Қоғам

Гаджетсіз өткен үш ай

Гаджетсіз өткен үш ай


Жаңа оқу жылының басталуына жарты ай қалды. Енді біраз уақыттан кейін оқушылар үшін мектептің қайнаған тірлігі басталады. Ол екі аптадан кейін. … Ал әзірге шуақты жаз айының соңғы күндерін балалар қалай өткізіп жатқанын көзбен көрі үшін өңірдің бір топ журналисі Өскеменнің іргесінде орналасқан «Дарын» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығының лагерінде болып қайттық.

Щығыстың ең әсем жерлерінің бірінде, сылдыраған өзеннің жағасында, таудың етегінде орналасқан лагерьге біз келген кезде балалар түскі тынығудан тұрып, әртүрлі үйірмелердің қызығына түсіпті. Есік алдында жол ережелерін үйрететін алаңда велосипед теуіп жүрген балалардың бір-екеуін тоқтатып, жөн сұрадық.

-Мен Талдықорғаннан келдім, – дейді өзін Ислам деп таныстырған жасөспірім. – Мен футбол мен баскетбол ойнауды ұнатамын. Мұнда мен жаңа достар таптым.

Исламның жаңа достарының бірі – Нұртас Күршім ауданынан келіпті. Дарынды бала ретінде тегін дем алып жүр.

Лагерьде тек облыстық ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен келген балалар жиналған. Араларында Астана, Алматы, Павлодар қалаларынан келгендер де бар.

– Өткен жылы облыстық әкімдікпен бекітілген меморандумның аясында облыс әкімі Даниал Ахметов осы лагерьді «Дарын» орталығына берген болатын, – дейді орталықтың директоры Жанат Айтпаева. – Бұл жерде республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалардың, ғылыми жарыстардың, байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері тегін дем алады. Ал облыстық, қалалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, нашар қорғалған отбасылардан шыққан және жетім балаларға жеңілдіктер қарастырылған. Соңғы алтыншы маусымда дем алып жүрген 305 оқушының тек 58-і ғана жолдаманы сатып алған. 120 бала тегін тынығуда, ал қалғандары жеңілдікпен келгендер. Демалушыларға тәулігіне 5000 теңгенің қызметі көрсетіледі. Оның тең жартысы тамаққа жұмсалады. Лагерьде бес уақыт тамақтанады.

Директордың айтуынша, биылғы жазда екі мыңға жуық бала табиғат аясында, таза ауада тынығып, денсаулықтарын түзеп, жаңа оқу жылына жаңа күш жинап қайтыпты. Мұнда спорт секцияларына қатысып, бассейнде жүзуге болады. Лагерьде әр маусым бір тақырыпқа арналады екен. Бірінші маусым қуат пен спортқа арналғандықтан, балалар маңайдағы лагерьлердің демалушыларымен жолдастық жарыстар өткізген. Тауға шығып, саяхаттап, өңірдің әсем жерлерімен танысқан. Әсіресе облысымыздан тысқары жерлерден келген балғындар үшін тамаша естелік болары сөзсіз.

Он бағытта үйірмелер жұмыс істейді

Оқушыларға бос уақыттарында көңілдері қалаған істермен айналысуға барлық жағдай жасалған. Олар үшін ән-би студиясы, спорт секциялары, авиамодельдеу, робот құрастыру, шахмат, психология, барлығы он бағытта үйірмелер жұмыс істейді. Жас журналистердің «Media daryn» клубы бар. Болашақ әріптестеріміз облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаровтан сұхбат алып та үлгерді. Міне, бір топ бала авиамодельдеу үйірмесінде алғашқы самолеттерін жасап отыр.

Гаджетсіз өткен үш ай

– Шығармашылықтың техникалық түрлерін насихаттау мақсатында биыл шілде айынан бастап авиамодельдеу үйірмесін аштық. Он екі жасқа дейінгі балалар қатысады. Олардың арасынан ертең жас техниктер станциясына келіп, қолға алған істерін жалғастырғысы келетіндер шықса, тек қуанамын. Олар ұшатын аппараттарды жасап үйренеді. Таңертең алғашқы ұшақтарын аспанға ұшырып та көрген, – дейді жас техниктер станциясының оқытушысы, жоғары санатты педагог Сағындық Жұмағалиев. Станцияда жаттыққан оқушылардың бірі Аяужан Қойшынова республиканың екі дүркін чемпионы атаныпты.

Робот құрастыру үйірмесінде ұлдардың қарасы басым. Олар үшін бәрі таңсық. Тіпті облыс орталығында тұратын оқушылардың кейбіреуі жас техниктер станциясында осындай үйірме жұмыс істейтінін білмейді екен.

– Бағдарламаның күрделілігіне қарамастан қызығушылық танытатындар көп. Баланың тілін тапсаң, тез үйренеді. Мысалы, пілді өздері құрастырып шықты. Ауданнан келген оқушылар «бізде де осындай үйірме болса ғой» деген армандарын жасырмайды, – дейді үйірме жетекшісі Думан Қанат.

Әр тараптан жиналған балаларға бір-біріне үйренісу, тіл табысу үшін біраз уақыт керек. Мінезі ұяң болса, жаңа топқа бірден сіңісе алмауы да мүмкін. Мұндай кезде жеткіншектерге кәсіби психолог көмекке келеді. Жасөспірімдер алғашқы құпияларын, достық пен балаң махаббат туралы сырларын психолог маман Тоғжан Сахариевамен еш қысылмастан бөліседі.

-Менің жаттығуларыма топпен де, жеке де келуге болады. Сабақтарда әртүрлі психологиялық ойындар ойнаймыз. Соның нәтижесінде жеткіншектердің есте сақтау қабілеті жақсарып, логикалық пайымдаулары артады. Алғашқы сәтте тосырқап тұрған балалар жаттығулардан кейін ашылып, өздерін толғандырған мәселелермен бөлісе бастайды, – дейді психолог маман. Әрине, өтпелі кезең болғасын алғашқы сезім, достасу проблемалары алдыңғы кезекте екен.

Гаджетсіз өткен үш ай

Глубокое ауданынан келген жеткіншек Никита Никулин атақты актердің алыс туысқаны болып шықты. Жылда келіп дем алады екен. Шахмат ойнауды ұнатады.

-Жалпы шахмат ойыны баланың ойлау қабілетін дамытады. Спорттың бұл түрін мектеп бағдарламасына енгізсе де артық болмас еді, – деген ойымен бөлісті шахмат үйірмесінің жетекшісі Алмагүл Манапқызы.

«Сендерге не ұнайды?» деген сауалымызға балалар ойланбастан «жетекшілер мен тәрбиешілер» деп шу етті. Шынында да бұл жерге мамандар қызметке конкурстан іріктеліп, жеке әңгімелесуден өткеннен кейін қабылданады. Бір топқа бір-бір жетекші мен тәрбиеші бекітілген. Жетекшілердің арасында «Дарынның» бұрынғы озат оқушылары, қазірде студент атанған жастар да кездеседі.
Қыста да демалатын болады

Шығыс Қазақстан облысы физика, химия пәндерінен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары санынан республикада алдыңғы қатарларда. Сол себепті талапты балғындарға ерекше жағдай жасау, барлық оқушыларды каникул кезінде сауықтырып, дем алдыру үлкен міндет болды.

– Осы орайда облыс әкімі Даниал Ахметовтің берген тапсырмасын орындау мақсатында шығысқазақстандық оқушылардың 96 пайызы немесе 155 мың бала жаз кезінде 889 сауықтыру лагері мен алаңында дем алды, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров. – Ең бастысы – біз жеткіншектердің көңілін смартфон мен гаджеттерден алыстатып, оларды спортпен айналысуға, салауатты демалуға бейімдедік.

Гаджетсіз өткен үш ай

«Дарын» аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Жанат Айтпаева алдағы уақытта лагерьдің қуаттылығын арттыра түсу, орын санын көбейту жоспарда бар екенін айта кетті. Сонымен қатар лагерь тек жазғы маусымда ғана емес, қыста да балаларды қабылдаса деген тілек бар. Оған әзірге жатын корпустарының жылу , су жүйелері жарамайды. Тек үш коттеджде ғана қыста су бар. Барлық үйлер қосымша жылытуды талап етеді. Бұл проблемалардың барлығы уақытымен шешіліп, қыс маусымында да балаларға қызмет көрсететін күн алыс емес шығар деп сенеміз.

ВРЕЗКА. Балалардың демалысы биыл жазғы лагерьлердегі демалыс пен сауықтыру және секциялардың жұмысына, қызығушылықтары бойынша үйірмелерге қатысу, саяхатқа шығу сияқты екі бағытта ұйымдамтырылды. Бірінші бағыт бойынша балалардың 96 пайызы, екінші бағытта 97,5 пайыз оқушы қамтылды.

Облыстың үш ауданында 450 бала үшін үш тілде білім беруді дамытудың кешенді жоспары аясында тілдік лагерьлер жұмыс істеді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button