Қоғам

Ел-жұртына үнемі көмектесіп жүреді

Бейсенғазы Ұлықбек

Айналасындағы барша ел-жұртқа қамқорлық танытып, шамасы келгенше қолғабысын жасап, көмектесіп жүретін Ардақ Өтегеновті өңір жұрты жақсы таниды. Өзіндегі барымен әрдайым бөлісіп, қолыңды қақпайтын жігіт ағасы көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен жанұяларға, сондай-ақ отау құрып, бөлек шыққан жастарға көмегін жасамаған кезі кемде-кем шығар.

Талайдан аты-жөнін елден естіп, дақпыртына қанығып жүретін біз бірде реті келіп, осы жігітпен кездесіп, сұхбаттасқан болатынбыз.

Ақжарқын жігітпен әнгімелесе отырып, оның жүріп өткен жолына үңілгендей болдық.

– Мен алты айлығымнан жетім қалған екенмін. Шешем мен туған соң бірнеше айдан кейін о дүниелік болыпты. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң Семей қаласындағы сол кездегі аты әйгілі ет комбинатының құрамындағы мал сою шеберлігіне даярлайтын кішігірім арнайы училищені бітіріп, біраз жыл осы мамандықпен жұмыс істедім. Сонымен қатар Алматыдағы бухгалтерлік техникумға түсіп, аяқтап шықтым. Одан кейінгі жылдары әскер қатарына алынып, Ресейдің Архангельск облысында азаматтық борышымды өткердім. Алты ай күн, алты ай түн болатын аймақтың барлық ауыртпашылығын көтеріп, әжептәуір шындалдым, – деп бастады әңгімесін атпал азамат.

Әскерден келген соң жас жігіт Үржардағы автоколоннаның жүргізушісі болып жұмысқа орналасты. Осында бір жылдай жұмыс істеген соң басшылық жаңа машина беріп, қатты қуанды. Бірақ ол қуанғанмен, қасында бұрыннан істеп келе жатқан көлік жүргізушілері колонна бастығы В. Усковқа ренжігені бар. Осыған орай арнайы жиналыс болып, жетекшілері өзге көлік жүргізушілеріне «Сендер мына жігіттей ерінбей-жалықпай, уақытпен санаспай жұмыс істегендерінде сендерге де жаңа көлік беруге әлдеқашан болар еді. Бірақ сендердің айтатындарын үнемі сылтау, жіберген жаққа оңайлықпен бармайсыңдар. Сондықтан, алдағы уақытта жаңа көлік келгенде  істеген жұмыстарыңа қарап беріп отырамыз» дегені әлі есінде.

Бұл жұмыста 1989 жылдан бастап, 1993 жылға дейін істеді. Ол кезде әлі Кеңестер одағының бар кезі. Жүк тиеп тек қана Қазақстанда ғана емес, өзге одақтас республикаларға да жол тартады. Күз айларында алқаптардан қырманға жарысып астық тасып, шаршау дегенді білмейтін. Жоспарды артығымен орындамақ болып, Камазға бірнеше  тіркеме тіркеп, жұмыс істеген уақыт та кездесті. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап іргедегі көрші Қытай еліне жол ашылып, осыған транзиттік көлік жүргізушісі болып жұмысқа тұрды. Осы іссапары мол жұмыста 2006 жылға дейін істеп келді.

– Осы жылдары жинаған қаражатымды салып, нартәуекел деп,  ауданымыздың орталық мешітінің құрылысын бастап, оны 2010 жылы бітіріп,  өткізіп  бердім. Мешіт мың адамға арналған. Мешіттің ашылуына еліміздің сол уақыттағы имамы Әбсәттар Дербісалин келіп, қатысқан болатын. Егер айтар болсам, осы мешітті салып болғанша қатты қиналдым. Мешітті жартылай салғанда, қаражатым жетпей, төбесін жаба алмай біраз уақыт жүрдім. Ауданда қаржылай көмек көрсететін ешкім табылмады. Мешітті бітіре алмаймын ба деп намыстанғаным сонша, Алладан тілек тілеп, жылағаным да бар. Сүйтіп жүргенімде тілегім қабыл болды ма, көмек табылып, мешітті ойдағыдай бітіріп, өңірдің қалың қауымының  ризашылығын алдым, – дейді Ардақ ініміз.

Айта берсек, оның жыл сайын аудан тұрғындарына беріп жатқан көмегі аз емес. Күздің суығы басталғанда тұрмысы төмен жанұяларға отыз-қырық тонна көмір, тамыздығына ағаш, қайсыбірінің бағып отырған малына жем сатып алып береді. Сондай-ақ әр жылдары жиырмадан кем емес шаныраққа күн суыта бастағанда келесі жылға тарықпай жетсін деп, қап-қап ұн таратады. Баспанасы жоқ біраз отбасыға үй сатып алып берді. Науалы ауылындағы балалар үйіне жаңа жылдың алдында жәшіктеп тәттілер апарып берді. Тағы айтарымыз, ауыл ортасында «Жұлдыз» атты тойхана ашып, елді мекеннің біраз қыз-келіншектерін жұмыспен қамтамасыз етті. Ауыл  тұрғындарына былтыр сауна салып берді. Қазір аудан тұрғындарына арнап мал базарын салып бітіруге таяды. Қызметін елге арнап, барымен қашанда бөлісуге даяр.

Меценат болу – әр адамның қолынан келе бермейтін іс. Кез келген меценат – еліне, халқына жаны ашып, сол елдің гүлденіп, көркеюіне үлес қоссам дейтін  жан. Жалпы алғанда, өмірде жетістіктерге жеткен кәсіпкер азаматтар аз емес. Алайда солардың барлығы дерлік шығын шығарып, тәуекелге бел буа бермейді. Еңбекпен тапқан қаражатын оңай бере салуға қимайды. Ол да түсінікті ғой. Бірақ өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, қолы ашық, қамқор жандардың несібе-дәулеті де арта береді.

Ардақ Өтегеновтің бұрыннан істеп келе жатқан және алдағы істейтін істеріне табыс тіледік.

 

Үржар ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button