Қоғам

«Кеңсудағы» көңілді демалыс

«Кеңсудағы» көңілді демалыс


Аудан ауқымындағы оқушылар үшін ашылған демалыс лагерьлері мен сауықтыру алаңдарының балалардың жазда демалып, күш жинауы үшін атқаратын рөлі шынында да ерекше. Оларда бір маусым демалып қайтқан баланың осы демалысқа келесі жылы да құмар болып тұратыны бекер болмаса керек. Міне, осындай қызықты да көрікті орындардың бірі – Маралды ауылы маңындағы «Кеңсу» демалыс үйі.

Алтайдың табиғаты өзгеше әсем әрі қолайлы мүйісінен орын тепкен бұл аймақтың артықшылығы – күркірей аққан Күршімнің бір саласы Кеңсу өзенінің жағасында орналасуы деген болар едік. Айнала асқар таулар, қарағай-шырша, қайың мен терек жараса жайқалған өңірдің саф ауасы бала денсаулығына өте пайдалы. Демалыс кезінде жеткіншектер жеміс-жидек тереді, суға шомылып, спортпен айналысады, табиғат аясына түрлі танымдық саяхаттар жасайды.

– Бір кезеңде мұнда 35 бала демалады, – дейді Маралды орта мектебі директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Е.Әлімханов. – Демалуға аудан көлеміндегі көптеген мектептердің оқушылары келеді. Демалыс үйінде барлық сыннан өткен тұрақты аспаз бен екі жұмысшы бар. Бұл мерейлі мекеннің иесі жеке кәсіпкер Ләззат Кәкімова демалушыларды азық-түлікпен, төсек-орынмен, басқа да қажетті заттармен бастан-аяқ қамтамасыз етіп отырады. Ал балалары осында демалған мектептер кәсіпкердің есебіне тиісінше ақша аударады.

Балалар бес күннен демалады, дүйсенбі күні келген олар сенбі күні үйлеріне қайтады. Әр топқа жауап беретін тәрбиеші сол балалар оқитын мектептен бірге ере келеді. Мұндағы демалыс жоспары, күн режімі, саяхат маршруты мен картасы арнайы даярланып, күні бұрын әзір тұратындықтан, еріксіз зерігу, не істерді білмей сенделу деген түсінік жоқ. Ал суға шомылған уақытта балалар арнайы дайындықтан өткен адамдардың қатаң бақылауында болады. Сөйтіп, мұнда жаз сайын 200 оқушы ойдағыдай демалыс өткізіп, көңілдеріне ұмытылмас естеліктер түйіп қайтады.

– Бұдан басқа, – дейді Ерік Төлеуханұлы сөзін жалғап, – біз 1 маусымда мектеп жанынан сауықтыру алаңын ашқан болатынбыз. Бұл демалыспен 45 бала қамтылды. Олардың 35-і негізінен күнкөрісі төмен отбасылардың балалары және патронаттық тәрбиедегі оқушылар еді десек, он балақай мектептегі кәсіподақ ұйымының есебінен демалды. «Кеңсу» демалыс үйіне 4-сыныптан жоғары оқитын балалар ғана баратындықтан, сауықтыру алаңында мектепалды даярлықта, бастауыш сыныпта оқитын балалар демалды. Олар төрт мезгіл тамақ ішіп, түрлі ойындар ойнады. Жақын маңдағы табиғаты көрікті аймақтарға саяхатқа шықты. Осы бүлдіршіндер күні бойы демалып, кешке үйлеріне қайтып отырды. Осылайша біздің аймақтағы демалыс орындары балдырғандар демалысына қолдан келгенше өз үлестерін қосып, оқушы жазының ойдағыдай өтуіне жағдай жасады.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button