Қоғам

Денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру қажет

Денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру қажет


Облыс әкімінің орынбасары Ринат Омаровтың қатысуымен бейне байланыс режимінде өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІІІ сессиясында «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 9 желтоқсандағы № 8/75-VI шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру туралы есебі тыңдалды. Бұдан бөлек әртүрлі мәселелер де қаралды.

Кезектен тыс сессия жұмысын бастамас бұрын халық қалаулылары өздерімен 20 жылдан аса уақыт тығыз байланыста жұмыс істеген, жуырда ғана өмірден өткен, есімі елге белгілі фототілші Есімхан Орынбаевты бір минут үнсіздікпен еске алды. Ортадағы үлкен экраннан жарқ етіп көрінген жарқын бейнесін мәңгі есте сақтайтындарын жеткізді.

Облыстың басты қаржылық құжатына бұл жолы енгізілген өзгерістерді баян еткен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаев кезектен тыс сессияны өткізуге депутаттар бастамашы болғанын айта келе, облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 817,5 млн. теңгеге ұлғайғанын атады. Соған сәйкес лимиттер де ұлғайған.

– Сонымен қатар «2017-2022 жылдарға арналған Рухани жаңғыру» бағдарламасы жобасы бойынша облыста тиісті іс-шараларды өткізу үшін облыстық білім басқармасына 16,6, облыстық ішкі саясат басқармасына 51, тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға 1,4, туризм және сыртқы байланыстар басқармасына 2 млн. теңге бөлініп отыр, – деді Алмасхан Сматлаев.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандарына жетпей тұрған инженерлік инфрақұрылымдарды тарту үшін 162,9 млн. теңге облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасына және Өскемен қаласы, Пермитин көшесі, 15 мекенжайындағы әкімшілік ғимаратты қайта құру үшін 100 млн. теңге құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бөлінген. Басқарма басшысы бұдан бөлек өзге де салаларға бөлінген қаржыларға тоқталып өтті.

ТАБИҒИ ӨСІМ ТАСЫРҚАП ТҰР

Мұнан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов аймақтың денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, облыста денсаулық сақтауды дамыту бойынша 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Басты мақсат – елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін тұрғындар денсаулығын жақсарту.

Басқарма басшысы келтірген деректерге сүйенер болсақ, ағымдағы жылдың 1 қаңтарында облыс халқы 1 390 мың адамды құраған. Биылғы бес айда облыста туу көрсеткіші 15,77 болса, республикада – 20,83. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде көрсеткіш 16,36 болған. Республика бойынша да бұл көрсеткіш төмен. Өлім-жетім 2016 және 2017 жылдың сәйкес мерзімінде 10,56-ға тұрақтаса, республикада көрсеткіш төмендеп келеді. Сондай-ақ, табиғи өсім өңірде де, республикада да төмендеп кеткен.

Сондықтан облыста денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру мақсатында сала қызметіне толыққанды талдау жасалып, дамудың кешенді жоспары әзірленуде.

– Елбасымыздың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: әлемдік бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында әлеуметтік саясат – адам әлеуетінің сапасын жоғарылатудың жаңа қағидалары айқындалған. Кешенді дамыту жоспарына сегіз бағытты кіргізіп отырмыз. Оның ішінде үш деңгейлі оқыту бағдарламасын іске асыру, Назарбаев университетіндегі медицина мектебінің базасында орта медициналық персоналдарды оқыту, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, облыстың медициналық ұйымдарын жабдықтау және аудит жүргізу, зертхана жұмысын орталықтандыру, озық білім мен дағды орталықтарын ашу, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін ақпараттандыру, медициналық ұйымдар желісін оңтайландыру бар, – деген Марат Шоранов баяндамасында осы аталған сегіз бағытқа жеке-жеке тоқталды.

Аталған бағыттарды қаржыландыру депутаттар тарапынан қолдау тапқан жағдайда, денсаулық сақтау басқармасының кешенді дамыту жоспары бекітіліп, оны жүзеге асырудың жедел жоспары қолға алынбақ. Бұл өз кезегінде түбегейлі оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бермек.

Басқарма басшысы бұлардан бөлек баяндамасында өңірде медициналық туризмді дамыту, болашақта Аягөз және Зырян қалаларында қосымша екі жаңа инсульттік орталықтар ашу жоспарларымен де бөлісті.

Мұнан соң сессияда бірқатар мәселелер қаралды. Соның бірі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасын іске асыру аясында Семей қаласында спорттың күштік түрлері бойынша сервистік қызмет көрсету және жаттығу үрдістерін ұйымдастыру мәселесі.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаевтың мәлімдеуінше, биылғы мамыр айында Қазақстан бокс федерациясының еншілес кәсіпорны болып табылатын «Тарлан батырлары» мекемесі облыстық әкімдікке осындай ұсыныспен шыққан.

– Бұл ретте мемлекет сервистік қызмет көрсету және жаттығулар ұйымдастыру саласында серіктес бола алады және бұл экономикалық жағынан алғанда тиімді, яғни, жаңа спорт кешенін салу қажеттілігі туындамайды, – деді ол.

Сессияда қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешім жобалары қабылданды.

Денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру қажет

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button