Президент тапсырмасыТОП

КӨПТЕН КҮТКЕН ЕМХАНАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ

Айна Ескенқызы

Ұландық ағайындар үшін жағымды жаңалық. Аудан орталығы – Қайсым Қайсенов кентінде жергілікті халық көптен бері күтіп жүрген жаңа емхананың құрылысы басталады биыл.

Бұл туралы осы ауданда жұмыс сапарымен болған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина мәлім етті.

Қасым Қайсенов кенті – Өскеменнің іргесінде ғана тұрған болашағы зор, үздіксіз өсіп келе жатқан елді мекен. Жаңа емхананың салынуын кент тұрғындары мен дәрігерлер көптен бері күтіп жүрген. Өйткені мұнда қазір дәрігерлік амбулаторияның өз ғимараты жоқ. Ал кентте он мыңға жуық халыққа медициналық қызмет көрсетіледі.

Жаңа емхананың ғимараты үш қабатты, заманауи үлгіде, кең әрі барлық талапқа сай болады.

– Кентте емхананың негізгі ғимаратын салу үшін жер телімі анықталды. Медицина мекемесінің жобалық қуаты бір ауысымда 150 келушіге есептелген. Мұнда консультативтік-диагностикалық және профилактикалық бөлімшелер, сондай-ақ күндізгі стационар палаталары орналасады. Жоспар бойынша құрылыс биыл басталуы керек. Заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен жабдықталған жаңа емхана халыққа ыңғайлы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсететін болады, – дейді Гүлмира Сағидуллина.

Өзінің бак-зертханасы, рентген кешені, маммография, политравма кезінде травматологиялық көмек көрсету үшін жабдықталған кабинеті болады.

Аудандық аурухананың бас дәрігеріне қажетті жабдықтың клиникалық-техникалық негіздемесін пысықтауға және осы мәселені шешу бойынша ұсыныстар енгізуге нұсқау берілді.

Сондай-ақ бұл ауданда болашақта тұрғындарға шұғыл көмек көрсету үшін жедел медициналық жәрдем станциясын ашу да жоспарда бар көрінеді.

Ұлан аудандық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Өскенбаевтың айтуынша, жаңа емхана аудан тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін болады.

Күндізгі стационарға барған кезде ведомство басшысы ондағы емделушілермен кездесіп, жағымды жаңалықты жеткізді. Кент тұрғындары жақын арада жаңа ғимаратта қызмет көрсетілетініне өте қуанышты.

– Аудан орталығында жаңа емхана салынатынын естіп қуанып жатырмыз. Қандай жақсы! Бізге емхана өте қажет. Ескі ғимараттың іші тар. Флюорографиялық, эндоскопиялық зерттеулерге, екпелерге біз аудандық ауруханаға немесе облыс орталығына баруға мәжбүрміз. Егде жастағы адамға екінші қабатқа тік баспалдақпен көтерілу де қиын. Енді бізде заманауи емхана болады. Қуаныштымыз, – деп бөлісті кент тұрғыны.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты жобасы қолға алынған. Жоба аясында облыстың ауылдық елді мекендерінде 36 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысанын (жеті дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 27 медициналық емхана) салу көзделген.

 

 

Осы айдарда

Back to top button