Көлемі 850 бет болған еңбектің әр тарауы Ертіс атырабындағы қалың елді, Ресейдің Алтай өлкесін қоса есептегенде 2,5 миллион тұрғындарды, табиғаты мен жануар дүниесін радиациямен тежеусіз зақымдап, Дегелең тауы мен Балапан бұйратын топырақ үймесіне айналдырған қасіретті нақты деректермен өрнектеген автор осы қасіретті 13 жасынан бастап туған елімен бірге қырық екі жыл ұдайы басынан кешкен. Тәубе дейміз, 1991 жылдың 29 тамызынан беріде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ полигонды жауып, Қазақстан халқы тартқан қасіреттңі одан әрі жалғасуына шек қойды.
Төменде біз шерлі хикаяттың «Қорғаушысы жоқ ел жетім» тарауының ықшамдалған нұсқасын оқырман назарына ұсынамыз. Деректі кітап жуықта Астанадағы «Фолиант» баспасынан жарық көреді. Кітаптың демеушісі облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ екендігін айта кеткіміз келеді.
Редакция.

…1954-1955 жылдарда Семей полигонында 13 ядролық жарылыс жер үстінде жасалған. Бұл енді «жапалақты таспен ұрсаң да, иә оны тасқа соқсаң да – жапалақ өледі…» дегенге ұқсас әрекет. 1956 жылға дейін полигон төңірегіндегі халыққа сынақ жүретін мерзім алдын ала хабарланбаған. Кезекті сынақтарды семейліктер жер-көк дүңкілдеп, үйлерінің терезелері сынып, тұрғын жайларының қабырғаларында саусақ сұққандай сызаттар пайда болғанда ғана білген. Дамылсыз тарсылдан қажыған, үрейлері ұшқан, ауру-сырқауы жиілеген халық наразылық білдіріп, «Мына көршілер кімді басынады? Неге біз тәжірибе тышқандарына ұқсап, қатер астында зәреміз ұшып өмір сүреміз?» деген тәрізді сұраулар көбейіп, Семей облысының басшылары халық ренішін Қазақстан үкіметі арқылы полигон қожаларына жеткізген. Үнемі емес, сынақ зардабы шектен тыс зорайғанда ғана. Мысалы, ет комбинатының даңғарадай үлкен терезесі күл-талқан болып, тайқазан толы біржарым тонна жентектелген өнімге сау етіп түскенде, бір топ жұмысшы шу көтеріп, обкомға барған. Жергілікті басшылар соған да иланымды желеу айтып: «Қазанды жабық ұстаңдар. Дайын өнімді аман сақтау – цех бастығының міндеті. Кінәлі өздерің…» – деген. Күлесің бе, жылайсың ба?..
Десек те жиі қайталанған «төтенше оқиғалар» түрткі болып, әскерилер жергілікті радио арқылы: «Ертең, пәленше сағатта пеш жақпай, есік-терезелерді қымтап жауып, үйдегі адамдардың сыртқа шығуын» ескерткен хабарландырулар жариялайтын болды; анығында ондай ескертулер сынақ қуаты 50 килотоннадан асқанда ғана берілген, қуаты одан төмен сынақтар бәз-баяғыдай жым-жырт жасалған.
Осы наразылықтар полигон басшыларының көкейінде кереғар пікірлер туғызған. Соның бірі – Семей облысының өздерімен көрші үш ауданын таратып, соларда тұратын 20 мыңдай халықты алысырақ аймаққа көшіріп, қисапсыз мол жерді қуатты жаңа жарылыстарға емін-еркін пайдалану туралы құпия шешім…

Абыралы ауаткомының төрағасы Хамза Байболатовтың әңгімесінен (1990 жыл, осы сұхбат менің ынтамен жүрген-ді, хаттаушы – Б. Мауқаев):
САУАЛ: Абыралы ауданын тарату қалайша жүзеге асты?
ЖАУАП: 1954 жылдың 28 мартында ЯК-2 самолеті аупарткомның 2-хатшысы Заманбек Мерекенов екеумізді Семейге жеткізді (бірінші хатшы Омар Әсенов Алматыдағы партия курсында болатын). Обкомның бірінші секретары Қойшыбаевтың кабинетінде екі генерал мен үш-төрт полковник отыр. Олардың айтқаны: Абыралы территориясынан бізге қосымша жер керек, республика үкіметінен рұқсат алдық, соны енді облатком жеделдетіп шешсін; жерін босататын колхоздарды қайда болсын көшіруге автокөлікпен жәрдем береміз деді.
САУАЛ: Сонда облыс басшылары көпе-көрінеу зорлыққа қарсылық жасамаған ба?
ЖАУАП: Жасамады, қарсылықсыз мақұлдады. Сол мәселені шешерде бізді шақырып, ең құрғанда Абыралы ауданын қалай сақтаймыз? Не ойларың бар дегені жөн еді. Амал қанша, облыстың екі басшысы соған бастарын қатырмаған. Келесі күні обкомның бірінші хатшысы Танаш Қойшыбаев, облатком төрағасы Мұқаш Хасенов, Заманбек Мерекенов және мен – төртеуіміз теміржол көпірінен Жаңа-Семейге жаяу өтіп, сол жерде бізді қарсы алған полковниктің машинасымен аэропортқа келдік. Әскери жолбасшымыз бізді қос моторлы үлкен самолетке шақырды. Мыржық, Дегелең, Тарбақ, Майлықара, Айыртас, Бөрілі, Балқан тауларының үстімен Қу, Қайнар, Ақбұлақ, «Социалистік Қазақстан» атындағы елді мекендердің үстінен шолып, Шыңғыстауды жанамалай Ақбастау, Мейзек тауларын, Шұбартау ауданының Қараирек, Емелтау және Арқарлы деген жерлерін шыр айнала ұшып, ақырында Жаңа-Семей ауданына қарасты Көкен тауын бөктерлеп, кешке таман, сағат алтыда Семей аэропортына оралдық. Сегіз сағаттай уақыт аспанда болдық. Жерге қонғанда ұшқыштың бүгінгі сапарда 1200 кг. бензин шығындадық дегені есімде. Ұшып келе жатқанда Қойшыбаев пен Хасеновке мен табан астымыздағы әр таудың атын, ескі тарихын, қазірде қандай колхоздар қоныстанғанын, аумағы қанша екенін түсіндіріп отырдым.
Кеш бата обкомға қайыра келдік. Абыралы ауданының жартысына жуық жерін әскери зонаға біржола беру мәселесі Қазақстан үкіметінде шешілгенін, бұрынғы алты колхоздан іріленіп қайта құрылған Калинин және Киров атындағы үлкен екі шаруашылықтың жерін полигон иеленіп, көктем шыға екеуін де басқа аудандарға мал-жанымен көшетінін облыстың қос басшысы бізге қатаң үнмен нығарлап ескертті. Біз наразылығымызды тағы да қайталап: «Мал-жаны қомақты екі колхоз басқа жаққа көшірілетін болса, Абыралы ауданы өзінде қалған төрт колхозбен өмір сүре алмайды. Экономикасы құлдыраған аудан тағдырын не істейсіздер?» – дедік. «Аудан таратылады, қалған төрт колхоздың жерін шетелге емес, Қазақстанның өз аудандарына бересіңдер, қызметсіз қалған партия мен кеңес кадрларын сол аудандарға орналастырамыз…» – болды естіген жауабымыз. Біз, бірақ: «Әлі де ойланайық, бәлкім жерінен айрылған екі колхозды өзімізде қалдырармыз…» деген пікірімізді тағы бір мәрте ежіктеп, елге қайттық.
САУАЛ: Сонымен, мәселе қиындады. Сіздер көндіңіздер?
ЖАУАП: Жоқ, біз наразылық білдірген соң мәселе 1954 жылғы 9 апрельде облаткомның төтенше мәжілісінде қайыра қаралды. Оған Абай, Абыралы, Жарма ауданының хатшылары және біздің ауданнан Калинин атындағы колхоздың басқармасы, обком мүшесі Зікірия Мұртазин шақырылды. Аудан басшыларынан Омар Әсенов екеуміз қатыстық. Мәжіліске төрағалық еткен Мұқаш Хасенов. Бет қаратпайтын айбыны бар, дөрекілігі де әлей кісі, жаңылмасам, Баянауланың қазағы. Қойшыбаев одан асқан қисық, үстелді жұдырығымен соғып сөйлейтін әдетке үйір оспадар адам. Екеуі де бұрынғы сөздерін қайталап, облыстық комиссияның шешімі өзгермейді, қарсылықтарың бос әуре десті. Сол жиынға біз нақты екі ұсыныспен бардық: бірінші, Шыңғыстаудың теріскей бөктеріндегі Әтей, Қыдыр өңірі соңғы жылдарда Ертістің оң қабағындағы Ново-Покров пен Бородулиха аудандарының шаруашылықтарына уақытша берілген-ді; Абай ауданының «Қызылту» колхозы біздің «Социалистік Қазақстан» колхозымен көршілес. Осы жерлер Абыралыға тисе, Дегелең мен Мыржықтан көшірілетін екі колхозды сол атырапқа орналастырамыз дедік. Егерде бұл ұсынысқа абайлықтар келіспесе, бір колхозды «Алғабас» колхозының жеріне сыйғызып, екінші шаруашылықты Көкшетау алқабына көшіреміз. Көшетін халықтың тілегі де осы. Сөйткенде Абыралы ауданы сақталады. Облысқа қарайтын небәрі 14 ауданның біреуін қысқарту тегінде ұтымды шешім емес деген ойды аудан еңбекшілері атынан естірткенімде, Хасенов қатты ашуланып: «Сендер, Әсенов пен Байболатов партия билетін төсқалталарыңа салып жүріп, осындай қисық сөзді қалайша айтып тұрсыңдар? Мыналарың – сасық жершілдік!..» – деп бізді тұқырта зіркілдеді де комиссия шешімін дауысқа салды. Біздің ұсынысымызды ешкім қолдамады, облатком екі колхозды Абай және Жарма аудандарына көшіру туралы қарар қабылдады.
САУАЛ: Қазақстан үкіметінің қаулысы облыстық мұрағатта сақталыпты. Қаулыда Абыралы ауданын тарату туралы бір сөз жоқ. Екі колхозды басқа жерге орналастыру Семей облыстық атқару комитетіне жүктеледі делінген. Киров пен Калинин колхоздарын көршілес аудандарға беру туралы ұсыныс облыс басшыларының өзінен өрбіген…
ЖАУАП: Әй, інілерім, уақыттың 1954 жылдың көктемі екенін ұмытпаңдар. Тәртіптің қатаң кезі, «демократиялық централизм» қағидасы – Компартияның жарғысына таспен басылған. Әрбір партия мүшесі үшін сол – бұлжымайтын заң, жоғарыдан түскен нұсқауды төмендегілер ешқашанда талқыламайды, мүлтіксіз орындайды. Оған қоса облыстың екі басшысы мәселенің байыбын терең ойламайтын шенеуніктер. Әсіресе Танаш Қойшыбаев баяғы патша заманының тентек уряднигі сияқты қит етсе, «партиядан шығарып, қамауға алғызып, сорыңды қайнатамын!..» дейтін әкіреңнің адамы. Ал Хасенов – жан тыныштығын көбірек ойлайтын қайраткер…
Қайнарға оралған соң Омар Әсенов Киров колхозына, мен Калинин атындағы колхозға барып, жиналыстар өткізіп, өздері отырған жер Отанға керектігін, күллі Одақ мүддесін қаскүнем жаулардан қорғау ісіне қызмет ететінін түсіндірдік. Жарма ауданы – экономикалық, жағрафиялық тұрғыдан өте қолайлы жерде орналасқанын, оның үстінен Түріксіб теміржолы өтетінін, бұл болса балалардың оқуға баруына, Семей, Аягөз, Үржар, Жетісумен қарым-қатынасқа аса тиімді деп, не керек, жан-жүйеміз егіліп тұрып, үгітті күшейттік. Абай ауданы болса өзімізбен жаны аралас, малы қоралас байырғы көршілеріміз. Аудан басшылары бізден барған колхозшыларды Шыңғыстаудың бауырындағы ежелгі атақонысына орналастырмақ, бұл болса малға жайлы жер, аудан орталығы Қарауылдан да қашық еместігін сөз етсек, тыңдаушы жұрт «Е, бәсе!» демей томсырайып тыңдайды. Сол сапарда мен Мыржық тауының бауырындағы Тоқмет қажының қорасына, Калинин атындағы колхоздың сол маңаттағы тұрғындарын түгел шақырып, жиын өткіздім.
САУАЛ: Жиынға қатысқандар кіріптар жағдайды түсінді ме?
ЖАУАП: Түсінбегенде не істейді? Жұрттың жаппай егілуі маусым айында, көшер кезде өршіді. Абай ауданынан ауаткомның төрағасы Әнуар Мұстафин бастаған бір топ адам, біреуі «Бірлік» колхозының бастығы, есімін ұмыттым, тағы сондай жауапты қызметтегі азаматтар, ал Жарма ауданынан аупарткомның екінші хатшысы Әбибек Тәтиев, Белтерек колхозының бастығы Әйтім Матаев келіп, көшетін колхоздардың қыстақтарын аралап, баратын жердегі қысқы қоныстарын өздері сайлайтынын сыпайылап айтып, үгіт-насихатты күшейтті.

Медеу Сәрсеке

(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button