Қоғам

Күйкентайдың балапандарымен толықты

Күйкентайдың балапандарымен толықты


Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорықтың хайуанаттар бағы күйкентайдың балапандарымен толықты. Жуықта Бұқтырма су қоймасының жағалауынан мұнда панасыз қалған төрт балапан әкелінді.

Өңірімізде соққан дауылды жел мен қалың нөсердің салдарынан ағаштар мен бағаналар құлаған кезде, балапандардың ұясының да тас-талқаны шыққан. Мейірімді жандар болмағанда, кішкентай күйкентайлар жергілікті мысықтардың жеміне айналар еді. Балапандарға көмек қолын созған тұрғындардың бірі оларды мұражай-қорыққа әкеліп табыстады. Құстар ағаштан жасалған үйшіктері бар жайлы қаумалға орналастырылды.

Күйкентай – сүңқар тұқымдасына жататын құс. Олар – өздері ұя салмайды, өзгелердің баспанасын торып, кейде иелерін күштеп қуып шығатын құстардың бірі. Жұмыртқаны жарып шыққан балапандары аппақ болады. Тіпті, тұмсықтары мен тырнақтары да сондай түсті болып келеді. Тек бір апта өткен соң, жүндері сұрланып, тырнақтары мен тұмсықтары қараяды. Жеті күн шамасында балапандарды аналары тамақтандырады, кейін бұл іске әкесі араласады. Күйкентайдың балапандары мол азықты қажет етеді. Олар күнделікті өз салмақтарының үштен біріндей көлемдегі тамақты талғажау қылады. Балапандар тез есейіп, бір ай мерзімінде қанат қағып, ұясынан түлеп ұшады.

Күйкентайлардан басқа зообақтағы құстардың қатары біраз уақыт бұрын қыранның балапандарымен де толыққан болатын. Қыран құстың сарыауыз балапандары әзірге өте әлсіз. Зообақ қызметкерлері оларды қызғыштай қорып, жылдамырақ күш жинауы үшін барын салуда. Жуықта мұражайға келушілер қыран құстың балапандарын тамшалай алатын болады.

Зообақ ашылғалы оның экспозициясында түрлі құстар болды, олардың арасында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қыран, сұңқар, қаршыға сияқты жыртқыш құстар мен үкілердің бірнеше түрі бар. Олардың барлығы мұнда әкелінгенге дейін панасыз, әлсіз балапандар болатын. Сондықтан олардың қанаттары қатаю үшін көп күш жұмсалды.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button