Қоғам

Ел шетінен ентелегендерді қия бастырмады

Ел шетінен ентелегендерді қия бастырмады


Зайсан шекара отрядына қарасты заставалар шекарашылары ұстаған шекара бұзушылардың арасында мемлекетке аса қауіпті тыңшылар, барлаушылар да болған.

1956 жылдың 20 қыркүйегінде қатардағы шекарашы жауынгерлер Могильный мен Москаленко шекарадан 100 шақырымдай жерде, Майқапшағай елді мекенінің маңындағы шөмеленің артына тығылып, Қытай жақты дүрбімен бақылап тұрған бөгде адамды көріп қалады. Жасақ «байқаушыны» көзден таса қылмай, соңына түседі. Шөмеле артына жасырынған адам сәлден соң ол жерден шығып, асығыс шекараға қарай бет алған. Бұл кезде оны артына түскен қос шекарашы қуып жетеді. Қазақстан аумағында шетелдік барлау тапсырмасын орындаған агент қайтар жолында осылай қапыда қолға түскен. Өзіне жіберілген байланысшыны чекистер ұстап алған соң ол өз иелеріне қайтпақ болып шешіпті.

1979 жылдың 20 тамызында сағат таңғы 6.00-де сержант Скибчик пен қатардағы жауынгерлер Бердников және Хаиров «Қотанашы» асуының жоғары жағындағы мемлекеттік шекара бойын күзетуге кірісуге бұйрық алады. Сағат 9.00 шамасында жасақ шекара бойында төрт салт атты адамның пайда болғанын көреді. Үшеуі біздің шекарадан бері өтеді. Тарбағатай тау сілемдерін бауырлап, тура жасақ тұрған жартасқа қарай беттейді. Скибчик шекара бұзушылар туралы постқа хабар берген кезде, олар шекара ішіне бір шақырымдай еніп қойған болатын. Аттарын үшіншісіне қалдырған әскери киімдегі адам мен азаматтық киімдегі екеу жартас басына қарай көтеріледі. Жартас басына көтерілген екеу қарсы алдарынан шыққан екі жауынгерді көрген бетте екі жаққа қашады. Аспанға оқ атып, тоқтауды бұйырған шекарашылардың бұйрығына құлақ аспаған оларға қарсы оқ атуға тура келеді. Әскери киімдегі адам оққа ұшып, (тергеу барысында анықталғандай, Чугучак шекара бөлімінің полициясы Ли Баосян), шаруашылықтың мал дәрігері болып шыққан Эдинжап Буюнбутке жараланып, қолға түсіп, үшіншісі қашып кетеді. Тергеу ісі барысында белгілі болғандай, наганмен, винтовкамен қаруланған олар бірнеше күн бойы жүргізген шолулары бойынша біздің шекарашыларды жартас аумағына таңертең емес, түс әлетінде келеді деп болжаған. Шекараның тарихи шежіресінде ел шетінен ентелеп енгендерді қия бастырмай, қолға түсірген шекарашылар туралы мұндай мысалдар жетеді.

1961-1970 жылдары Кеңес-Қытай шекарасында Қытай шекарашылары жағынан болған бірнеше арандатушылық әрекеттер, қақтығыстар орын алып, шиеленісті жағдайда өтті. Шекарашылардың қырағылығы, арандатушылық әрекеттерге бой алдырмауы, табандылығы, әскери сауаттылығы мен біліктілігі жағдайды ушықтырмауға үлкен септігін тигізді. 1962 жылдың 26 сәуірі мен 30 мамыры аралығында шекараның арғы бетінен 3432 қазақ Терісайрық, Күзеуін, Шаған оба заставалары учаскелері арқылы туған елге өтіп кетіп, көршілес аудандарға қоныстанады. Осы жолы 14000 адам Майқапшағай бақылау-өткізу пункті арқылы ресми түрде өтіп, аудандарға қоныстандырылған. Сол кезден бастап шекара бойының күзеті күшейтіліп, қатайтыла бастайды.

1990-2000 жылдар арасында аумақта мемлекеттік шекараны бұзған 162 адам ұсталған. Олардың көпшілігінің шекара бұзу себептері жоғалған малды іздеу, адасып кету, контрабандалық істер, жақсы жағдай, жұмыс іздеу, Қазақстандағы туысқандарына келу, марал мүйізі мен дәрілік шөптер жинауға байланысты болған.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button