Қоғам

Үміттің бір сәулесі

Үміттің бір сәулесі


Ата-ана үшін баласының жарымжандығын көруден асқан қасірет жоқ. Олардың кейбіреуі өздігінен жүріп-тұра алмаса, енді біреулері, керісінше, қолды-аяққа тұрмайды, қоғамдық ортаға мүлде бейімделмеген. Былтыр маусым айында облыс орталығындағы №46 орта мектептің ғимаратында осындай ерекше балғындардың ата-анасына үміт сәулесін сыйлаған психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ашылған болатын. Бір жылдың ішінде бұл жерде 96 бала коррекциялық көмек алып шықты. Олардың оншақтысы толық оңалып кеткен. Биыл 27 маусымда тәрбиеленушілердің алғашқы легі жаттығулардың бір кезеңін аяқтап, психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияға жіберіліпті.

Оншақты бүлдіршін оңалып шықты

– Бір жылда он шақты бүлдіршін әлеуметтік бейімделіп, толық оңалып шықты деуге болады. Оларға енді логопед, психологтың, дефектолог сияқты мамандардың көмегі қажет емес. Тағы бір топ баланы коррекциялық мекемелерге жібердік, – деп бастады сөзін кабинеттің меңгерушісі Марина Лаврентьева.

Оңалтуға туғаннан бастап он сегіз жасқа дейінгі балалар қабылданады, оларға кабинеттің қызметі үш айдан бір жылға дейін көрсетіледі екен. Мерзімі аяқталғаннан кейін, мемлекеттік қызметті толық пайдаланған тәрбиеленушілерге анықтама, мінездеме беріліп, психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияға қайта жіберіледі.

-Комиссияның шешімімен олардың бір тобы бізге оралып, бейімделулерін жалғастыруы да мүмкін. Қалғандарын қаладағы әртүрлі коррекциялық балабақшаларға жолдайды. Бізде аутист балалар, Даун синдромымен, ақыл-есінде тежеулік бар, тіл мүкістігі бар бүлдіршіндер көп. Балалардың сал ауруына шалдыққандары да кездеседі. Әсіресе коммуникативті функцияларының қалыптасуында ауытқушылықтары бар, яғни айналасындағы адамдармен қарым-қатынас орнатуда, ортаға бейімделуде проблемалары бар сәбилер көп. Осындай балғындармен бір жылда көп жұмыс істеп, жетістікке жеттік. Басында айғайлап, жылап, адамды тыңдамайтын балалар біздің мамандардың жұмыстарынан кейін тынышталып, көпшілікке бейімделе бастағанын байқаймыз. Олардың ата-аналарымен бірге қуанамыз. Келген кездері мен кеткен уақыттағы мінез-құлықтары жер мен көктей, – деп толықтырды меңгеруші.

Бүгінгі таңда 97 баланың орнына кезекте тұрған 62 бала қабылданып, жаттығуларын бастаған. Меңгерушінің берген деректері бойынша, былтырғы қыркүйек айынан бастап кезекке 150 бала жазылыпты. Мүмкіндігі шектеулі баламен қоса, олардың ата-аналарымен жұмыс та жақсы жолға қойылған.

-Әке-шешелерінің өтінішімен тақырыптық жиналыстар өткізіп тұрамыз. Олармен тығыз байланыс орнатылған. Сабақтарға балаларымен бірге қатысуын талап етеміз. Өйткені бір сабақта көп нәрсені үйрете алмайсың. Сондықтан үлкендерге бүлдіршіндермен үйде жаттығуға тапсырма беріледі. Кейін біздің мекемеден кеткен соң да олардың өздері үшін пайдалы кеңестер береміз. Жеке жаттығуды қажет етпейтін балалармен топ құрып, жаттығамыз. 70 балаға дейін бір мезгілде жаттыққан кездер болды. Жалықтырып алмас үшін бір балаға күніне екі сабақтан төрт сабаққа дейін бекітеміз. Сабақ бұрын 45 минутқа созылса, биылғы нормативтер бойынша енді 35 минуттан аспайды. Өйткені, мұндай балалар тез шаршап, жалығып кетуі мүмкін, – деп жалғастырды Марина Геннадьевна.

Сабақтар негізінен оларға өмірде қажет болуы мүмкін дағдылардың төңірегінде ойын ретінде ұйымдастырылады. Мысалы, шаштаразға бару, ауруханада немесе дүкенде сауда жасау тақырыптары талданады.

Кезінде «Дара» жекеменшік қайырымдылық қорының бастамасымен ашылған түзету кабинеті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Балалармен логопед, дефектолог, сурдопедагог, тифлопедагог, психолог сияқты мамандар жұмыс істейді. Монтессори, емдік дене шынықтыру, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, ритмика, балаларға арналған қысқа мерзімдік топ кабинеттері жабдықталған. Мамандар жаттығуларды қазақ және орыс тілдерінде жүргізеді.

-«Дара» қайырымдылық қоры сыйлаған Гросс аппараты сал ауруына шалдыққан балғындар үшін өте пайдалы. Бізде екі жасқа толмаған сәби бар. Анасының қолында ғана жүретін, басын да ұстай алмайтын. Жылай беретін. Осы құралда жаттығудың нәтижесінде бүлдіршін қазір басын ұстап, жан-жағына бұрылып қарайтын деңгейге жетті, эмоциясы пайда болды. Сіз білсеңіз, осы қарапайым қимылдардың өзі оның ата-анасы үшін қандай жетістік екенін!- дейді меңгеруші эмоциясын жасырмай.

Үміттің бір сәулесі

Ата-анамен бірге қуанамыз

Орталықтың педагог-психологы Құралай Нұрбекова бұл жерде ашылғаннан бері істеп келеді. Психолог ауытқушылығы бар бүлдіршіндердің әрқайсысына жеке даму бағдарламасы жасалатынын айтады. Өйткені ерекшеліктері, өмірді қабылдауы әртүрлі. Интеллектісі сақталған, бірақ тіл мүкістігі бар балғындар мен аутист балалардың ортаға бейімделуін салыстыруға келмейді. Өзінің бір жылдағы жұмысының жетістігі ретінде Асан деген баланың нұсқаулықтарды түсініп, оны орындай бастағанын айтады.

-Ең қиын балалар – аутистер. Солардың бірі –Асан кабинетке кіргеннен жүгіретін. Бір орында отыра алмайды. Нұсқаулықтарды түсінбейді. Адамның көзіне тіке қарамайды. Маған аутист балалар аптасына үш рет келіп, жаттығады. Бір жылдағы жетістігім – әлгі Асан деген балғын бір орнында бір сағат тыныш отыратын болды. Қарапайым нұсқаулықтарды түсініп, орындап үйренді. Қазір оны психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияға жібердік. Егер ол жерде балаға біздің кабинетте ары қарай жаттығу қажет деп шешсе, жалғастырамыз, – дейді психолог .

Қазір психологтың көмегіне он алты бүлдіршін жүгінуде. Тіл мүкістігі бар балғындармен аптасына бір рет жаттығады. Бұл жерде де маман тәрбиеленушілердің ата-анасының көмегінсіз ешқандай нәтиже шықпайтынын баса айтты.

-Жұмысымдағы басты қиындық – басында баланы дұрыс білмейсің. Кейбіреуі әке-шешесінің қасында болғанын қалайды. Енді біреулері, анасына еркелеп, айтқан тапсырманы орындаудан бас тартады. Шешесі де оны аяп, « жарайды, істемей-ақ қойсыншы» деп өтінетіндері бар. Мұндай жағдайда жақындарынсыз жаттығамыз, – дейді психолог маман.

Аутист бала болса, алдымен оның коммуникативті функцияларын түзетеді. Кабинетке бейімдеп, амандасу, қоштасу сияқты қарапайым дағдыларды қалыптастырады. Ойыншықты әкел, апар, жина деген сияқты нұсқаулықтарды тыңдап, орындауды үйретеді. Баламен жұмыс істеген кезде, оның бір кемістігін барлық мамандар бірлесіп түзетуге кіріседі екен. Мысалы, бала қызыл түсті ажырата алмайды делік. Психолог өз кезегінде барлық жаттығуларын осы түсті үйретудің айналасында құрастырады. Мысалы, «қызыл алманы әкел, қызыл гүлді сал, қызыл ойыншықты тап» деп кете береді. Содан кейін ата-анасына үйде қайталау үшін тапсырма беріледі.

– Бұрын мектепте жұмыс істегенмін. Оның да өз қиындықтары болды. Ал қазіргі қызметімнен үлкен моральдық ләззат аламын. Өйткені ата-ананың қуанышын көру, баланың бір нәрсеге үйренгенін бақылау, соны өзіңнің еңбегіңнің жемісі екенін сезіну – үлкен бақыт екен, – дейді Құралай Нұрбекова.
Логопед маман Күмісай Абылайхан күніне он баламен жұмыс істейді. Олардың ішінде тіл мүкістігінен басқа психикалық тежеулігі бар балғындар да кездеседі. Әр бүлдіршіннің ауытқушылығын ескеріп, жеке бағдарлама жасайды, әртүрлі әдістерді қолданады.

-Үнемі оқып, іздену қажет. Осы уақытта дейін маған келген 2-3 баланы қалыпты деңгейге жеткізіп, мектепке жібердім. Бұл – жақсы көрсеткіш, – дейді логопед маман. – Сонымен қатар тіл кемістігі азайған балаларым да бар. Бұл жерде ата-анасының қолдауынсыз нәтиже шығара алмайсың. Баламен үнемі жаттығып, дайындық жұмыстарын бірлесе істеу қажет.

Үміттің бір сәулесі

Талғаттың анасы Сандуғаш орталыққа келген кезде ұлының тек педагогтың сөздерін ғана қайталай бергенін айтады. Екі сөздің басын құрап, сөйлем ретінде айту оған қиын болыпты. Астанаға да барып, қаралған. Осында жаттыққалы бері көп ілгерілеушілік байқалады. «Маманы шақыр, қашан келеді?» деп қыңқылдаған баланың сөздерінен өз басым ешқандай мін таппадым.

-Қазір төртте, екі жарым жасынан ауырды. Үйге берген тапсырмаларды бұлжытпай орындаймыз. Әртүрлі жармалардың, тамақтардың атауларын қайталатамын. Балам құлантаза жазылып кетеді деп сенемін, – дейді Сандуғаш.

Тағы бір ата-ананың сөзіне қарағанда, барлық проблема Рома екі жастан асқанда басталған. Оған дейін қалыпты дамып келе жатқан бүлдіршінді ата-анасы балабақшаға береді. «Мама», «папа» дейтін, әпкелерімен ойнап, айтқанды екі етпей орындап жүрген сәби алдымен сөйлеуден бас тартады. Мұны ата-анасы да, тәрбиешілер де баланың орыс тілін білмеуінен шығар деп, басында аса мән бермейді (Романың ұлты шешен). Одан кейін балабақшаға бармаймын деп жылайтынды шығарды. Тамақ ішпейді. Төрт ай өткенде, анасы оның ешнәрсеге елеңдемейтінін аңғарады. Лор дәрігерге қаралғанда, аденоидтардың бар екенін, оған төрт жастан асқанда ғана ота жасалатынын айтып, шығарып салады. Аденоидтардың кесірінен бүлдіршіннің есту қабілеті нашарлапты. Уақыты жеткенде ота жасатқаннан кейін де, оның жағдайы жақсарып кетпеген. Анасының сөзіне қарағанда, оған құлағы нашар естумен қатар, енді аутизм диагнозы қойылуы мүмкін.

-Қазір алты жасқа келген балам бір орында отыра алмайды. Көзіме тіке қарамайды. Адамдармен қарым-қатынасқа түспейді. Дәрігерлер аутизм деп күдіктенеді. Осы орталыққа жарты жылдан бері келіп жүрміз. Нәтижесінде оның іс-әрекетінде көптеген жақсылықты байқаймын. Мысалы, аздап тынышталды. Айтқан нұсқаулықтарды түсінеді. Мұрнын көрсете алады, – дейді анасы қуанышын жасырмай.

Мамандардың айтуынша, бұл – Рома үшін үлкен жетістік. Оған әзірге аутизом диагнозы нақты қойылмаған, әлі де тексерілуде.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button