Қоғам

Индустриялық аумақтарға жаңа жобалар қажет

Индустриялық аумақтарға жаңа жобалар қажет


Кеше аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Онда мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасының, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамту бойынша дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының орындалу барысы талқыға салынды, сонымен қатар жиында туберкулез дертін жою шаралары туралы мәселе қаралды.

Медициналық құрал-жабдықтар алуға 6 миллиард теңге бөлініп отыр

«Денсаулық» бағдарламасының осы жылдың алғашқы жартысында іске асырылуы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов баяндама жасады. 2016-2019 жылдарға арналған аталмыш мемлекеттік бағдарлама жеті бағыттан, он міндеттен, 36 көрсеткіштен тұрып, 157 іс-шараны қамтиды.

Басқарма өкілінің айтуынша, тек «өлім-жітімді азайту» және «қатерлі ісікке шалдыққандардың бес жылдан артық өміру сүруі» сынды екі көрсеткіш қана орындалмапты. Жалпы өлім көрсеткіші бір мың тұрғынға 10,67 деректен болған, жоспар – тоғыз дерек. Бұған себеп ретінде туудың аздығы және егде жастағы адамдардың көптігі айтылды. Облыс тұрғындарының өлімі құрылымында бірінші орынды қан айналымы жүйесі аурулары, екінші орынды қатерлі ісік, үшінші орынды жарақаттар мен бақытсыз жағдайлар алады. «Қатерлі ісікке шалдыққандардың бес жылдан артық өмір сүруі» көрсеткіші 50,3 пайызды құрапты, жоспар 51 пайыз болатын.

– Аталған бағдарламаны іске асыру үшін облыста арнайы Үйлестіру кеңесі құрылған, оның алғашқы отырысы ана мен бала денсаулығы мәселесіне қатысты болды. Медициналық мекемелерге толық аудит жүргізіліп, оларды кезең-кезең бойынша құрал-жабдықтармен жабдықтаудың жоспары жасалды. Осы жылы 6 058 613 мың теңгенің медициналық құрал-жабдықтары алынады, – деді басқарма басшысы.

2017-2019 жылдарға арналған облыстағы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру кешенді жоспарына сәйкес Семей медициналық университетінде дәрігерлерді оқытудың бірінші кезеңі жүріп жатыр. Олар қан айналымы жүйесі аурулары, қатерлі ісік және әйел босандыру бағыттары бойынша білімдерін жетілдіре түседі. Келешекте осы мақсатта дәрігерлерге арналған Озық тәжірибе орталығы ашылмақ, онда мамандар тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттыратын болады.

– Денсаулық саласында олқылықтар өте көп. Біз ол мәселелердің бәрін жақсы білеміз. Бір ғана мысал, Өскемендегі №1 қалалық ауруханада Инсульттік орталық ашылған, барып көрдім, онда ешбір құрал-жабдық жоқ. Сонда ол қалай жұмыс істемек?! Біз медициналық құрал-жабдықтармен қамтуға алты миллиард теңгеден астам қаражат бөліп отырмыз, медициналық мекемелерді компьютерлендіруге шамаман бір миллиардтан астам теңге, дәрігерлерді оқытуға 1,5 миллиард теңге қарастырылған. Елімізде ешбір облыста денсаулық сақтау саласына мұндай қаражат бөлініп отырған жоқ, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов ведомство басшылығынан сапалы жұмысты талап етті.

Облыста бірде-бір аурухана ағымдағы жөндеуді өз қаржысы есебінен жүргізбеген болып шықты. Яғни, олардың бәрі жергілікті бюджетке арқа сүйеп үйренген. Бұлай жалғаса бермесі анық, күрделі жөндеу жұмыстарына ақша қазынадан бөлінеді, ал ұсақ-түйек ағымдағы шаруаларды мекемелер өз күшімен орындауы керек. Аймақ басшысы сатылып алынатын заманауи әрі қымбат құралдардың жөнделген орынжайларға орнатылуын міндеттеді. Жуық арада БАҚ өкілдерінен және қоғамдық бірлестік мүшелерінен арнайы топ құрылып, олар жаңа құрылғылар орнатылған мекемелердің қызметін бақылауға алатын болады.

Құрылыс қарқынын үдетуді талап етті

Елбасы Жолдауы аясындағы әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамту бойынша дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының орындалуы турасында экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Раушан Ластаева мәлімет берді. Алғашы жартыжылдықтағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталған ол облыс тек бір көрсеткіш бойынша ғана жоспарлы межеге жете алмағанын атап көрсетті. Ол – инвестиция тарту. Былтыр Ақтойғай тау-кен байыту комбинатына қомақты инвестициялық қаражат құйылған. Әлбетте, ондай қаржы жылда тартыла бермейді. Осыған байланысты көрсеткіш төмен болып отыр.

– Облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері былтырғы деңгейге қарағанда біршама өсіп отыр. Дей тұрғанмен, бұған тоқмейілсуге болмайды. Инвестиция тартуға келер болсақ, жұмыстың сылбыр жүріп жатқаны рас. Айталық, Өскемен мен Семейдегі индустриялық аумақтарда жаңа жобалар неге жоқ?! Оларға инфрақұрылым тартуды біз өзіміз қаржыландыратын боламыз. Жыл соңына дейін аталмыш аумақтарды тың инновациялық жобалармен 50 пайызға, келер жылдың 1 шілдесіне дейін 70-75, 2018 жылдың соңына дейін 100 пайыз толтыруды талап етемін. Бірінші орынбасарым ай сайын атқарылған жұмыс туралы есеп беріп отыруы тиіс, –деген Даниал Ахметов құрылыс қарқынын үдетуді де міндеттеді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ақтанов және Өскемен мен Семей қалаларының әкімдері құрылыс жұмыстарының жоспар-кестесін әзірлеп, аймақ басшысына көрсетулері керек. Осы іске Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін де тарту көзделуде.

Мұнымен қоса, «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде ауқымды құрылыс жұмыстарын жүргізу, инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған. Мәселен, осы бағыт бойынша Өскемендегі жаңадан салынып жатқан 20 шағын ауданға электр желісін тарту көзделіп отыр. Жалпы аталмыш бағдарлама алдағы әкімдік отырыстарының бірінде жеке-дара қаралатын болып шешілді.

Облыс әкімі мәжіліс барысында ауыл шаруашылығы саласындағы кейбір кемшіліктерді атап көрсетіп, тиісті басқарманың қызметін қатаң сынға алды.

– Аталмыш басқарма басшысының орынбасары малдың тұқымдары, ауыл шаруашылығы техникасының түрлері туралы аз білетін болып шықты. Десек те, ол басшылық қызметте жүр. Сонда бұл қалай? – деген Даниал Ахметов ведомстводағы кадр мәселесін да алға тартты.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button