Қоғам

Бейкүнә сәбидің өліміне кім кінәлі?

Бейкүнә сәбидің өліміне кім кінәлі?


Осы жылдың көктемінде Аягөз ауданында жантүршігерлік қанды оқиға орын алды. Сот органдары бізге ұсынған әлгі қылмыстық іске қатысты үкімді оқып отырып, құйқа тамырымыз шымырлады.

Сонымен, бұл оқиға қалай болды. Басынан басталық. Жантүршігерлік оқиға Аягөз ауданының Тарбағатай ауылында орын алған.

Алла (бұл жерде зардап шеккендер мен куәлердің аттарын өзгертіп беріп отырмыз) бала кезінен ақыл-есі кемдеу болып өсті. Ол осыған байланысты мектепте де жөнді оқи алмады. Әйтеуір, он жылда жазуды, оқуды үйреніп шықты. Бірақ ары қарай білім алуға шамасы жетпеді. Оның дамуы 9-12 жасар жасөспірімнің деңгейінде қалып қойды.

Дей тұрғанмен, физикалық тұрғыда ол өте мықты болды. Дене күші жағынан қатарластарынан анағұрлым алда еді. Жыныстық жағынан да ерте пісіп-жетілді. Нәтижесінде 2014 жылы ол біреуден жүкті болып, сап-сау баланы дүниеге әкелді.Алланың әке-шешесі немерелі болғандарына қуанып, балаға Денис деп ат қойды.

Алланың әкесі немересі десе ішкен асын жерге қоятын. Алла да баласын жақсы көрді, ұлының үсті-басынтап-тұйнақтай таза ұстап, қарнын ашқызбай, бар махаббатын сәбиінен аямады. Оның шаруаға ептілігі Қадырхан Әбсәләмов деген жігітке ұнап, ол оны ұлымен Тарбағатай ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан Үшарал теліміне алып келеді.

Мұнда орналасқан «Үшарал» шаруа қожалығының басшысы Тарбағатай ауылының тұрғыны Ардақ Сақажанов болатын. Жұмысшылардың айтуынша, Ардақ ішіп алған кезінде қоластындағыларды «тәртіпке шақыра» бастайтын. Жұмысшыларға «Дұрыстап жұмыс істеңдер!» деп айғайлайтын. Қарсы келгендерді кейде ұрып та тастайтын. Мұндайды бұрын көрмеген Алла Ардақтан өлердей қорқатын.

Алла мен Қадырхан некелеспесе де, осы фермада бірге тұрып, еңбек етті. Қадырхан ферманың малын бағатын. Алла үй шаруасын тындыратын.

Ащы судың кесірі

Сол күні таңертең ерте Қадырхан үйден шығып, мал бағуға кетеді. Ардақ Сақажанов өзінің інісі Серікпен бірге Аягөз қаласына кетеді. Үйде Алла, оның ұлы Денис және Ардақтың әйелі баласымен қалады.

Аягөзден Ардақ сағат кешкі төрттер шамасында мас болып оралады. Серік көлігіне Ардақтың әйелі мен баласын салып алып, қайтадан аудан орталығына жүріп кетеді. Ардақ үйге кіріп, асүйдегі дастархан басына жайғасады. Арақ алып шығып, іше бастайды. Кішкентай Денис бұл кезде үстел жанында тұрған-ды.

–Мә, іш! – деп Сақажанов стаканға арақ құяды да, екі жасар балаға береді. Денис арақтан бір жұтып, шашалып қалады, сосын жылап қолын шкаф жаққа қарай созып, кәмпит сұрайды. Баланың қатты жылаған дауысы Сақажановтың онсыз да қозып тұрған жүйкесіне тиеді. Ол шешесінің көзінше баланы киімінен шап беріп ұстап алып, жатын бөлме жаққа лақтырып жібереді. Бала бетімен жердегі матрасқа құлайды, ерні жарылып, қанаған бала одан бетер еңіреп жылай жөнеледі.

Алла осы сәтте баласына тұра ұмтылады, Бірақ Сақажанов оны жібермей ұстап қалады. Үстелде тұрған ағаш оқтауды алып әйелді бөксе тұстан бірнеше рет ұрып-ұрып жібереді. Бұдан соң әлгі оқтаумен үстел үстін ұрғылайды. Қатты қорыққан Алла жалаңаяқ үйден атып шығады. Бұл наурыз айының басы болатын, жер суық. Алла сол күйімал қоралары тұрған жаққа жан ұшыра жүгіре жөнеледі. Тіпті, бірнеше рет шалынып құлайды. Әйтеуір жетіп, жылаған күйі Қадырханға Сақажановтың баланы ұрып жатқанын айтады.

Алла әлгі қораға жеткенше, Қадырханды тапқанша, жарты сағаттай уақыт өткен болатын. Алла мен Қадырхан үйге жақындап қалған кезде сарай жанында тұрған Сақажановты көреді.

–Бала қайда? – деп айғай салады Алла.

–Үйде ұйықтап жатыр, – дейді Ардақ қаперсіз. Алла мен Қадырхан үйге кіргенде, Денис матрас үстінде жатқан-ды, үстінде ақ жамылғы жабылған. Алла әлгі жайманы алып, ұлын қолына алмақ болғанда, баланың дем алмай жатқанын сезеді. Оның бетінде соққының және кеуіп бара жатқан қанның іздерікөрініп тұрды. Шошынған ана ұлын жұлқылай бастайды, есінен танып қалған шығар деп ойлаған ғой. Бірақ балақай жүріп кеткен болатын.
Үйге ілесе кірген Сақажанов екіжасар баланы байқаусызда өлтіріп алғанын айтады.

–Полицияға бала абайсызда шатырдан құлап қалды деп айтасың, әйтпесе аяқтарыңды сындырам! – деп қорқытады Алланы.

Сақажанов алдымен полицияға емес, өзінің туыстарына қоңырау шалып, тез жетулерін сұрайды. Алла қалта телефонымен Аягөздегі әкесіне қоңырау шалып, Денистің қайтыс болғанын хабарлайды. Бірақ анық не болғанын айтпайды.Алланың әкесін фермаға Ардақтың інісі алып келеді. Олар үйге келгенде, қараңғы түсіп қойған болатын, үстел үстінде май шам жанып тұрады. Ас үйдің бұрышында шаруа қожалығының басшысы Ардақ Сақажанов мас күйінде отырады. Жатын бөлмеге кірген Алланың әкесі немересінің өлі денесін көреді.

–Не болды?– деп сұрайды ол қызынан. Қызы ештеңе айтпастан, жылай береді. Сақажановтың туыстарының бірі бала шатырдан құлап қалды деп айтады. Бірақ қарт кісі бұл сөздерге сене қоймады. Соққының іздері құлағанда болатын жарақаттарға мүлдем ұқсамайтын.

Қайғыдан қан жұтқан ата қызын өлі немересімен бірге Үшаралдан алып кетеді. Тарбағатай ауылындағы учаскелік полиция инспекторын іздеп таба алмайды. Аягөзге жетіп, полицияны шақырады. Сақажановтан қорыққан Алла әу баста ұлының төбеден құлап қалғанын айтады. Тек тергеу амалдарын жүргізу үшін Үшарал теліміне бара жатқан жолда ғана баланы Сақажановтың өлімші етіп сабап тастағанын жеткізеді.

Өз кінәсін мойындаған жоқ

Сарапшылар баланың өлімі бас сүйегінің сынуынан болған деген қорытынды жасапты. Жалпы, баланың басында сау жер қалмаған. Қос шекесі, төбе сүйегі сынған. «Аталған жарақаттар 10-нан кем емес рет қасақана ұрып-соғудан келтірілген және бұл жарақаттар денсаулыққа ауыр зиян келтіріп, жәбірленушінің өліміне тікелей себеп болған» деп жазылған сараптамада.

Іс қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотта судья Бердібек Қасеновтің төрағалығымен қаралды. Алайда, Сақажанов өз кінәсін мойындаған жоқ.

–Баланың анасы психикалық аурумен ауырады, мүмкін баланы өзі өлтірген шығар, – деп Аллаға кінә артқысы келді ол.

Бірақ бұл нұсқаны іс материалдары және куәгерлердің айтқандары теріске шығарады.Алла спиртті ішімдік ішпейтін. Өз ұлын жанындай жақсы көретін, еркелететін. Онда өз баласын өлтірмек түгілі ұруға еш себеп болмады. Психиатрлар ауруларына қарамастан, әйелдің өтірікке, қиялға бейімі жоқ деген қорытынды жасап отыр.

Алламен бірге тұрған Қадырхан сотқа дейінгі тергеу барысында мас Сақажанов Денисті өлтіргенін өзі айтты деген. Бірақ сотта Қадырхан өз сөзінен бас тартты. «Неге олай істедің?» деген сұраққа ешқандай жауап бермеді. Сот бұл Сақажановтың туыстары тарапынан жасалған қысымнан деген қорытындыға келді.

Екі жасар баланың басына он рет оқтаумен соққы жасалған, осы соққылар өлімге әкелген. Сонымен қатар, сарапшылар бала денесінің өзге бөліктерінен 14 соққы ізін анықтаған. Осыған орай сот Сақажанов қылмысты асқан қатігездікпен жасаған деп танып отыр. Олбаланың жасын, қарсылық білдіруге шамасы жоғын ап-анық білген. Сот сонымен қатар, Сақажановты қорқыту арқылы куәгерлерді жалған айғақ беруге мәжбүрлеу бойынша (Қылмыстық кодекстің 422 бабы) кінәлі деп тауып отыр.

Сот істі егжей-тегжей қарастыра келе, Сақажановты 16 жыл бір ай бас бостандығынан айыру жасазасына кесті. Одан Денистің атасының пайдасына миллион теңге материалдық шығын талап етілді. Заң бойынша азамат Сақажановтың сот үкіміне қарсылық білдіруге құқығы бар.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button