ҚұқықТОП

Анасына барып алған

Жасөспірімдерді бейімдеу орталығынан қашып кеткен бала туған анасының жанынан табылды.
Өскемен Полиция басқармасына 17 жастағы бала орталықтан қашып кеткені туралы хабарлама түседі. Осы қаңтар айында. Полиция баланы үшінші күн дегенде іздеп табады. Анасының үйіне барып алған.
– Оның әкесі қайтыс болған. Ал анасы ішкілікке салынып кеткендіктен заң орындары ата-аналық құқығынан айырып, өзін арнайы орталыққа алған, – дейді «Жасөспірімдер үйі» директорының орынбасары Жанна Бошаева.
Полиция қызметкерлері оның туған-туысқаны, достары мен таныстарының мекен-жайларын тексерді. 18 қаңтарда таңғы сағат бестер шамасында анасының үйінен тапты.
– Өзі де бұзықтау бала. Қашып отырғаны бір бұл емес. Бұдан бұрын да осындай іздестірулер болған. Негізінде 13 қаңтар күні шығып, қонуға келмеді. Өзіміз іздеп таппадық. 16-сы күні тәртіп сақшыларына шағымдандық. Олар шағымнан соң үшінші күні анасының жанынан тапты. Сол соңғы күні ғана анасына барыпты. Оған дейін қайда болғанын айтпай қойды, – дейді директордың орынбасары.
Полиция ұсынған ақпаратта баламен ювеналды полиция қызметкері профилактикалық әңгіме жүргізгені жазылған.
«Қазіргі уақытта бала «Жасөспірімдер үйіне», заңды өкіліне тапсырылды. Олардың айтуынша, бұл оның алғаш рет мекемеден кетіп қалуы емес. Мұндай фактілердің алдын алу мақсатында ювеналды полиция қызметкерлері заңды өкілмен және жасөспіріммен кезекті профилактикалық сұхбат жүргізді», – делінген аталмыш хабарламада.
«Жасөспірімдер үйіне» жетімдер немесе ата-анасы қарау құқығынан айырылған балалар алынады.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button