Қоғам

Енді дәрі үшін қалаға сабылмайды

Енді дәрі үшін қалаға сабылмайды


Қаланың дәл іргесінде отырса да Прапорщиков ауылында дәріхана жоқ болатын. Екі мыңнан астам тұрғын басы ауырып, балтыры сыздаса дертіне шипа іздеп қалаға баруға мәжбүр еді. Жуықта осы ауыл зейнеткерлерінің көптен күткен тілегі орындалып, мұнда дәріхана ашылды.

Ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Ләйлә Каербаева аудан басшылығы және жергілікті әкімдіктің қолдауымен осы істі қолға алды. Глубокоелықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін осымен 43-і дәріхана салтанатты түрде ашылды.

Аудан әкімі Қалиқан Байғонусов ауыл тұрғындары мен жеке кәсіпкерді дәріхананың ашылуымен арнайы келіп құттықтады.

– Халықтың, әсіресе осы ауыл зейнеткерлерінің, көптен бері айтып келе жатқан мәселесі бүгін шешілді. Дәріхана ашылды, ендігі мақсат оның әрі қарай халыққа қызмет етуіне сіз болып біз болып септігімізді тигізу. Дәріхана иесі де өз кезегінде сіздердің көңілдеріңізден шығуға барын салатын болады,-деді аудан басшысы.

Дәріхана халықты тегін босатылатын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге арнайы рұқсат алды. Ең басты мәселе де осы болатын. Рецепт бойынша, тегін босатылатын дәрі-дәрмектерді алу тек аудан орталығында жүзеге асатын. Бұл әсіресе жүріп-тұруы қиын зейнеткерлерді қинайтын.

– Ауылда екі жылдан асты дәріхана жоқ болатын. Әсіресе қыс кезінде қалаға не Глубокоеға бару қиынға соғатын еді. Жас балалары бар аналар мен зейнеткерлерге дәріхананың зары өтті. Ләйлә Аманжолқызы бір игі іс бастап отыр екен. Шыны керек, дәріхана ашылады дегенде қатты қуандық,-дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Рая Кәрімова.

Дәріхана иесі Ләйлә Аманжолқызының айтуынша, зейнтекерлерге жеңілдіктер қарастыру жағы да ескерілмек. Сондай-ақ, халықтың тілегіне орай жұмыс тәртібін де кешкі тоғызға дейін созу жоспарланып отыр.

– Дәрілердің ассортименті алдағы уақытта тұрғындардың қажеттілігіне қарай кеңейтілетін болады. Халықтың сұранысын әрдайым ескеріп, көңілдерінен шығуға, сапалы қызмет көрсетуге барымызды саламыз. Тұрғындар да біздің еңбегімізді ескеріп, тауарды қаладан сатып алмай, тұрақты тұтынушыларымыз болуға тырысады деп ойлаймын,- дейді Ләйлә Каербаева.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button