Оққа ұшқан ғұлама
Тоғастан шыққан, керемет қасиеттерімен елге танылған ғұлама Нұғыман да жазықсыз оққа ұшқан екен.
Азын-аулақ малын бағып, Ноқаның бойында жағалай отырған Нұғыманға «Хабарасу» заставасының екі солдаты келеді де: «заставаға шақырып жатыр», – деп, Ноқаның ағынын өрлете ала жөнеледі.
Белінде қылышы, мойнында үлкен найзалы бесатары бар екі әскер екі жағында. Жоғары бір иірім айланбаға келгенде, Нұғыман екі қызыл әскерді қамшымен екі тартады да, аттарынан аударып түсіріп, тұра қашады. Аттарынан ауған солдаттар естерін тез жиып, тізерлеп отыра қалып, бесатарларымен оқ жаудырады. Нұғыман жарықтықтың оқ жауырынынан тиіп, атынан құлап түседі.
Туысқандары Нұғыманның сүйегін алғаннан кейін, қан тамған жерін адам мен мал баспасын деп, биіктігі кіндіктен келетіндей етіп, зират сияқты қылып таспен қоршап қояды.
Нұғыман діни сауаты мол, тірісінде небір керемет қасиеттерімен ерекшеленген азамат болған деседі. «Бүгінде оның қаны тамған жердің топырағы мал-жанға ем болып тұр»,-дейді осы жақтың жұрты.
«Тарбағатай» шаруашылығының малшылары осы жердің бас-аяғын күзеулік қылып отырады. «Малдың желіні ісіп, қабынса яғни, мастит болса, бір уыс топырағын алып, бір түн тарта қоямыз. Сонда таңертең ісігі қайтып, жазылып кетеді»,- дейді сол жердің малшылары.
Нұғыманның сүйегін ағайын-туыстары Тарбағатай тауының бауырына, Аққора мен Көпесбайдың ортасына қойыпты. Ақ балшықпен сыланған бес қанатты үлкен зират. Нұғыманды атып тастағаннан кейін, туыстары үркіп, түгел Қытайға қаша бастайды.
Әбділда және оның жиырма мергені
Нұғыман өлгеннен кейін туысқандары оның зиратын тұрғызған соң, мұқым Ойшілік, Құмкөл, Ақсуатты мекендейтін Тоғас аталығынан тарайтын ағайындар үркіп, Хабарасудан асып қаша бастайды. Соның ішінде үлкен бай әрі болыс Әбділда да көшуге ыңғайланады. Бірақ Көрпебайда жазықсыз мерт болған жандар мен Нұғыманның өлімі ел басшысы Әбділданың өзегін өртеп, Кеңес өкіметіне деген өкпесін өршітіп жіберген еді. Қытай асуды мақсат тұтқан ол жазықсыз опат болған қазағы үшін кек алуды ұзақ жоспарлайды.
Әбділда болыстың түгелдей бесатар мылтықпен қаруланған аса мықты жиырма мергені бар болатын. Болыс аңдуда тұрған ауылды құпия жағдайда Қытай жаққа бағыттайды да, түн ауа жиырма мергенімен «Хабарасу» заставасына қарай бет алады. Жігіттері аса сақтықпен әуелі мұнараға шығып, қарауылдап тұрған күзетшілердің көзін жояды. Шырт ұйқыда жатқан солдаттардың бірін қалдырмай бауыздайды. Содан соң қазақтар жауыздығына сай «қанішер Кондөрін» деп атап кеткен застава бастығы Кондюринді өлтіріп, Қытай асып кетеді. Сөйтіп, бауырларының кегін алады. Застава иен қалады. Әлгі жерді кейін «Кондюрин» деп атаған себебі – осы. Казарманың күнбатыс жағына солдаттар мен Кондюринді жерлеген еді, қазір орны да жоқ.
2010 жылы мамыр айының 22-сі күні Әрінбек Масалов пен Серік Байхонов үшеуіміз сол жерге бір шаруамен барған болатынбыз. Кондюрин мен солдаттары жатқан зират моласын бульдозермен күреп, орнына автогараж салып тастапты.
1962 жылы Қытайдан біраз адам елге оралды. Олардың арасында осы заставадағы солдаттарды қырып тастаған адамдар да бар болып шықты. Сол кездегі 18-20 жастағы азаматтар қартайып қалған екен. Келгендер үкімет біліп қояды ма деп, қорқа-қорқа жүрді.
Әбділда болыстың ауылы Қытайға қашқан кезде «әскер келіп қалады» деп сасқалақтап жүріп, бір бала бесігімен жұртта қалып кетеді. Бұл баланы Ойшіліктің бір ақсақал адамы тауып алып, өсіріп жеткізеді. Атын Сламбек қояды. Сол Сламбек аға «Қарасу» қой совхозында 20-30 жылдай машина жүргізуші болып жұмыс істеді. Қазір зейнеткерлікке шыққан.
…Тағдыр тәлкегімен еріксіз Қытай асып, 60-жылдары елге оралған жандар шетінен еңбекқор, ұсталыққа, етікшілікке шебер адамдар екен. Елге тез сіңісіп кетті. Тарыдай шашыраған туыстарын таба бастады. Ойшілік шал-шауқандарынан сұрастыра-сұрастыра келіп, Сламбек пен оның ұлы Досанды «Қарасу» совхозынан тауыпты. Досан «Қарасу» жұмысшылар кооперативінде жүк-тауар таратушы болып жұмыс істейді екен. Қазірде олар үбірлі-шүбірлі, Қарасу ауылында тұрып жатыр.
Тіл білмегені үшін талай адамды атып тастапты
Ол кезде өкімет Шығыс Қазақстанға шекарашы әскерлерді, застава бастықтарын Ресейден әкелетін. Олар қазақ тілін түсінбейді, ал біздің ата-бабаларымыз орыстың тілін ұқпайтын.
Үлкен шешем Баянды Болатқызы мынадай әңгіме айтатын.
Қызыл әскер аттылы-жаяу болып, мал бағып отырған қыстауға келеді. Сусын ішіп, естерін жиғаннан кейін:
-Старик, это твой лощадь? Дай нашим солдатам, – дейді екен тізгінінен ұстап тұрған біздің шалдарға. Екі жақ бірінің сөзін бірі түсінбейді. Әскердің бастығы аттың тізгінінен ұстап өзіне тартатын көрінеді, ал біздің аталарымыз: «Мынау – менің сүтті бием, бәйге атым», – деп, өзіне қарай тартады. Сол-ақ екен:
-Мынау басмач, кулак, против революций, против Красной Армий! – дейді екен де: «От имени революций!» – деп, сол жерде, табанда аталарымызды атып тастайды екен.
Оны көріп тұрған жасөспірім бала тайына мініп, көрші ауылға қарай қашып барады. Осылай да осылай, «қызыл әскерлер келіп, атын бермегені үшін атамды атып кетті» деп. Содан сол ауыл екі кештің ортасында, қойы қоралаулы, ошақ-шамы жағулы опыр-топыр болып, Қытайға қарай тұра көшеді екен. Ауыл азан-қазан, у да шу. Мал қорада да, өрісте де қала береді.
Сонда қазір ойлаймын: «ауылда не сол солдаттардың ішінде тіл білетін бір адам болса, солай болмас еді ғой» деп. «Қызыл әскер жаяу шаршап келеді, мінуге жарайтын ат бер» десе, беретін еді ғой! Қазақ арасында жүрген соң, тым болмаса қазақшаны ауызекі сөйлеуді білетіндей бірді-екілі адамды қоса алып жүрсе болмас па еді сол қанішерлер?!
Солай! Үріккен елдің Қытайға аса алғандары асып кеткен. Жонда кетіп бара жатқандар – кедей-кепшіктер болғандықтан, міндетті түрде аттары арық, жай-күйлері төмен болған адамдар. Сонда бір соқса бірнеше күн тынбай соғатын, ел «Ебінің желі» деп атап кеткен дауыл жүріп кетіп, талай жандар жонда өлген.
Біздің Тарбағатайда «Ебінің желі» басталғанда, күн әп-сәтте бұлттанады да, аспан қабағын түйіп, күркірейді, арқырай соққан дауыл аттыны атымен, жаяуды жаяудай ұшырады. Жердің қара топырағын шығарып, тастарын оқша атады. Қарны тоқ, жүні қалың дала тағысы-арқарлар да топ-тобымен Ебіге шыдас бере алмай, бері, Теріскейге келіп паналайды. «Ебі желі» екі-үш күн соғып, міндетті түрде жолындағыны түгел опат қылады. Жел басылғаннан кейін, аң-құс шұбырып-шұбырып, жайыла-жайыла қайта жонға шығып, Қытайға қараған күнгейдегі шағыл жартастарды паналап жүреді.
Несін айтайын, тілді білмеудің кесірі де «Ебі желі» сияқты, талай жанға жазықсыз жапа шектіріпті.
Әлібай мерген мен қызыл капитан
«Қызыл капитан» деп аталатын жердің тарихына қатысты қариялардан мынадай әңгіме есіткен едім.
Сол жерді бұрын «Зайсанның 5-ші отряды» деп атайды екен. Осы отрядқа ішкертіннен бір капитан қызмет бабымен ауысып келеді. Сол уақыттарда қазақтар шекарадан ары-бері өтіп жүріпті деседі. Жаңағы капитан болса: «Қазақ басмаштарды шемішкеше шағу керек, шетінен қыру керек!» -деп қоқиланады екен.
Зайсан қаласының тұрғыны Әлібай Қытайға өтіп, бала-шағасын асырау үшін, сауда жасап, мал, тауар, тағы басқа оны-мұны әкеліп жүретін көрінеді. Бұдан хабары бар шекара басшысы Әлібайды аңдып, қыр соңына түседі. Әрі ұстатпай, бері ұстатпай, қашып өтіп жүргесін, қызыл әскерлер өзіне тіпті өшігіп алыпты.
Бірде біреулер оның Кеңсайды тасалап, жасырынып жүрген жерін шекарашыларға айтып қояды. Әлгі қызыл әскердің капитаны бір бөлімше солдатты бастап, Кеңсайға келіп тіміскілеп қарайды. Сол сәтте су алып, ізін топыраққа түсірмей, тас-таспен жүріп, үңгірге кірген Әлібай қаннен-қаперсіз ас қамына кірісіп жатады. Ал капитан болса жаңа ғана тасқа тамған су тамшыларының ізімен тура үңгірдің аузына баспалап келіп қалыпты. Шалт қимылдайтын Әлібай бесатарын ала сала екі көздің ортасынан капитанды атып жібереді. Төменде тосқауылда тұрған солдаттардың алдына әуелі фуражкасы, ізінен өкіре құлдилап капитанның өзі түседі. 10-12 метрдей еңіске қарай ұшып, гүрс етіп түскен денені көрген солдаттардың үрейі ұшады: капитанның басының жоғарғы жағы мен екі көзі жоқ дейді. Мұрны мен ауыз жағы ғана қалыпты. Әлгіні көрген солдаттар атысуға да шамалары келмей, сайды жағалай қаша жөнеліпті.
«Өзім өз болып қолымды қанға малғаным осы болды. Қайтейін қолға түссем, қорлап, азаптап, сұраусыз-ақ атып тастары сөзсіз еді. Бұлар мені жердің тесігіне кірсем де тапты, енді тегі қоймас», – деп Әлібай Алла тағалаға сиынып, сол кеште үйін Қытайға асырып әкетіпті. Әскерлер оны Кеңсай-Қамбардың қара қойының ішінен іздеп жүргенде, Әлібай Сарытерек, Кендірліктен асып үлгерген екен.
Тарбағатайдың құпиясы көп
Біздің Тарбағатайда ашылмаған сыр-құпия көп қой. Мысалы, «Қызылащы» заставасының аяқ жағында, ертеде қытайлар келіп, қайла-күрекпен алтын қазыпты. Заставадан төмен Жаңаталапқа, Үшбұлаққа қарай алтын қазған шахталардың орындары әлі күнге дейін тұр.
Осы заставаның аяғына таман Биесимас деген бір асу жол бар екен. Қариялар бұл асуды Тарбағатай жотасының теріскейінен, Ұялы Бабақан мен Терісайрықтың бойынан асып түсетін жерде деуші еді. Мыңбай Құдайберген деген жездеміз: «Сол асуда майлап құрым киізге орап, жиырмадан астам бесатар мылтық тыққанбыз», – дейтін.
Жүргізуші кезімде «Жалаңаш» қой фермасынан «Ленин» орденді Қалиев Нұрқасым ақсақалмен талай рет жолдас болдым. 30-жылдардың талай оқиғасын білетін нағыз көненің көзі еді. Ата мекенін амалсыз тастап қашқандардың қиын халі мен олардың қилы тағдыры жайында егіліп отырып әңгімелейтін. Зар заманның куәгері болған, сол дәуірдің құпиясын білетін кісілер бүгінде арамызда жоқ. Ол кезде менің жастау кезім. Қариялардың әңгімелеріне терең мән бермеппін. Өмір бойы аң аулап, тау-тасты кезіп жүріп, зауалды заманның құпиясын ашар сол мүліктерді іздеуді де ойға алмағаныма қазір өкінем.
(Жалғасы, басы сайтта 9-шілдеде жарияланды. Жалғасы бар)