Тарих

Көрпебайдағы қырғын (Абылайхан аңшының әңгімесі)

Көрпебайдағы қырғын  (Абылайхан аңшының әңгімесі)

Қазіргі шекараға таяу маңдағы «Сыбан қырылған», Диірменқора, Найзақара, Қазбай мен Шақардың биік-биік жартастарының арасында қаншама үңгірлер бар. Сол үңгірлер кезінде ауа көшкен елге пана болған. Жал-құздан асып, аса қиын жағдайда қашып бара жатқандар артық жүк болар деген дүние-мүлік, қару-жарақ, тағы басқа заттарды үңгірлерде қалдырып, апанның аузын оншақты азамат жылжыта алмайтын үлкен таспен бастырып, жасырып кетеді екен.
Бірде Мұздыда суыр аулап жүргенмін. Аңшыларға суыр терісін тапсыруға жоспар белгіленетін. Сол күні сәскеде Найзақараға қарсы Диірменқораның басындағы өзенге қараған жартастың үстінен үлкен бір аюды байқап қалдым. Жақындай түсіп, бақылауға көштім. Аю алдыңғы аяғын қуысқа тықты да, үлкен бір тасты жұлып алып, сайға қарай сырғытып жіберді. Қара тас домалап өзенге түскенде үш-төртке бөлініп кетті. Әр бөлігінің өзін бір адам қозғалта алмайды-ау, қазандай-қазандай. Аю үңгірді бір аяғымен қармап бірдеңелерді шығарып тастады да, өзіне керектіні таппады ма, жөніне кетті. Өрмелеп үңгірдің аузына жетсем, аю алдыңғы қасын күмістеген ер-тоқымды шығарып тастапты. Қолға ұстауға келмеді. Ағашы үгіліп, желге ұшып кетті.
…Иә, қарт Тарбағатайдың ашылмаған құпиясы көп.

***
Абылайхан аңшының әңгімесі кеңестік зобалаңның белгісіз қалған тағы бір парағын ашқандай. Бұл парақта ұлан-байтақ жеріміздің бір пұшпағы саналатын Тарбағатайда болған оқиғалар ғана баяндалды. Айтылмай жүрген қызыл қырғынның әңгімелері, ашылмай жатқан тарихтың құпия беттері, елеусіз, ескерусіз қалған есіл ерлер қаншама десеңізші! «Сабыр – Алланың адамзатқа берген үлкен сыйы» дейді. Сонда бұл «сабырлық» деген сауға тағдыр тәлкегіне талай ұшыраған, тарихы шырғалаңға толы қазаққа ғана берілген бе? Десек те, Мағауинше айтсақ, «Қазақтың тұқымы құрымағанына тәубе!».
Айта кетуіміз керек, өзге өңірлерде де кінәсіз қазақты 20-30-дап атып тастаған сұмдық оқиғалар болған. Мен білетін Ұлы Қызылқұм шөлінің өзінде ондап, отыздап атылып, бір шұңқырға көмілген жандардың молалары бар…
Иә, маңдайының соры қалың халқымыз бостан-босқа отанын тастап қашқан жоқ. Кеңестік солақай саясаттың құрбаны болды. Бәрін тастап қашуға кеңес дәуірінің солақай саясаты мәжбүрледі. Ұрпағын сақтап қалу үшін елін еріксіз тастап кетті. Төмендегі деректер сол нәубеттің айғағындай: «…кәмпескелеу, ұжымдастыру шаралары қазақтарды 1931-33 жылдары ашаршылыққа ұшыратыпты. 1929-31 жылдарда Қазақстанда кеңес өкiметi саясатының асыра сiлтеулерiне қарсы 372 көтерiлiс болды. Көтерiлiстiң күшпен басылуына орай қазақтар басқыншылыққа ұшырады. 1930 жылдың басынан 1931 жылдың ортасына дейiн Қазақстан аумағынан 281230 шаруа қожалығы сыртқа көшкен. Олардың едәуiр бөлiгi Қытайға, Иранға, Ауғанстанға өтiп кеттi. Қазақ этносы осы жылдары аса көп шығынға ұшырады. Ашаршылық және онымен байланысты туған iндеттер салдарынан 2 млн. 200 мыңнан (кейбір деректерде бұдан әлдеқайда көп – Қ.Ж.) астам адам қырылды. Бұл барлық қазақтардың 48 пайызын құрады. Халықтың босқыншылыққа ұшырауының басты себебі – күштеп ұжымдастырудағы асыра сілтеулер, бұрмалаулар мен аштық еді. 1932-1933 жылдары жабық шекарадан өту көп шығынға ұшыратты. Шекара бойындағы ОГПУ қызметкерлері ауа көшкен әлсіз де аш қазақтарды шеп құрып, пулеметпен қарсы алды, Ауа көшу, негізінен, шекаралық аудандарды қамтыды» ( «Уикипедия. Ашық энциклопедиясынан»).
Әңгімемізді түйіндеуге әйгілі қаламгер Мұхтар Мағауиннің мына сөзі тұздық болғандай-ақ: «Қашанда зорлықшыл империя атаулының түпкі саясаты біреу-ақ: үстемдік, өктемдік. Қарсылық серпін ғана емес, әлденендей наразылық лебінің өзін аяусыз жаныштаумен қатар, бұра тартуға жол қалдырмай, бәрін алдын-ала реттеп отыру, яғни билеуші әулеттің бүгінгі кеңшілік, ертеңгі кеніш ғұмырын қамтамасыз ету. Осы орайда, большевиктер өкіметі нендей күнәсі үшін бүкіл қазақ халқын өлім жазасына кесті деген жұмбақты сауал шығады. Жалғыз-ақ жауабы бар – кеңбайтақ жері үшін!».
…Абылайхан ақсақалдың сұхбат соңындағы ұсынысы былай болды: «Көрпебайдағы қырғын болған жерге: «Бұл жерде (1933 жылы жазда) арасында сәбиі бар, ересегі бар, жиырма қандасымыз Қызыл империя жендеттерінің қолынан жазықсыз опат болған» деген мазмұндағы сөз жазылған ескерткіш белгі қойылса, болашақ ұрпақ еске алып жүрер еді».
Рас-ау, өткенді елеусіз қалдырсақ, болашаққа қай бетімізбен қарамақпыз!? Жас ұрпақ тек жеңістеріміз бен жетістіктерімізді ғана емес, қорланғанымыз бен ошағымыздың ойрандалғанын, орасан ауыр қайғы-қасіреттерді, небір шытырман тарихи кешулерді бастан кешкенімізді білуі тиіс! Сонда ғана олардың ұлттық рухы мен намыс-жігері қалыптасып, тәуелсіздік пен бейбіт заманның қадірін ұғына түседі.

Қали Жолдасов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

(Соңы. Басы сайтта 9, 16 шілдеде жарияланды)

Осы айдарда

Тарих

Көрпебайдағы қырғын (Абылайхан аңшының әңгімесі)

Көрпебайдағы қырғын  (Абылайхан аңшының әңгімесі)

Оққа ұшқан ғұлама

Тоғастан шыққан, керемет қасиеттерімен елге танылған ғұлама Нұғыман да жазықсыз оққа ұшқан екен.
Азын-аулақ малын бағып, Ноқаның бойында жағалай отырған Нұғыманға «Хабарасу» заставасының екі солдаты келеді де: «заставаға шақырып жатыр», – деп, Ноқаның ағынын өрлете ала жөнеледі.
Белінде қылышы, мойнында үлкен найзалы бесатары бар екі әскер екі жағында. Жоғары бір иірім айланбаға келгенде, Нұғыман екі қызыл әскерді қамшымен екі тартады да, аттарынан аударып түсіріп, тұра қашады. Аттарынан ауған солдаттар естерін тез жиып, тізерлеп отыра қалып, бесатарларымен оқ жаудырады. Нұғыман жарықтықтың оқ жауырынынан тиіп, атынан құлап түседі.
Туысқандары Нұғыманның сүйегін алғаннан кейін, қан тамған жерін адам мен мал баспасын деп, биіктігі кіндіктен келетіндей етіп, зират сияқты қылып таспен қоршап қояды.
Нұғыман діни сауаты мол, тірісінде небір керемет қасиеттерімен ерекшеленген азамат болған деседі. «Бүгінде оның қаны тамған жердің топырағы мал-жанға ем болып тұр»,-дейді осы жақтың жұрты.
«Тарбағатай» шаруашылығының малшылары осы жердің бас-аяғын күзеулік қылып отырады. «Малдың желіні ісіп, қабынса яғни, мастит болса, бір уыс топырағын алып, бір түн тарта қоямыз. Сонда таңертең ісігі қайтып, жазылып кетеді»,- дейді сол жердің малшылары.
Нұғыманның сүйегін ағайын-туыстары Тарбағатай тауының бауырына, Аққора мен Көпесбайдың ортасына қойыпты. Ақ балшықпен сыланған бес қанатты үлкен зират. Нұғыманды атып тастағаннан кейін, туыстары үркіп, түгел Қытайға қаша бастайды.

Әбділда және оның жиырма мергені

Нұғыман өлгеннен кейін туысқандары оның зиратын тұрғызған соң, мұқым Ойшілік, Құмкөл, Ақсуатты мекендейтін Тоғас аталығынан тарайтын ағайындар үркіп, Хабарасудан асып қаша бастайды. Соның ішінде үлкен бай әрі болыс Әбділда да көшуге ыңғайланады. Бірақ Көрпебайда жазықсыз мерт болған жандар мен Нұғыманның өлімі ел басшысы Әбділданың өзегін өртеп, Кеңес өкіметіне деген өкпесін өршітіп жіберген еді. Қытай асуды мақсат тұтқан ол жазықсыз опат болған қазағы үшін кек алуды ұзақ жоспарлайды.
Әбділда болыстың түгелдей бесатар мылтықпен қаруланған аса мықты жиырма мергені бар болатын. Болыс аңдуда тұрған ауылды құпия жағдайда Қытай жаққа бағыттайды да, түн ауа жиырма мергенімен «Хабарасу» заставасына қарай бет алады. Жігіттері аса сақтықпен әуелі мұнараға шығып, қарауылдап тұрған күзетшілердің көзін жояды. Шырт ұйқыда жатқан солдаттардың бірін қалдырмай бауыздайды. Содан соң қазақтар жауыздығына сай «қанішер Кондөрін» деп атап кеткен застава бастығы Кондюринді өлтіріп, Қытай асып кетеді. Сөйтіп, бауырларының кегін алады. Застава иен қалады. Әлгі жерді кейін «Кондюрин» деп атаған себебі – осы. Казарманың күнбатыс жағына солдаттар мен Кондюринді жерлеген еді, қазір орны да жоқ.
2010 жылы мамыр айының 22-сі күні Әрінбек Масалов пен Серік Байхонов үшеуіміз сол жерге бір шаруамен барған болатынбыз. Кондюрин мен солдаттары жатқан зират моласын бульдозермен күреп, орнына автогараж салып тастапты.
1962 жылы Қытайдан біраз адам елге оралды. Олардың арасында осы заставадағы солдаттарды қырып тастаған адамдар да бар болып шықты. Сол кездегі 18-20 жастағы азаматтар қартайып қалған екен. Келгендер үкімет біліп қояды ма деп, қорқа-қорқа жүрді.
Әбділда болыстың ауылы Қытайға қашқан кезде «әскер келіп қалады» деп сасқалақтап жүріп, бір бала бесігімен жұртта қалып кетеді. Бұл баланы Ойшіліктің бір ақсақал адамы тауып алып, өсіріп жеткізеді. Атын Сламбек қояды. Сол Сламбек аға «Қарасу» қой совхозында 20-30 жылдай машина жүргізуші болып жұмыс істеді. Қазір зейнеткерлікке шыққан.
…Тағдыр тәлкегімен еріксіз Қытай асып, 60-жылдары елге оралған жандар шетінен еңбекқор, ұсталыққа, етікшілікке шебер адамдар екен. Елге тез сіңісіп кетті. Тарыдай шашыраған туыстарын таба бастады. Ойшілік шал-шауқандарынан сұрастыра-сұрастыра келіп, Сламбек пен оның ұлы Досанды «Қарасу» совхозынан тауыпты. Досан «Қарасу» жұмысшылар кооперативінде жүк-тауар таратушы болып жұмыс істейді екен. Қазірде олар үбірлі-шүбірлі, Қарасу ауылында тұрып жатыр.

Тіл білмегені үшін талай адамды атып тастапты

Ол кезде өкімет Шығыс Қазақстанға шекарашы әскерлерді, застава бастықтарын Ресейден әкелетін. Олар қазақ тілін түсінбейді, ал біздің ата-бабаларымыз орыстың тілін ұқпайтын.
Үлкен шешем Баянды Болатқызы мынадай әңгіме айтатын.
Қызыл әскер аттылы-жаяу болып, мал бағып отырған қыстауға келеді. Сусын ішіп, естерін жиғаннан кейін:
-Старик, это твой лощадь? Дай нашим солдатам, – дейді екен тізгінінен ұстап тұрған біздің шалдарға. Екі жақ бірінің сөзін бірі түсінбейді. Әскердің бастығы аттың тізгінінен ұстап өзіне тартатын көрінеді, ал біздің аталарымыз: «Мынау – менің сүтті бием, бәйге атым», – деп, өзіне қарай тартады. Сол-ақ екен:
-Мынау басмач, кулак, против революций, против Красной Армий! – дейді екен де: «От имени революций!» – деп, сол жерде, табанда аталарымызды атып тастайды екен.
Оны көріп тұрған жасөспірім бала тайына мініп, көрші ауылға қарай қашып барады. Осылай да осылай, «қызыл әскерлер келіп, атын бермегені үшін атамды атып кетті» деп. Содан сол ауыл екі кештің ортасында, қойы қоралаулы, ошақ-шамы жағулы опыр-топыр болып, Қытайға қарай тұра көшеді екен. Ауыл азан-қазан, у да шу. Мал қорада да, өрісте де қала береді.
Сонда қазір ойлаймын: «ауылда не сол солдаттардың ішінде тіл білетін бір адам болса, солай болмас еді ғой» деп. «Қызыл әскер жаяу шаршап келеді, мінуге жарайтын ат бер» десе, беретін еді ғой! Қазақ арасында жүрген соң, тым болмаса қазақшаны ауызекі сөйлеуді білетіндей бірді-екілі адамды қоса алып жүрсе болмас па еді сол қанішерлер?!
Солай! Үріккен елдің Қытайға аса алғандары асып кеткен. Жонда кетіп бара жатқандар – кедей-кепшіктер болғандықтан, міндетті түрде аттары арық, жай-күйлері төмен болған адамдар. Сонда бір соқса бірнеше күн тынбай соғатын, ел «Ебінің желі» деп атап кеткен дауыл жүріп кетіп, талай жандар жонда өлген.
Біздің Тарбағатайда «Ебінің желі» басталғанда, күн әп-сәтте бұлттанады да, аспан қабағын түйіп, күркірейді, арқырай соққан дауыл аттыны атымен, жаяуды жаяудай ұшырады. Жердің қара топырағын шығарып, тастарын оқша атады. Қарны тоқ, жүні қалың дала тағысы-арқарлар да топ-тобымен Ебіге шыдас бере алмай, бері, Теріскейге келіп паналайды. «Ебі желі» екі-үш күн соғып, міндетті түрде жолындағыны түгел опат қылады. Жел басылғаннан кейін, аң-құс шұбырып-шұбырып, жайыла-жайыла қайта жонға шығып, Қытайға қараған күнгейдегі шағыл жартастарды паналап жүреді.
Несін айтайын, тілді білмеудің кесірі де «Ебі желі» сияқты, талай жанға жазықсыз жапа шектіріпті.

Әлібай мерген мен қызыл капитан

«Қызыл капитан» деп аталатын жердің тарихына қатысты қариялардан мынадай әңгіме есіткен едім.
Сол жерді бұрын «Зайсанның 5-ші отряды» деп атайды екен. Осы отрядқа ішкертіннен бір капитан қызмет бабымен ауысып келеді. Сол уақыттарда қазақтар шекарадан ары-бері өтіп жүріпті деседі. Жаңағы капитан болса: «Қазақ басмаштарды шемішкеше шағу керек, шетінен қыру керек!» -деп қоқиланады екен.
Зайсан қаласының тұрғыны Әлібай Қытайға өтіп, бала-шағасын асырау үшін, сауда жасап, мал, тауар, тағы басқа оны-мұны әкеліп жүретін көрінеді. Бұдан хабары бар шекара басшысы Әлібайды аңдып, қыр соңына түседі. Әрі ұстатпай, бері ұстатпай, қашып өтіп жүргесін, қызыл әскерлер өзіне тіпті өшігіп алыпты.
Бірде біреулер оның Кеңсайды тасалап, жасырынып жүрген жерін шекарашыларға айтып қояды. Әлгі қызыл әскердің капитаны бір бөлімше солдатты бастап, Кеңсайға келіп тіміскілеп қарайды. Сол сәтте су алып, ізін топыраққа түсірмей, тас-таспен жүріп, үңгірге кірген Әлібай қаннен-қаперсіз ас қамына кірісіп жатады. Ал капитан болса жаңа ғана тасқа тамған су тамшыларының ізімен тура үңгірдің аузына баспалап келіп қалыпты. Шалт қимылдайтын Әлібай бесатарын ала сала екі көздің ортасынан капитанды атып жібереді. Төменде тосқауылда тұрған солдаттардың алдына әуелі фуражкасы, ізінен өкіре құлдилап капитанның өзі түседі. 10-12 метрдей еңіске қарай ұшып, гүрс етіп түскен денені көрген солдаттардың үрейі ұшады: капитанның басының жоғарғы жағы мен екі көзі жоқ дейді. Мұрны мен ауыз жағы ғана қалыпты. Әлгіні көрген солдаттар атысуға да шамалары келмей, сайды жағалай қаша жөнеліпті.
«Өзім өз болып қолымды қанға малғаным осы болды. Қайтейін қолға түссем, қорлап, азаптап, сұраусыз-ақ атып тастары сөзсіз еді. Бұлар мені жердің тесігіне кірсем де тапты, енді тегі қоймас», – деп Әлібай Алла тағалаға сиынып, сол кеште үйін Қытайға асырып әкетіпті. Әскерлер оны Кеңсай-Қамбардың қара қойының ішінен іздеп жүргенде, Әлібай Сарытерек, Кендірліктен асып үлгерген екен.

Тарбағатайдың құпиясы көп

Біздің Тарбағатайда ашылмаған сыр-құпия көп қой. Мысалы, «Қызылащы» заставасының аяқ жағында, ертеде қытайлар келіп, қайла-күрекпен алтын қазыпты. Заставадан төмен Жаңаталапқа, Үшбұлаққа қарай алтын қазған шахталардың орындары әлі күнге дейін тұр.
Осы заставаның аяғына таман Биесимас деген бір асу жол бар екен. Қариялар бұл асуды Тарбағатай жотасының теріскейінен, Ұялы Бабақан мен Терісайрықтың бойынан асып түсетін жерде деуші еді. Мыңбай Құдайберген деген жездеміз: «Сол асуда майлап құрым киізге орап, жиырмадан астам бесатар мылтық тыққанбыз», – дейтін.
Жүргізуші кезімде «Жалаңаш» қой фермасынан «Ленин» орденді Қалиев Нұрқасым ақсақалмен талай рет жолдас болдым. 30-жылдардың талай оқиғасын білетін нағыз көненің көзі еді. Ата мекенін амалсыз тастап қашқандардың қиын халі мен олардың қилы тағдыры жайында егіліп отырып әңгімелейтін. Зар заманның куәгері болған, сол дәуірдің құпиясын білетін кісілер бүгінде арамызда жоқ. Ол кезде менің жастау кезім. Қариялардың әңгімелеріне терең мән бермеппін. Өмір бойы аң аулап, тау-тасты кезіп жүріп, зауалды заманның құпиясын ашар сол мүліктерді іздеуді де ойға алмағаныма қазір өкінем.

(Жалғасы, басы сайтта 9-шілдеде жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Тарих

Көрпебайдағы қырғын (Абылайхан аңшының әңгімесі)

Көрпебайдағы қырғын  (Абылайхан аңшының әңгімесі)

Тарбағатай өңірінде «Аюмен алысқан алып» атанып, аты аңызға айналған аңшы Құжыбайдың немересі, құралайды көзге атқан әйгілі мерген Долданың ұлы, ғұмыр бойы аңшылықты кәсіп етіп, саятшылық құрған, аңшылар әулетінің бүгінгі ақсақалы Абылайхан ағамен Алматыда кездестік. Жасы жетпіске таяп қалған кәнігі аңшы, танымал мерген бастан кешкендерін қағазға түсіріп, өзі «Аңшының әңгімесі» деп атаған қолжазбасын баспаға әкеліпті. Қазақ қаламгерлері сирек қалам тартатын аңшылық пен саятшылық тақырыбындағы қысқа-қысқа әңгімелерден тұратын қолжазбаны оқып, Әбекеңнің аң аулаумен ғана шектелмей, өскен өлкесінің аң-құсын терең зерттегеніне таң-тамаша болғанымыз рас. Көнекөз қариялардан естігендерін жадында сақтап, небір оқиғаларды майын тамыза әңгімелейтін ақсақалмен сұхбатымыздың соңы Тарбағатайдағы елдің тарихына ауысты. Аң аулай жүріп, ұлан-ғайыр дала мен тауды кезген мерген туған өлкесінің жер-су атауларына байланысты талай әңгімелердің түйінін ағытты.

Жиырма жан жазықсыз опат болыпты

Өткен ғасырдың 20-30-жылдары халқымыз босқыншылыққа ұшырады. Күштеп ұжымдастыру, кәмпеске, ашаршылық кесірінен осы аймақтың мыңдаған адамы Қытай асты. Олар өз еркімен немесе бүгінде кейбір «білгіштер» айтып жүргендей, «байлығын, дүние-мүлкін, алтын-күмісін сақтап қаламын» деп кеткен жоқ. Амалсыздан осындай қадамға барды. Қорлыққа шыдамай кетті. Қарт Тарбағатайдың әрбір тау-тасы, құзы мен шыңы, асуы мен өткелі, орман-суы бұған куә!
… Покровкадағы заставада Михаил Лучко дегенді «Кеңес өкіметінің шекарасын қорғап, ерлікпен қаза болған батырымыз» деп қастерлеп, оның суреті салынған ескерткіш тас тақта орнатқан. Әр көрген сайын:«Е-е, жарықтық, ел тыныштығы үшін жанын пида еткен екен ғой», – деп ризашылық пен аяушылық білдіретінмін. Сөйтсек, Михаил Лучко дегеніңіз ешқандай да батыр емес екен.
Бұл оқиға 1933 жылдың жаз айында болған. Шындығында, болған оқиға. Дәулетбайдың ұрпағы Кеней деген азамат бойы аласалау, төртбақ келген балуан жігіт болған деседі. Алыса кеткенде, жамбасқа лып еткізіп алып, көз ілестірмей жерге бір-ақ ұрады екен. Еліне сыйлы, бір рудың мақтанышы болған Кенейді ОГПУ-дың жандайшаптары «Қытайдың тыңшысы, елді көшуге үгіттеп жүрген азғырушы» деп бірнеше рет тергеуге алып, талай азапты тарттырған көрінеді. Басқан ізі аңдулы Кеней тұтқындықтан кепілдікпен бір босағанында отбасын Қытайға көшіріп әкетуге шешім қабылдайды. Сол кеткеннен Қытайға өтіп, тірлік жасауға ыңғайлы мекен тауып, отбасын алып кету үшін қайта оралады.
Қанды оқиға болатын күні Кеней балуан Аққаптал-Дайынсудан асып, ауылын бетке алып келе жатады. Аққаптал-Дайынсу деген жер – қазіргі «Ахметбұлақ» фермасының оңтүстік шығысы. Тау-тасқа қарағанда оңайлау деп, қараған мен бұтаны тасалап, жазық жермен жаяулап жүреді. Кенет жотада қарауылдап жатқан «Күзуін» заставасының солдаттары тұтқиылдан бас салып, Кенейді тұтқынға алады.
Олар Кенейді жабылып соққыға жығып, үсті-басын тінтіп, беліндегі кездігін алып қояды. Одан басқа ештеңе таба алмайды. Алайда Кенейдің тағы бір қаруы бар болатын, ол – өгіздің қайралған тағасы. Оны аяғындағы шақайдың (шоқай, көн теріден тігілген қарабайыр аяқ киім – Қ.Ж.) жұлығына тығып қойған екен. Ол кезде өгіз-сиырмен де мал бағып, жүк тасығандықтан, солардың тұяқтарын жарты айшық кейіптегі тағамен тағалайтын.
Заставаға әкелген соң, застава бастығы: «Покровкаға, комендатураға апарыңдар», – деп, Михаил Лучко мен қатардағы жауынгер Ивановқа Кенейдің қолын арқанның бір ұшымен байлап, айдатып жібереді. Олар арқанның екінші ұшын аттарының мойнына салып, Кенейді сүйреп ала жөнеледі. Жаңа Бозшаның арғы жағындағы Обалы кезеңге келгенде сержант Лучко қатардағы жауынгер Ивановқа: «Мына басмашты өзім жеткіземін», – деп, оны қайтарып жібереді.
Застава бастығы Клещинко Лучкоға: «жауап алып болған соң, мына басмашты атып тастаңдар», – деп жасырын бұйрық берген көрінеді. Кенейдің аздап орысшадан хабары бар екен. Клещинконың сөзін мұқият тыңдап, ұғып тұрыпты. Иванов кеткеннен кейін-ақ Кеней: «Енді мынадан қалай құтылсам екен, – деп ойға батады. – Еңгезердей бәлеге күшім жетер ме екен?». Сескенсе, сескенетіндей-ақ, Михаилдың көзін көрген ел қариялары: «Михаил Лучко ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей жігіт еді. Комендатурада өтетін жаттығуларда өзге солдаттармен қылыштасқанда, күрескенде, аударыспақта кез-келгенді қаусырып, қолы тиген жерінен ұстасымен анадай жерге бір-ақ лақтырып жіберетін еді», – дейтін.
Бұлар біраздан соң Бозшаны да басып өтеді. Сеңгірден Мұқанбайдың кезеңінің өзенге қараған үлкен жартастың тұмсығында арба жол бар болатын. Қазір ол ара бөгеу судың астында қалған. Сол жолмен Покровкаға қарай өтеді. «Покровкадағы комендатураға дейін енді бір жарым шақырымдай ғана жер. Қазір апарады да, жауап алған соң атып, шұңқырға тастап, жаба салады. Енді не істеймін?» деп ойлаған Кенейдің уайымы күшейе түседі.
Кенет Кеней қулыққа басады. Сәл кідіріп, жайлап арқанды тартып, «дәретке отырамын» дегендей белгі береді. Кенейдің ишаратын түсінген Михаил «осы жұдырықтай басмаш маған не істейді?» деп ойлайды да, қолын босатып жібереді. Кеней дәретке отырған сыңай танытып, аз-кем отырады да, содан жайлап Михаилдың жанына жақындайды. Мойнына ұзын сүмбілі бесатар мылтық асып, беліне қылыш байлаған Лучко темекісін тартып шіреніп тұр. Кеней ақырын қасына келіп: «Темекіңнен берші», – дегендей ыммен түсіндіреді. Сол кезде Михаилге Кенейдің жау екенін Алла тағала ұмыттырып жібергендей. Ол тұтқын жігітке бір тал темекі беріпті. Кеней темекіні аузына салып тұрып, «тұтатып жібер» дегендей аузын Михаилге қарай созады. Ұзын бойлы шекарашы белі аспанға шыға еңкейіп, темекіні тұтата бергенде, Кеней мысықша атылып, оның арқасына мініп алады. Сөйтіп, екеуі алыса кетеді. Михаил ары лақтырады, бері лақтырады. Кенеше жабысып алған Кенейдің екі қолы темірдей екен, ұстаған жерін киім-миімімен, тіпті, етімен қосып жұлып әкететіндей жабысып, жауынан айрылмайды. Сол кезде аяқ астындағы түбіршік-түбіршік ұсақ шилерге Михаил сүрініп кетеді. Екеуі де итжығыс күйде құлап түседі. Ұзын бойлы, ауыр денелі Михаил кескен теректей қатты құлайды. Сол кезде кеңірдегінің тұсына бір түп ши дөп тұрыпты. Сол шидің басынан шап беріп ұстай алған Кеней Михаилды қылқындырып, екінші қолымен шақайдың жұлынындағы өгіздің тағасын суырып алып, екі көзін шетіп-шетіп жібереді. Алысып жүрген кезде солдаттың бесатары анадай жерге ұшып кеткен екен. Кеней жүгіріп барып, бесатарды қолына алады. Атып жіберейін десе, комендатура әне тұр. Мылтықтың дауысын еститіні анық. Екі көзінен қаны сорғалаған Михаил болса ана шиге бір, мына шиге бір сүрініп, жанталасып жүр. Кеней бесатардың сүмбесімен кеудеге бір-екі рет ұрып Михаилды шалқасынан түсіреді.
Етбетімен құлаған солдаттың беліндегі қылышын алып, беліне тағады да, бесатарды мойнына асады. Содан Михаилдың атына сарт етіп мінеді де, «біреу-міреу көріп қояр» деп, сай-саланы бұқпантайлап барып, Мұқанбайдың кезеңіне шығады. Сол сәт сай жақтан дауыс естілгендей болған. Атын сайда қалдырып, бұқпантайлап барып бақыласа: Сеңгірдің түбіндегі жолмен үстінде шошайған екі кісісі бар бір арба кетіп барады екен. Олар жанын қоярға жер таппай аунап жатқан Михаилды көріп, оны екеулеп әрең көтеріп, арбаға салып әкетеді. Кеней атты борбайға бір салып, Серенқамалға жетіп, сай-салаға бой жасырып, тығылып жатады.
Арбакештер «тауып алдық» деп, Михаилды комендатураға алып барыпты. Михаил өлгелі жатса да, жалғыз қазақтан жеңілдім деуге арланып:«Сеңгірдегі тамам қазақ жабылып, мені өлтірмек болды», – дейді де, бір-екі қайырым сөзге келмей, қансырап жан тапсырыпты.
Михаилдың соңғы сөзін есіткен комендатура бастығы, капитан Харченко бастаған топ Сеңгірдегі ауылдан арасында шалы бар, бала-шағасы бар, жиырма шақты адамды тұтқындап әкеледі. Сол күні лейтенант Горохов бастаған солдаттар: «Сендерді Зайсанға, отрядқа апарамыз», – дейді де, Покровкадан 2,5 шақырым жердегі Көрпебайдың бергі жағына апарып, бәрін атып тастапты. Қырып, қан жоса қылыпты.
Жазықсыз мерт болған адамдардың ішіндегі біреуінің бетін оқ осып кеткен екен деседі. Барлығы құлаған соң, өлі-тірі екенін білмек болып, жайрап жатқандардың іштерінен бесатардың дүмімен түйіп-түйіп, тексере бастайды. Бетін оқ осып кеткен азамат та аузын арандай ашып жатыпты. Өлген адамның астыңғы жағы түсіп кететіні белгілі. Ішінен түйіп қалғанда, ол да аузын арандай ашып, «қорқ» еткен дыбыс шығарады. Барлығын өлдіге санаған бөлімше бастығы, лейтенант Горохов солдаттарын сапқа тұрғызып алып, комендатураға қарай кетеді.
Жаралы жан топтың әбден қарасы үзілгенше көзінің қиығымен қарап жатады. Күн батып, ымырт үйіріле бергенде, орнынан тұрып, иенге қарай жанталаса жүгіреді. Қызылащыны басып, түнімен Етікшінің асуымен асып барады да, Қытайға өтеді. Ол жақтағы бұрын өтіп кеткен ағайындарды тауып, соларға болған мән-жәйді баяндайды.
Енді Кенейге оралайық. Ол кешке дейін Серенқамалдың ішіне бой тасалап, тығылып отырады да ымырт жабыла атына мініп, Жаңғызтөбе, Көгалашоқы жаққа жетеді. Сол жерден жолына азық-түлік алып, әрі қарай сапар шегеді. Сарқырамадан асып, Берікқараны басып, Ащылыдан өтеді. Сайрамды жоталап барып, «Қызыл капитан» деп аталатын ауылдың қазіргі дүкені бар отгон орталығы тұрған жерден Үйдененің ішіне түседі. Арқалықтың асуынан, батпақ Сасыбұғыдан асып, Қытайдағы Дәмге бір-ақ өтіп кетіпті.
Михаилды Кенейдің жалғыз өзі өлтіріп қашқанын сезіп, білсе де жазықсыз жандардың опат болуына көз жұма қараған «Күзуін» заставасының бастығы Клещинко аса жауыз адам болған екен. Барынша өшіккен Клещинко Кенейді іздеуге жан-тәнімен кірісіпті. Шекараны жағалай орналасқан барлық заставалар мен қызыл әскер отрядтарының командирлері де Кенейге жан-жақты іздеу салған көрінеді. Күзуіннен бастап Қызылащы, Ырғайлы, Хабарасуға дейінгі төбе-төбенің басына солдаттарды қаптатыпты. Шекарадан әрі-бері өтіп жүргендерді жаппай тұтқындап, қан қақсатыпты. «Сол кезде қаны тамып тұрған «Күзуін» мен «Хабарасу» заставалары болатын» дейтін үлкендер.
…Кеней Қытай жеріне өтіп кеткен туыстарын тауып алады. Бірақ көп ұзамай Қытай әскерлері оны біздің Зайсандағы отрядқа ұстап береді. Отрядта жауап алып болғаннан кейін, есіл ерді атып тастапты.
Нұрпейіс, Нұрсейіт аталарым осылай деп еді. Ол кездері бұл кісілер 30-35 жас шамасындағы жігіттер екен.

Қали Жолдасов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

(Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button