Президент тапсырмасыТОП

Мектеп формасының талаптары өзгерді

Оқушының барлық жағдайының жайлы болуына мүмкіндік жасау Оқу-ағарту министрлігінің басты міндеттерінің бірі.  Бұл мәселеге Президент те көңіл бөліп, өз Жолдауында тілге тиек еткен болатын. Осыны ескерген Оқу-ағарту министрлігі мектеп формасының талаптарына өзгерістер енгізді.

Мектеп формасына өзгеріс енгізу туралы мәселе осыған дейінгі министр Асхат Аймағамбетовтің тұсында қолға алынған еді. Енді міне, өзгеріс енгізіліп, бұйрық 10 қаңтардан бастап күшіне енді. Бұл Жолдаудың қолдау тапқанының бір көрінісі деуге болады. Президент өз Жолдауында: «Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн», –  деген болатын.

Мектеп формасына қатысты бұйрыққа өзгеріс 2022 жылғы 30 желтоқсанда енген. Онда  орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға халықтың сұранысына сай өзгеріс енетіні айтылған болатын.

– Мектеп формасына қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, дәстүрлі киімдерден бөлек, ыңғайлырақ киім, дәлірек, кардиган мен тенниска киюге мүмкіндік берілді. Бұған дейін ата-аналар бұл мүмкіндіктің балалар үшін ыңғайлы екенін айтып, қарастыруды сұраған болатын. Өйткені сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей қолайлы емес. Сол себепті балама ретінде ыңғайлырақ киіммен келуге рұқсат беру ұсынылып отыр, – деген болатын оқу-ағарту экс-министрі Асхат Аймағамбетов.

Оныншы қаңтарда қолданысқа енген бұйрықта оқушыларға киюге болатын киімдер тізімі көрсетілген. Онда ұлдарға «пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері бар не сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезеңде тоқылған жилет, жемпір)» киюге болатындығы бектілген. Ал қыздарға «пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері не сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста тоқылған жилет, сарафан, жемпір) киюге болады. Қыздарға арналған шалбар бос және ұзындығы бойынша аяқтың тобығын жабуы қажет» деп көрсетілген бұйрықта.

Сондай-ақ бұйрықтан бұрынғыша біркелкі киім үлгісіне (ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка) қойылатын талаптар алынып тасталған. Осылайша енді оқушылар бұйрықта көрсетілген талапқа сай еркін киінуге мүмкіндік алып отыр.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button