Қоғам

Екі тілде еркін сөйлеп, үшінші тілді үйреніп жүр

Екі тілде еркін сөйлеп, үшінші тілді үйреніп жүр


Глубокое ауданында екі тілде еркін сөйлеп, үшінші тілді үйреніп жүрген әкім бар. Аты-жөні – Виктор Леонтьев. Еңбек жолын «Востокшахтострой» акционерлік қоғамы кәсіпорнында қарапайым жұмысшы болып бастаған ол осыған дейін бірқатар саланың тізгінін ұстап үлгерді.

Көкпекті ауданының Самар ауылында 1980 жылы дүниеге келген Виктор сол жерде мектепті бітіргеннен кейін,ата-анасымен бірге Глубокое ауданының Белоусовка кентіне қоныс аударады. Сол жердегі кәсіпорында әуелі слесарьдың көмекшісі, сосын слесарь болып еңбек еткен Виктор жұмыс істей жүріп, сырттай жоғары білім алуды да ұмытпады. Әр жылдары Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да және Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да оқып, екі мамандықтың иесі атанады. Қолына дипломын алғаннан кейін мамандығына сәйкес денешынықтыру пәні мұғалімі, спорттан әдіскер-нұсқаушы болып жұмыс істейді. Сондай-ақ, кәсіппен де айналысып, өрт сөндіруші, облыстық арнайы мектеп-интернаттың директоры, «Облгазпром» ЖШС-нің директоры қызметтерін жоғары деңгейде атқарды. Серіктестікті басқарып жүрген кезінде білікті маман аудан басшыларының назарына ілініп, 2016 жылы Глубокое кенті әкімінің орынбасары қызметіне шақырту алады. Бұл орында да көп отырмай, биылғы сәуірден бастап аталған кенттің әкімі лауазымына жоғарылады. Қазіргі күні жас әкімнің аяқалысына тұрғындар да, аудан басшылығы даоң бағасын беріп отыр. Виктор Александрович кәсіпкерлік саласындағы жетістіктері үшін екі медальмен марапатталған.

– Әкімнің жұмысына бағаны халық береді. Кентті абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту, спорт объектілерін салу, тұрғындардың дем алуына жағдай жасау, жағажайлар мен жалпы кент аумағын қолайлыландыру тәрізді мәселелерді күнделікті назарда ұстаймын. Кәсіпкерлікпен айналысып жүрген кезде кент тұрғындарына арнап хоккей қорабын салып бергем. Халық сол жақсылығымды есіне алып, алғыс айтып жатады. Кәсіпкерлік пен бизнесті дамытуға барлық жағдай жасалған. Тек жанқиярлықпен жұмыс істеу керек, сонда қай салада болсын табысқа жетуге болады. Жұмыс істеуге, табыс табуға барлық жағдайлар туғызылып отырған кезде тек жалқау, жатыпішер адам ғана жұмыс істемейтін шығар. Ал алға бассам, табыс тапсам деген адамға барлық мүмкіндік жасалған, – деп сабақтайды өз сөзін кент әкімі.

Глубокое – негізінен орыстілді ұлттар тұратын аудан. Виктордың өзінің ұлты да орыс, дегенмен ол қазақ тілін жақсы біледі. Қазір ағылшын тілін үйреніп жүр. Аптасына сөздік қорына ағылшынның 10-12 сөзін енгізу күнделікті ережесіне айналған. Қазақ тілі демекші, Виктордың әйелі қазақ. Аты-жөні – Салтанат Арынова,Тарбағатай өңірінің тумасы.Екеуінің отау құрғандарына биыл 14 жыл. Алланың қалауымен бес қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Евгения -14 жаста, кенжелері Аделия балабақшаға барады. Давид есімді ұлдары – 10 жаста. Ол мектепте үздік оқығаны үшін «Жас қыран» атты төсбелгімен марапатталыпты. 12 жасар Жібек, 10 жастағы Юлия да мектепте оқиды, ал төрт жасар Ева балабақшаның тәрбиеленушісі. Леонтьевтердің алты баласы да үш тілді үйрену үстінде.

Екі тілде еркін сөйлеп, үшінші тілді үйреніп жүр

Ерлі-зайыптылар алғаш танысқанда Виктор кәсіпкерлікпен айналысып жүріпті. Салтанат болса «Қазақмыс» кәсіпорнында инженер-металлург. Жұмыс бабымен «Қазақмысқа» барған жігіт Салтанатпен танысады, таныстықтың соңы махаббатқа ұласқан. Тек бастапқыда қыздың ата-анасы мен туыстары екеуінің көңіл жарастыруына қарсылық білдіргенімен, артынан ақ баталарын беріп, келісім сөздерін айтқан.

– Жұмыстан шаршап келгенде, балаларым мойныма асылып, «әке» деп еркелейді, ұл-қызыма қарап шаршағанымды ұмытып кетемін. Балаларымды, отбасымды жақсы көремін. Оларды адамгершілік, адалдық, әділдік, мейірімділік пен қайырымдылық секілді ізгі қасиеттерге тәрбиеледім. Балаларымды спортқа баулып келемін. Қыста коньки, шаңғы теуіп, жазда олимпиадалық спорт түрлерімен айналысамыз бәріміз. Өзім мемлекеттік қызметшілер арасында өткен биылғы аудандық шаңғы жарысында екінші орын алдым. Хоккей, футбол ойнауды да ұнатамын, – дейді Виктор Александрович.

Виктор мен Салтанаттың отбасында екі ұлттың барлық салт-дәстүрлері сақталады. Қашан барсаңыз да, Леонтьевтердің үйінен қонақ арылмайды, әрқашан есіктері ашық, дастарқандары жаюлы.

Жас әкімнің тағы бір хоббиі деуге болатын шығар – қолына қалам ұстап, көрген-білгенін қағаз бетіне түсіріп жүретіндігі. Айталық, спорт саласында істеп жүргенде өзі өткізген барлық шаралар, олардың жеңімпаздары туралы жүйелі түрде аудандық газетке хабар-ошар жазып, штаттан тыс тілші қызметін атқарған Виктор Леонтьевтің аты-жөні аудан жұртына кеңінен танымал болған. Осынау жақсы қасиеттен ол әлі де қол үзе қоймаған.

Иә, әдетте біз әкімдер туралы жазғанда, тек олардың атқарған қызметін, басқарып отырған өңірдің әлеуметтік көрсеткіштерін жариялауға тырысамыз. Ал жеке адами өмірі көп жағдайда шет қалып қояды.Расында, әкім де адам ел қатарлы адам. Оның да отбасы, бала-шағасы, қуанышы мен шаттығы, қайғысы мен күйініші бар. Сол себепті біз бұл жазбамызда Виктордың қатардағы жұмысшыдан кент әкіміне дейін көтерілген еңбек жолын ғана емес, оның қазақ қызы Салтанатқа деген іңкәр сезімін, балаларына, отбасына, Отанына деген үлкен махаббатын, ата-анасына деген перзенттік парызын қалай орындап жүргенін көрсетуге тырыстық.

Мира Берікболова
Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button