Қоғам

Инфрақұрылымы дайын болса да, игерілмей тұр

Инфрақұрылымы дайын болса да, игерілмей тұр


Өскемен қаласының №19 тұрғын ауданында 31 жер телімі игерілмей тұр. Олар біртіндеп мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Аймақ басшысы Даниал Ахметов қала әкіміне осындай тапсырма берді.

Қала басшысы Қуат Тұмабаевтың айтуынша, аталмыш шағын ауданға инфрақұрылым тарту үшін мемлекет бюджетінен 40 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалған екен. Сондықтан қала билігі үшін жаңа тұрғын үйлер тұрғызуға осы ауданнан лайық орын болмай тұр. Алайда, жаңа құрылыс нысандарын жобалау кезінде бос жатқан жердің көбінде иесі бар болып шыққан. Тіпті, кейбірі сонау 2004 жылы жекеменшікке беріліп кетіпті. Облыс әкімі арада 13 жыл уақыт өтсе де, иелігіндегі жерді игілігіне жаратпаған тұрғындарды жауапқа тарту қажеттігін айтты.

-2004-2008 жылдары бұл аумақтан ондаған жер телімі пышақ үстінен үлестірілген екен. Жерді алғанымен үй салған олар жоқ. Ал біз жаңа тұрғын үйлер салайық десек, телімдердің иесі бар болып шықты. Бұл ауданның инфрақұрылымын түзу үшін 40 млрд. теңге шығындағандықтан, жобаларды басқа ауданға көшіру қисынсыз. Сондықтан игерілмеген телімдерді мемлекетке қайтаратын боламыз, – деді облыс әкімі.

Әкімдіктің назарына іліккен 31 телімнің үшеуі қазірдің өзінде мемлекетке қайтарылыпты. Бұдан басқа жеті телімде құрылыс жүріп жатқан көрінеді. Ал бес жер телімінің иесі жобалау жұмыстарын жаңадан бастапты. Қалған 16 телімнің тағдыры сотта шешілетін сияқты. Қала әкімдігі олардың барлығын мемлекетке қайтару бойынша шаралар қабылдауды көздеген қаулы шығарған екен. Қамсыз жүрген жер иелеріне жазбаша ескерту де жөнелтіліпті.

-Бұл телімдерді иелерінен сатып алуға дайынбыз. Тек ақылға қонымды баға ұсынса болды. Оны «Ертіс» ӘКК арқылы іске асырмақпыз. Ал егер оған көнбесе, сот арқылы мемлекетке қайтарылады, – дейді Қ.Тұмабаев.

Жеке меншіктің иелігіндегі 31 телімнің жалпы ауданы 30 гектардан асады. Аталмыш аумақта көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқанын ескерсек, мұншама аумақтың мемлекетке қайтарылуы қала әкімдігі үшін жағымды жаңалық болмақ.

-Бұл телімдердің жалпы аумағына 100 мың шаршы метр баспана тұрғызуға болады. Ол шамамен 20 көпқабатты үйдің орны деген сөз. Оған қоса барық инженерлік, коммуналдық желілері дайын үйлер болар еді. Бұл мәселені орынбасарым Шалқар Байбековқа тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Облыс басшысы аталмыш телім иелерінің үй салам деген ниеттері болса, тезірек қарекетке көшу керектігін ескертті.

-Үй салу үшін алған жер бос жатпауы керек. Сондықтан жер иелерінің қолында өзге құжаттармен бірге үйдің жобасы да болуы шарт. Олардың жобасы талапқа сай екені, үй салуға қаржылық мүмкіндігі бар екені дәлелденсе, жері өзінде қалады. Ал 2004 жылдан бері әліптің артын бағып келгендердің жерін мемлекетке қайтару керек. Инфрақұрылымы дайын телімдер өзімізге де қажет, – деді аймақ басшысы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button