Қоғам

Көңілдің күні тұтылып…

Көңілдің күні тұтылып...


Тауық жылының тамызы қара нардай қайғысын көтере келіпті…

Үркердің толғағы жүріп, бидай бас байлай бастағанда, төбемнен жай түсті. Есеңгіреп барып есімді жисам, бөтеннен қорғап, бөгдеден қызғанып жүрген жұлдыздарымның тағы бірінің орны үңірейіп бос қалыпты. «Құдайым-ау, бұл неткен опасыздық! Ақбозат пен Көкбозаттан көз жазып қалғаным кеше ғана емес пе еді?!» деймін ебіл-себілім шығып.

Қырсыққанда бұл түс емес, өң болатын. Ойда жоқта аяулы азаматтан айырылдым.

Содан бері жыландай жылжып қырық күн өтті. Күні тұтылған шерменде көңіл жұбанар емес. Орындарың ойсырап-ақ тұр, не шара?!.
***
Үлкенге де, кішіге де «Ес-аға» атанған қайран іні-дос!

Адам деген – Азан бекеті мен Жаназа бекеті арасында жоқ іздеген жолаушы, Құдайдың құлы ғой. Әйткенмен, сапарыңның орта жолда үзілгені өкінтеді. Біраз күн қонақ болған опасыз жалғанмен аяқ астынан қош айтысып, дос-жаран, үрім-бұтақ, үйелменіңді соңыңа тастап, тылсымы көп бейтаныс әлемге аттанып кете бардың. Қапияда сан соғып, ғапыл қалдық. Бесінші мүшеліңнің көлденең келгенін қарашы.

… Жаратқанның жазмышы солай шығар, Алатаудың баурайын – төсек, қойнауын – қоныс қылып едің, топырақ бізден бұйырды. Жер сұлуы – Жетісуда бас құрап, тұңғышыңды сүйіп ең, Өскеменнен ғазиз дос таптың. Өз еліңде тауып қонған бағың бұл жақта баянды болды. Осы киелі өлкеде Бұқтырманың қоныс аудара өсетін қызыл қарағайындай тереңге тамыр тартып, ұрпақ өрбіттің. «Үйірі басқаны ноқта қосады, руы басқаны Құдай қосады» деген сөзге шын жүрегімен иланғандардың бірі де бірегейі өзің болдың. Арқаңды жораларға, аяғыңды Ертістің кемеріне тіреп тұрып, кісіліктің кілтін ұстаған жайсаңдармен құдандалы болдың – Зайсанға қыз беріп, Омбыдан келін түсірдің. Төріңде егейлердің құты қалды. Шаңырағыңа қарлығаш ұя салды.

Көкейде кетер таңдаулыларымның бірі едің. Кеше ғана жарқ-жұрқ етіп жүр едің. Кейбір кещелердің түндігін желпілдеткен күншілдік пен жершілдік, кекшілдік пен епшілдік сияқты іш «сырқатынан» таза едің. Мерездіктен ада едің. Пейілің – Ақсудың кекіл сипар самалындай аңқылдаған бір ақжейде бала еді. Ағаға – ізетті іні, ініге – ақылшы аға бола білдің. Қиналғанға – қайырымды, қуанғанға – мейірімді мүбәрак жан сендей-ақ болар. Барға тасымадың, жоққа жасымадың. Өр кеудең басылмады түскенде басыңа мұң.

Тағдырдың талайына кім көмбеген, немере-жиендерің жолға қарап «аталап», көздері боталап жүр. Аңырап қалған қосағың мен ұл-қыздарыңның жасы да құрғаған жоқ. Қапелімде жоғалтып алған әріптес-қаламдастарың сағынды. Ата қоныс аза тұтып жоқтауда. Өзің тамсанған, өзің аңсаған қарт Алтай қайғыдан қарауытып кеткендей. Самырсын басы теңселіп, Ертісің жылап тұр әне. Қас қағым сәтте кадрда қалдың жарқ етіп…

«Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек» (Абай). Уақыттың алдында адам да дәрменсіз. Ал сен болсаң оны қол басындай құралыңның құдіретімен қалаған кезіңде тоқтата алдың. Өзің хас шебері болған, өміріңе серік еткен, сені дүйім жұртқа танытқан мамандығыңның кереметтігі де сонда еді. Шұғылалы Шығыстың өшпес жылнамасын, оның қара ормандай халқының өлмес шежіресін жасадың. Бұл өңірдің қаншама қас қағым сәті сенің аппаратыңның жарқылында қалды. Сен өзіңді алақанына салып, биікке көтерген халықтың жүрегінде қалдың. Алақандай қатырма қағаздан өз бейнесін көргендер ғұмырының ілкі сәтін сыйлаған ілкімді жанды есіне алар. Құрани сөзін айтар. Ел жадында жүргеннен асқан мәртебе бар ма екен, шіркін, қатардағы пендеге?!

О дүниелік болғандардың қайсысының ойлағаны орындалып, мұраты хасіл болды дейсің. Сен де сөйттің. Күйкентайдай бейнеқақпаңа бүкіл өмір ағысын түсіріп қалуға тырыстың. Адами арманың да көп еді. Амал бар ма, енді бәрі – өткен шақ. «Өмір – өзен» деген өтірік сөз. Әйтпесе неге жол ортада үзіледі?..
***
Керуенім кетілді. Қатарым сетілді. Онсыз да санаулының сейілгені – жүрекке жүк. Моланың көбейіп, достың азайғаны да – қасіреттің ауыры. Іргемнен ызғар ұйтқып, айналам азынап қалды-ау, қайтейін!

Өмірімнің өзенін гүрілдетіп,
Шаттығымның жұлдызын күлімдетіп.
Жүруші еңдер отырмын ескі жұртта,
Бақиға біріңнен соң бірің кетіп.
Бөрідей ұлып қалдым айдалада,
Көңілден – нұр, көмейден үнім кетіп.
Қан-жоса ғып ит тартқан қу жүректі,
Қайғының қанжарына тілімдетіп!..

Қалдырып қара суық өкпегіне,
Мені мұнда қалдырып кеткенің не?..

Емін таппай жанталасқан жанымның, Сағынармын, қамығармын, тарығармын әлі мың!..

Кеуілімде жүрген бұл мұңасам лақатыңа жетер-жетпес, дегенмен, ұлағат тыңдар ұрпағың, елегізген ел-жұртың, құсаланған құрбы-құрдастарың бар ғой…
Алдың – пейіш, артың – кеніш болсын, есіл досым – Есімхан!
«Жақсы да бір төмпешік» деген осы екен.

Жұмағазы Игісін

Сіз жолығып қала ма деп дәлізден…

О, Есаға, ескілердің тұяғы,
Өлді деуге көңіл қалай қияды?!
Ессіз ажал есерленді тағы бір,
Ешбір жанға тимесе де зияның.

Қоңыр еді-ау, қоңыр еді тірлігің,
Сенің қоңыр әуеніңді білді кім?!
Қоңыр аңдай маңғаз еді жүрісің,
Қара таудан биік еді ірілігің.

Ірі едің ғой, ірі еді ғой, ірі еді,
Ел сыйлайтын ағалардың бірі еді.
Есағаның тоқтағанмен жүрегі,
Елмен бірге есімі өмір сүреді.

Жандар аз ғой ақ өліммен жан үзген,
Сіз кеттіңіз аздар жортқан ақ ізбен.
Мен әлі күн елегізіп жүремін,
Сіз жолығып қала ма деп дәлізден…

Мұратхан Кенжехан

Осы айдарда

Back to top button