Қоғам

Марқакөлдегі дүбірлі турнир

Марқакөлдегі дүбірлі турнир

Марқакөл ауылында Қазақстан полициясына 25 жыл толуы мерекесіне орай полиция полковнигі, волейболдан облыстық жарыстардың неше дүркін жеңімпазы Нұрмұхамбет Рахметұлы Сариповты еске алуға арналған ерлер арасында облыстық турнир өтті.

Бұл дүбірлі сайысқа облысымыздың қалалары мен аудандарынан 7 команда атсалысып, тамаша ойын үлгісін көрсетті. Олар – облыстық ішкі істер департаментінің, Күршім, Глубокое, Тарбағатай, Зайсан аудандарының, Бұқтырма кентінің және Марқакөл ауылының командалары.

Аса тартысты өткен турнирде бірінші орынды облыстық ішкі істер департаментінің командасы жеңіп алды. Сондай-ақ, екінші орынды Глубокое ауданының командасы иеленіп, күршімдіктер үшінші орыннан бой көрсетті. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар табыс етіліп, мақтау қағаздарымен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Турнирге Катонқарағай ауданы кәсіпкерлер одағының төрайымы, Н.Сариповтың қарындасы Айтжамал Рахметқызы мен Күршім аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі демеушілік жасады.

Турнирдің «Үздік шабуылшы» аталымына тігілген жүлдесін Глубокое құрамасының ойыншысы Ринат Серікбаев жеңіп алды. «Үздік қорғаушы» атағына ішкі істер департаментінің ойыншысы Ринат Жарылқасын, «Үздік бағыттаушы» жүлдесіне осы мекеменің тағы бір ойыншысы Едігер Бикенов ие болды.

Жарыс соңында «Туған жерге – тағзым» акциясы аясындағы осындай спорт мерекесін ұйымдастыруға сүбелі үлес қосқан Айтжамал Рахметқызы барша тілектестерге, соның ішінде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Көкенай Базаровқа, марқұмның зайыбы, ардагер ұстаз, Күршім ауылының құрметті азаматы Кәтиза Байбазарқызына, жарыстың бас төрешісі болған халықаралық дәрежедегі төреші, Марқаның тумасы Серік Ақатовқа зор ризашылық білдіріп, алғыс айтты.

Х.Хайролла
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button