Қоғам

«Иә, сен экспорттай аласың!»

«Иә, сен экспорттай аласың!»


Дәл осындай атаумен Өскеменде облыс кәсіпкерлеріне өз өнімдерін шет елдерге шығарудың жолдары мен мүмкіндіктерін көрсетіп, түсіндірген бизнес-семинар өтті.

Елімізде іске асырылып жатқан «Қазақстан тауарларын сыртқы нарыққа шығаруға көмектесу» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық экономика министрлігі, «Қазақ Инвест» ҰК және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе өткізілген бұл шарада халықаралық «Zoodel» компаниясы аймақ кәсіпкерлерін отандық тауарларды шетелге экспорттауға байланысты көрсетіп отырған өздерінің қызметтерімен таныстырып, өңір бизнесмендеріне экспортты арттырудың түрлі тетіктері мен амалдарын баяндап берді.

«Zoodel» халықаралық онлайн сауда компаниясының сауда жөніндегі директоры Азамат Мұхамедтің айтуынша, компания ұсынып отырған заманауи, жаңа онлайн сауда қызметі қазақстандық өнімдердің ТМД мен Жібек Жолы елдерінің (Түркия, Қытай, Үндістан, Иран, Ауғанстан, Пәкістан т.б.) нарықтарына шығуына жақсы жағдай туғызып отыр.

-Ірі ғана емес, кез келген шағын және орта өндірістер біздің компанияның көмегімен өз өнімдерін Жібек Жолы аумағындағы шет елдерге сата алады. Біздің кешенді қызметіміз арқылы кәсіпкерлер шет елдердегі сатып алушылармен келіссөздер жүргізуден бастап, логистика, қауіпсіз төлем жасау, шетелдегі тендерлерге қатысу, сауда серіктестерін анықтау, аударма сияқты бизнеске қатысты барлық мәселелерді шеше алады, – дейді компания өкілі Азамат Мұхамед. – Мысалы, бал шығаратын өскемендік кәсіпкер біздің қызметімізге жүгінсе, біз ең алдымен оның өнімдері туралы ақпаратты бес тілге аударамыз: парсы, түркия, орыс, ағылшын, араб, қытай тілдеріне, одан соң оларға аталған алты тілде интернет-дүкен ашып, өнімдерді «Гугл» мен «Яндекс» арқылы 16 елге жарнамалап, таратамыз. Егер өндіруші өнімді екі-үш елге ғана жарнамалау керек деп тапса, ондай талаптарды да ескереміз. Біз өнімнің шетелдегі бағасына, сатылуына, сұранысына жан-жақты талдау жасап береміз. Шетелден табылған әлеуетті сатып алушы, компания туралы да барлық ақпараттарды алдын ала түсіріп, анықтап отырамыз. Осылайша, аймақ кәсіпорындарына өз тауарларын шетке шығаруға қажетті барлық қолдау, көмектерді жасаймыз.

Компания қызметінің кешенді пакеті бір жылға арналған. Қызметтің ең қымбат деген түріне кәсіпкер, кәсіпорын жылына 245 мың теңге төлеуі керек.
Келешекте «Zoodel» халықаралық онлайн сауда компаниясының отандық бизнесмендерге көрсететін бұл қызметінің ақысына «Қазақ Инвест» компаниясы тарапынан 50 пайыздық жеңілдік беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

«Иә, сен экспорттай аласың!»

Мемлекеттік грантқа 70 тен астам кәсіпкер бизнес-жобасын ұсынды

Мықты кәсіп көзін тауып қана қоймай, мемлекеттен тегін қаржы алып, бизнесіңді дамыт! Бұл – елімізде шағын кәсіпкерлікті өркендету үшін жасалып отырған көптеген қолдаулардың бірі ғана.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша беріліп отырған 3 млн. теңге көлеміндегі тегін гранттық қаржыны алып, кәсібін дамытып жатқан жерлестеріміздің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Мемлекеттік грант алуға ұсынылған жобаларды іріктеу жөніндегі биылғы конкурсқа Шығыс Қазақстаннан 70-тен астам кәсіпкер бизнес жобасын ұсынып, қатысуда. Грант бөлу комиссиясы отырысының қарауына облыстағы ауыл, қала тұрғындары мен кәсіпкерлері балалардың аяқ киімін шығаратын өндіріс ашсам, өзін-өзі қамтитын (көлікті иесі өзі жуатын) автожуу орнын, үй шырақтарын, пластик құтыларды қайта өңдейтін, кен байыту өндірістеріне қажетті полимер -композитті материалдар өндіретін өндірістер, тағы да басқа бизнес түрлерін ашсам деген жоба, жоспарларын ұсынды.

Грант бөлу конкурсына әдеттегідей, Өскемен, Семей, Риддер қалаларының, Зырян ауданының тұрғындары көп қатысты. Биыл мемлекеттік грант бөлу шарасына Абай, Бесқарағай, Бородулиха, Зайсан, Жарма, Көкпекті Күршім аудандарының кәсіпкерлері алғаш рет қатысып, аталған аймақтар үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірнеше бизнес-жобаларын талқыға салды.

Күршім ауданындағы «Ынтымақ» ШҚ-ның жетекшісі Баймұрат Бердікеев үй қояндарын өсіруді ойға алса, үржарлық кәсіпкерлер мемлекет қаржысын бөдене шаруашылығымен айналысуға жұмсап, «Үржар этноауылын», «Жеміс -жидек бағын», «Кептірілген жемістер өндірісін» ашып, өркендетуге пайдалануды ұйғарып отыр. Ал аягөздік «Аделия» ЖК-нің иесі Күлмайра Құрманова грантқа ұсынған бизнес-жобасында қой жүнін алғашқы өңдеуден өткізу өндірісін ашуды жоспарлаған. Аталған ауданның тұрғыны Бағлан Мұсапірбекова түйіршіктелген мал азығын өндірмек.

Ауыл, қала кәсіпкерлерінің мемлекеттік грант алуға ұсынып отырған бизнес-жобаларының кейбірі экономикалық негізділігі жағынан талапқа сай келмей, келешегінен күмән тудырып жатса, бірсыпырасы, өкінішке қарай, жаңашылдығы мен маңыздылығы жағынан конкурс шартына сай болмай шықты.
Биыл біздің облыстың кәсіпкерлеріне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бөлініп отырған мемлекеттік грант көлемінің мөлшері 22 млн. теңге шамасында ғана. Былтыр оның мөлшері екі есе көп 40 млн. теңге болған. Сол себепті биыл 3 млн. теңге көлеміндегі тегін қаржы 70-тен астам кәсіпкердің 10 шақтысына ғана бұйырмақ.

-Кәсіпкерлерге, тұрғындарға мемлекеттік грант конкурс талаптарына сай келетін бизнес-жобаларға бөлінеді. Бұдан бірнеше жыл бұрынғымен салыстырғанда мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржылай қолдауды алып, кәсіп ашсам, кәсіпкерлігімді дамытсам деушілердің қатары әлдеқайда көбейіп келе жатыр. Алдағы уақытта біздің облысқа бөлінетін мемлекеттік грант көлемі ұлғаяды деген үміттеміз. Жобаларды іріктеуде оның жаңашылдығына, әлеуметтік маңыздылығына, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік тудыруына, басқа да маңыздылықтарына назар аударамыз. Конкурсқа қатысушы қыз-келіншектер көбейіп келе жатыр. Өз ісін өркендетуге талпынып, өзгеге жұмыс тауып беріп, отбасының жағдайын жақсартуға тырысып жүрген мұндай қыз-келіншектерді аймақтық іскер әйелдер кеңесі де қолдауға әзір,-дейді грантқа ұсынылған жобаларды іріктеу комиссиясының төрайымы, аймақтық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Абилова.

Үржар ауылының жанынан демалушыларға арнап «Үржар этноауылын» ашуды жоспарлап, конкурсқа қатысып жатқан Динара, Айдын Байтұғұсовтар ауыл маңынан алған 25 сотық жерге келер жылдан бастап киіз үйлер тігіп, маңайын қоршап, келушілердің Үржардың жайлы да жасыл алқабында демалып, тынығуына қажетті барлық жағдайды жасауды жоспарлап отыр. «Ардақ» қожалығын ұстап отырған олар 50 бас әулиекөл асыл тұқымды ірі қарасын бағып, жылқы үйірін көбейтіп жатыр екен. Жаңа бизнес түрін ашып, бес адамды жұмыспен қамтуды қарастырып отырған Динара мен Айдынға бастаған істерінің баянды болуын тіледік.

«Иә, сен экспорттай аласың!»

Өңірде сыртқы сауда ұлғайды

Облыстың сыртқы саудасы 2016 жылы 3,8 млрд. АҚШ долларын құраса, экспорт көлемі 2015 жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артып, 2,2 млрд. теңгеге жеткен. Импорт 1,5 млрд. доллар болып, 16,8 пайызға төмендеген. Аймақтың жалпы экспортында өңделген тауарлардың салыстырмалы салмағы 85 пайыз немесе 1,9 млрд. АҚШ долларының өнімін құрап отыр.

Қазақтан аймақтарының арасында біздің өңір сыртқы сауда көлемі бойынша (алып отырған үлесі 6,1 пайыз) және экспорт көлемі бойынша сегізінші орында, өңделген экспорттық өнімдер бойынша – екінші орында алып отырған үлесі 14,6 пайыз) тұр.

«Қазақ инвест» ұлттық компаниясы аймақтық өкілдігінің директоры Мадина Байсалбаеваның айтқанындай аталған компания өңірге инвестиция тартумен бірге облыс кәсіпкерлерінің халықаралық көрмелерге шығуына, шетелдіктердің іс-тәжірибелерін үйрететін шетелдік оқу турларына қатысуына, олардың өнімдерін жарнамалауға қолдау көрсетіп, шығындарын жартылай жауып отыр. Биыл Өскемен конденсатор зауыты, Бұқтырма цемент компаниясы, ағаш өңдеу зауыты тәрізді 20-дан астам облыс кәсіпорнына осындай қолдаулар көрсетілген.

Облыстан шетелге шығарылып жатқан өнімдердің басым бөлігі – металл өнімдері, кен концентраттары, күміс, алтынмен қоса машина жасау өндірісі өнімдері, азық-түлік, басқа да тауарлар. Осы уақытқа дейін облыстың 51 кәсіпорны «Экспорттаушы анықтамалығына» енгізілген.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button