Қоғам

Ерекше қорғалатын аймақтарда аң атуға тыйым салынды

Ерекше қорғалатын аймақтарда аң атуға тыйым салынды


Тұзақ құрып, шоқпар асынған аңшылар некен-саяқ. Тазы жүгіртіп, бүркіт салушылар да сиреген. Керісінше, оптикалық көздеуішті винтовкамен сонау қозы-көш жердегі аңды топ еткізуді оңай көреді. Техниканың дамуы аңның кемуіне әсер еткендіктен бе, ерекше қорғалатын аумақтарда аңшылыққа тыйым салынды.

Заң бойынша ерекше қорғалатын аймақтарда әуесқой әрі спорттық мақсатта аң аулауға болмайтын болды. Аюды қойып, қоян ауласаңыз да. Яғни, аңшылар енді мылтықтарын сүйеп қоюға мәжбүр. Ал жандарын малмен бағып отырған ауыл халқы қасқырдан қалай қорғанбақ? Заңда бұл жағы да қарастырылған екен. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Дархан Ерсалинның айтуынша, қасқыр және басқа да реттеуге жататын жануарлар түрін заңға сәйкес аулауға болады.

– Ерекше қорғалатын аумақтарда аң аулауға заңмен тыйым салынғанымен, реттеуге жататын жануарлар биологиялық негіздеме негізінде ауланады. Ол туралы «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін пайдалану туралы» Заңның 45 бабында көрсетілген, – дейді бас маман Дархан Ерсалин.

Ерекше қорғалатын аймақтарда аң атуға тыйым салынды

Жануарлар дүниесін қорғайтын заң бар. Аң саны енді екі еселенетін шығар. Көктемгі санақ бойынша Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің аумағында кейбір аңдардың саны жыл сайын артып келе жатқан көрінеді. Әсіресе бұлан, қабан, қоңыр аю, құну, қоян сынды жануарлардың саны өткен жылдармен салыстырғанда едәуір артқан. «Қызыл кітапқа» енген жануарлар да көбейген. Тіпті, бұрын-соңды төр Алтайдың тауларынан көрінбеген сабаншы фототұзаққа түскен. Өте сирек кездесетін бұл жануар қорық аумағында әзірше біреу. Осыған дейін аң аулауға белгілі бір мөлшерде лимит беріліп келген. Соның өзінде аң саны артпаса, кеміген жоқ.

Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің арнайы қызметкерлері жылына екі рет санақ жүргізіп, тізім жасайды. Олар фототұзаққа түскен суреттерге, тау-тастағы іздеріне қарап санақ жүргізеді.

Ерекше қорғалатын аймақтарда аң атуға тыйым салынды

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи парк аумағындағы кейбір аң-құстардың саны:

Бұлан – 109
Марал – 499
Сібір елігі – 2925
Тау ешкі – 881
Қабан – 71
Қоңыр аю – 296
Қасқыр – 66
Сілеусін – 106
Түлкі – 111
Құну – 99
Борсық – 635
Тиін – 5 722
Қоян – 1560
Саңырау құр – 878

«Қызыл кітапқа» енген аң-құстардың саны

Қар барысы –11
Ақтөс сусар – 12
Сабаншы – 1
Сұр тырна – 32
Алтай ұлары – 163
Үкі – 33
Ителгі – 42
Қара дегелек – 52

Төр Алтай өсімдікке де өте бай

Катонқарағай өңірінде жоғарғы сатылы өсімдіктердің 2000-нан астам түрі өседі. Солардың ішінде құрып кету қаупі бар өсімдіктердің 30 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Олардың ішінде кәдімгі рауғаш та бар.

Ерекше қорғалатын аймақтарда аң атуға тыйым салынды

– Сирек кездесетін өсімдіктерді қорғау мақсатына жыл сайын жазда зерттеп, өсу қарқынын, көбеюін қадағалап отырамыз, – дейді Катонқарағай мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің ғылым, экологиялық мониторинг және ақпарат бөлімінің маманы Гүлжаз Аманбаева.

Сонымен қатар, төр Алтайды Верещагин cаздақшөбі, ұсақ торлы жуа, қар дәуаяғы, ала күлтелі қызғалдақ, жіңішке сабақты астрагал, кәдімгі аюжидек, марал түбірі, ақ селеу, көктем жанаргүлі, ұсақ жемісті мүкжидек, ірі гүлді шолпанкебіс, дала таушымылдығы, иілгіш таушымылдық, ашық құндызшөп, бұйра лалагүл, сібір қандығы, фукс бармақтамыры сынды өсімдіктер сирек кездеседі. Отыз түрлі өсімдіктің ең негізгілеріне тоқтала кетейік.

Алтай рауғашы. Биіктігі 80-120 см болатын бұл өсімдік маусым-шілде айларында гүлдеп, тамыз-қыркүйек айларында жеміс береді. Жемісі – домалақ, қара түсті жаңғақ. Алтай рауғашы тағамдық әрі дәрілік өсімдік болып табылады. Таралу аймағының азаюына байланысты қорғауға алынып, «Қызыл кітапқа» енгізілді.

Сібір қандығы. Орманның жоғарғы шекарасына дейінгі аймақтарда өседі. Гүлдерінің түсі күңгірттен ашық күлгін, кейде таза ақ түске жылдам ауысып отырады. Гүлдеу мерзімі аяқталған соң, сабағы жапырылып, тұқымы жерге шашылады. Шашылған тұқымды құмырсқалар таратады.

Ұсақ жемісті мүкжидек. Қаражидектер тұқымдасына жататын мәңгі жасыл бұта. Оның жіп тәрізді жіңішке тармақтарының ұзындығы 75-80 см, жапырақтары майда, сопақша немесе дөңгелек, қалың шырынды болады. Мамыр-маусымда гүлдеп, тамыз-қыркүйекте жеміс салады. Жемісінің құрамында лимон, қант, пектин заттары, минерал тұздар бар. Жеуге жарамды жемісі медицинада пайдаланылады.

Кәдімгі аюжидек. Қысқа бұтақтарының бойында сопақша келген ұсақ жапырақтар орналасады. Құмыра тәрізденген гүлдері бұтақтың ұшында басын иіп тұрады. Тамыз айында жемісі пісіп жетіледі. Жемісін тағамдық, жапырақтарын емдік мақсаттарда қолданады.

Ұсақ торлы жуа. Тау өзендерінің аңғарларында, самырсынды-шыршалы ормандарда өсетін көпжылдық шөптесін өсімдік. Пиязшықтары және жер үсті бөлігі эфир майын бөледі. Онда көп мөлшерде С дәрумені бар. Жаппай жинаудың нәтижесінде көптеген жерлерде торлы жуаның саны азайып барады. Сондықтан Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button