Қоғам

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүддесін кім қорғамақ?

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүддесін кім қорғамақ?


Прокуратура уәкілетті органдар мүгедектермен жұмысқа үстірт қарайтынын анықтады. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны жылдан-жылға артуда. Алайда, денсаулық сақтау басқармасы оның себептерін талдамайды. Мүгедектерді еңбекпен қамтуға жауапты әлеуметтік қорғау органдарының жұмысы да наразылық тудырады. Анықталғандай, мүмкіндігі шектеулі адамдардың көбі мемлекеттік органдардың көмегінсіз жұмыс табады. Көптеген кәсіпорындар мүгедектерді жұмысқа алмауға тырысады, ал мемлекеттік органдар заң талаптарының орындалуын бақыламайды. Мүгедек балалармен жұмыс жеткіліксіз. 500-ден астам жасөспірім арнайы білім алмайды. Анықталған проблемалар облыстық прокуратурада өткен ведомствоаралық жедел кеңесте толық айтылды.
Облыс прокуратурасы өткен жылы және осы жылдың 1-ші жартысында мүгедектер құқықтарының сақталуын талдап, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың саны жылдан-жылға артуда. Өткен жылдың мәліметтері бойынша, облыста олардың саны 58 682 болған (2014 жылы – 55 540). Яғни, облыстың әрбір 23-ші тұрғыны – мүгедек.

Қан және қан айналымы органдары, эндокринді, психикалық аурулар бойынша бастапқы мүгедектік санының өсуі байқалған. Былтыр бастапқы мүгедектік көрсеткіші Абай, Үржар, Күршім, Бесқарағай, Бородулиха аудандарына тіркелді.

– Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасы мүмкіндігі шектеулі адамдар санының өсу себептеріне талдау жүргізбейді. Осыған байланысты мүгедектікке әкеп соғатын аурулар санының елеулі артқаны байқалады. Мысалы, Абай ауданында экологияның қолайсыздығына байланысты ұзақ жыл науқастанған және тек 2016 жылы ғана тексеріліп, 1 топтағы мүгедектік берілген азаматтар анықталған. Ал Абай ауданы 1992 жылдан бері радиациялық тәуекелі жоғары аумақ саналады. Сондықтан мұндай тексерулер тұрақты жүргізілуі тиіс болған, – деді жиында облыстық прокуратураның басқарма басшысы Рустам Шидердинов.

Аумақта мүгедектердің медициналық оңалту деңгейі де жеткіліксіз. Ал уәкілетті органдар мәліметіне сәйкес мүгедектерді оңалту көрсеткіші 98% құрайды.
Прокуратура іріктеп тексеру жүргізгенде, денсаулық сақтау мекемелері бес мүгедекке қатысты медициналық оңалту шараларын жүргізбегені анықталды. Яғни, салалық ведомстволардың мәліметтері шындыққа сай емес екенін көрсетеді.

Арнайы инфрақұрылым жоқ

Ең көп таралған проблема – қоғамдық көлікте және мемлекеттік мекемелерде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған инфрақұрылымның жоқтығы.

– Уәкілетті органның деректері бойынша, мүгедектер үшін 2 284 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы бейімделген. Сонымен қатар, Өскеменнің Қазақстан көшесінде орналасқан бірқатар дүкендер мен асханаларды тексеру олардың мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделмегенін көрсетті, – деді Рустам Шидердинов.

Уәкілетті органдардың мәліметтері бойынша 105 қалааралық автобустың 59-ы ғана мүгедектер үшін жабдықталған. Облыс орталығындағы жолаушылар автобусының бірде-бірі мүгедектерге арналып жарақталмаған болып шықты.

Сонымен қатар, Өскемен құрылыс бөлімінің мәліметі бойынша облыс орталығында соңғы кезде салынған жеті тұрғын үйде мүгедектер үшін арнайы инфрақұрылым қарастырылмаған.

Облыстың халыққа қызмет көрсету орталықтарында сурдоаудармашы мамандар жоқ. Осындай проблема Өскемендегі №1, Аягөз, Зайсан, Үржар аудандарының ХҚҚО-да анықталды.

Арнайы білімге мұқтаж балалар саны артып келеді

Сондай-ақ, тексеру мүгедек балалар құқықтарының бұзылғанын анықтады. Қазіргі кезде аумақта 15 208 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Соңғы 3 жылда осындай балалардың саны 33,8% артқан. Әсіресе, психикалық дамуы тежелген жасөспірімдердің саны 1 762 немесе 35,1% көбейген.
Прокуратура бірде-бір уәкілетті органның осы статистиканың себептерін анықтамайтынын анықтады. Сондай-ақ, бірқатар мүгедек балалар арнайы инклюзивті білім жүйесі бойынша оқытылмайтыны анықталды.

– 659 мектептің тек 486-да мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына ішінара жағдай жасалған, ал мүгедек балалардың келіп оқуына тек бір мектеп – Өскемен қаласындағы №15 орта мектеп қана бейімделген. Ешкім бұл мәселемен нақты айналыспайды, – дейді прокуратура қызметкерлері.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың мүддесін кім қорғамақ?

Абай, Күршім және Ұлан аудандарында инклюзивті біліммен қамтылмаған 600 бала бар. Бір қызығы, прокуратура тексеруі барысында Абай ауданының басшылығы біздерде инклюзивті білімге мұқтаж бірде-бір бала жоқ деп мәлімдеген. Бірақ шынтуайтында ауданда ондай 53 баланың бар екені анықталды. Аудандық білім бөлімдері маман тапшылығын алға тартады. Бірақ, Өскемендегі жоғары оқу орны – С. Аманжолов атындағы ШҚМУ ғана соңғы 3 жылда 96 дефектолог маманды дайындап шығарған екен. Олардың дені қазір өз бағыттары бойынша жұмыс таппай, өзге салаларда еңбек етіп жүр.

Жұмысты өз күштерімен тауып жатыр

Мүгедектерді жұмыспен қамту да – елеулі проблема. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектерді жұмысқа орналастыруға ынтасыз, қандай да бір кәсіпорында квота болса да, жұмыс орындары болмайды. Мысалы, егер 2014 жылы жұмыс істеуге ниет білдірген мүгедектердің 83% жұмыспен қамтылса, 2015 жылы 77%, ал 2016 жылы небәрі 64% жұмыспен қамтылған. Ал облыстағы мүгедек жандардың ресми түрде 80 пайызы – жұмысқа жарамды азаматтар.

Осы ретте анықталған тағы бір заңбұзушылық – еңбекпен қамту бөлімдері бір мүгедекті жылына 4-5 рет қоғамдық жұмыстарға жіберіп, қағаз жүзінде 4-5 мүгедек жұмыспен қамтылды деп жалған дерек беріп отырған.

Бұдан да басқа, уәкілетті органдар жұмысқа орналасқан мүгедектердің әрі қарай еңбек ету жағдайларын бақыламайды. Облыста әлеуметтік қамту бөлімдері мүгедектер үшін арнайы жұмыс орындарын құру шараларын жүргізбейді.

Жиында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова мүгедектермен жұмыс істейтін бөлім ашылатынын жеткізді. Енді жағдай оңалу керек дейді. Бөлімді ашуға аймақ басшысының қолдауы сеп болыпты.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова облыста үшжылдық денсаулық сақтау саласын дамыту бағдарламасы бекітілгенін, ол бойынша 50 дәрігер шетелде білімдерін тереңдетіп жатқанын жеткізді. Бұл мақсатқа қазынадан 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлінген. Аймақ басшысының мұрындық болуымен Өскемен қаласында мұқтаж балаларға арналған «Ақ ниет» мектеп-интернаты ашылып отыр. Ол оқу орны орта біліммен қатар, кәсіби білім беруді де өз міндетіне алған. Облыс әкімінің орынбасары прокуратура бастамасымен құрылып отырған жұмыс тобына жан-жақты қолдау көрсетілетінін де қадап айтты.

– Жұмыс тобы алдында ауқымды жұмыс тұр. Ол топқа енген прокуратура қызметкерлері өзге міндеттерінен толық босатылып отыр. Тек қана осы мүгедек азаматтар мәселесімен ғана айналысатын болады олар. Жұмыс тобының қызмет нәтижесін осы құрамда тағы тыңдап, талқылаймыз. Атап өткім келетіні, бұл – кезекті бір науқан емес, – Күрделі әрі қажетті жұмыс. Біз жекелеген проблемалармен қатар, осы саладағы мәселелерді жүйелі түрде шешудің жолдарын қарастырамыз, – деді жиынды қорытындылаған облыс прокурорының міндетін атқарушы Құсайын Игембаев.

Облыс прокуратурасы талдау нәтижелері бойынша құзырлы органдарға мүгедектер проблемаларын шешу үшін жұмыс топтарын құруды және мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын бұлжытпай сақтауды ұсынды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button