Қоғам

Малға жемшөпті өзі салатын құлтемір

Малға жемшөпті өзі салатын құлтемір


Қарауылдағы Абай атындағы мектеп-лицейдің 10-сынып оқу¬шылары Расул Ролланұлы мен Серғали Ахметқалиев қора-қопсыны тазалап, малға жемшөпті өзі беретін құлтемірді жасап шығарды.

Лего ойыншығынан құрастырылған құлтемір мал шаруашылығына қажетті барлық шаруаны бір өзі атқарады. Жас өнертапқыштың бірі Расул Ролланұлының айтуынша, олардың бұл өнертабысына ауылдастары дән риза.

– Қыстың қақаған суығында ата-анамыз малға жемшөп беріп, қиналып жүргенін көргенде, оларға көмектескім келеді. Сондықтан осындай құлтемірді жасап шығаруды жөн деп шештік. Қарапайым ойыншықтан құрастырылған құлтемір қыстың қақаған аязына қарамайды, – дейді Расул Ролланұлы.

Биыл Қарауыл мектеп-лицейінде робот техникасы сыныптары ашылды. Соның нәтижесінде, оқушылардың жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылықтары бұрынғыдан да арта түсті. Осылайша, математика, физика, информатика және сызу пәндерін бір мезетте меңгеріп жатқан балалар болашақта инженерлік мамандықты игергілері келеді. Расул Ролланұлы мен Серғали Ахметқалиевтың бұл жобасына жетекшілік еткен ұстаздардың бірі Еділ Әділғазының айтуынша, жуырда жас өнертапқыштардың еңбегі еленіп, оқушылар облыстық байқауда жүлделі орынға ие болған.

– Құлтемірді құрастырып біткен соң, балаларға жеке ноутбук беріледі. Оқушылар ноутбуктегі «Лэпевью» бағдарламасы арқылы тапсырмалар алгоритмін орындап, оны құлтемірге енгізеді. Кейін сол бағдарламаның көмегімен олар құлтемірдің барлық іс-әрекетін бақылап отыруға мүмкіндік алады. Құлтемірді құрастыру оңай болғанымен, бағдарламалауға келгенде қиындықтар туып жатады. Себебі, құлтемірді басқаратын бағдарлама неғұрлым күрделі болса, оның сапасы да жақсы болады, – дейді Еділ Әділғазы.

Аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің айтуынша, былтыр Қарауыл мектеп-лицейіне Семейдегі Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің басшылығы бес робот құрылғысын тарту еткен.

– Қалған алты құрылғыны аудандық бюджеттің есебінен сатып алдық. Биыл аудандағы барлық мектепте робот техникасы сыныптарын ашуды жоспарлап отырмыз. Аталмыш пәнді енгізудегі басты мақсатымыз – осы салаға баланы жастайынан бейімдеп, өңіріміздегі қосымша білім беру және техникалық мамандарды дайындауға үлесімізді қосу, – дейді Тұрсынғазы Мүсәпірбеков.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button