Қоғам

Бейбітшіліктің бесігінде тербелген ширек ғасыр

Семей сынақ полигонының жабылғанына – 25 жыл

Бейбітшіліктің бесігінде тербелген ширек ғасыр

Кеше Семейде облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ қатысуымен Семей сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына арналған Бейбітшілік акциясы ұйымдастырылды. Шаһардағы Түйемойнақ аралында өткен шараға қала мен облыс жұртшылығы, еліміздің және әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар, ұзын саны 25 мыңға жуық адам қатысты.
Атап өтер жайт, аралда бұл күні таңертеңнен жиналған халықтың қарасы көп болды. Естеріңізге салайық, жыл сайын 29 тамыз күні Семей сынақ алаңының жабылу датасы мұнда дәстүрлі түрде бейбітшілік акциясымен аталып өтіледі. Ал биыл ядролық жарылыстардың тоқтау күні ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Ядролық қарусыз әлемнің әлем мойындаған көшбасшысы

Бейбітшіліктің бесігінде тербелген ширек ғасыр

Бұл жолғы акцияға қатысқан аймақ басшысы мен мәртебелі меймандар алдымен Түйемойнақ аралындағы «Өлімнен де күшті» мемориалдық кешеніне келіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды, осылайша ядролық жарылыс құрбандарының рухына тағзым етті. Бұдан кейін бейбітшілік стелласының жанына жиналған қауым еліміз бен Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ бейбітсүйгіш саясатын күллі әлемге тағы бір мәрте паш етуге тырысты. 25 жеткіншек қағаздан жасалған кемелерді шарларға байлап, әуеге ұшырды.

Осыдан соң облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ сөз алды.

– Қадірменді қауым! Құрметті жерлестер! Ядролық қаруға қарсы іс-әрекеттер күніне арналған «Бейбітшілік» акциясына қош келдіңіздер! Жас Қазақстан мемлекеті осыдан 25 жыл бұрын бүкіл әлем елдерін бейбіт өмір сүруге шақырудың теңдессіз үлгісін көрсетті. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ сынақ полигонын жабу туралы Жарлығы, сөзсіз, ядролық державалар басшыларына тағылым болды. Бүгінгі Қазақстан – ядролық қарусыз әлем жолындағы қадамдардың, бүкіл әлем мойындаған көшбасшысы. Береке мен бірлікті, тыныштық пен татулықты мұрат еткен халқымыз мақсатына жетті, бір кездегі үрей даласы – бейбітшіліктің алтын бесігіне айналды. Бұл біз үшін – зор мақтаныш. Бүгінгі акция – бүкіл дүниежүзі елдерін ортақ мақсатты іске асыруға шақырудың тағы бір анық көрінісі іспетті, – деген облыс әкімі бүгінде әлемдік қауымдастық Елбасымыздың бұл тұрғыдағы еңбегін жоғары бағалап жатқанын ерекше атап өтті. – Шығыс Қазақстан халқы ядролық қарудан бас тарту жөніндегі бастамаларды қашан да қызу қолдайды, себебі өзі де бұл зұлмат жарылыстардың куәгері әрі құрбаны болған-ды. Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздіктің, бітімгершіліктің бастамасы саналатын «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі әлі де өзінің лайықты бағасын алады деген сенімдемін, – деді аймақ басшысы.

Бейбітшіліктің бесігінде тербелген ширек ғасыр

Бұдан кейін бейбітшілік акциясына арнайы ат арытып келген меймандар сөз сөйледі.

Бейбітшіліктің бесігінде тербелген ширек ғасыр

Тэкуэ Окадо, Жапонияның Токио университетінің профессоры:

– Қазақстанның, оның ішінде Семей қаласының осы бір тәжірибесі қауіпті қаруға қайтсе де қол жеткізуге тырысып келетін кейбір әлем елдеріне үлгі болуы керек. Сіздердің елдеріңіз алмағайып заманда өз бетінше адам баласына тек қана азапты қасірет әкелетін қарудан бас тартты. Бұл нағыз ерлік деп білемін. Сондықтан сіздер мен сіздердің Елбасыларыңыз алдарында басымды иемін. Келер жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымында тұрақты емес мүше ел болмақ. Сол себепті Жапония мен Қазақстан бірлесіп ядролық қарудан бас тарту жөніндегі бастамаларын әлемге паш ете алады деген үміттемін.

Бейбітшіліктің бесігінде тербелген ширек ғасыр

Жиында Ақтөбе қаласынан келген Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі Болат Қамысбаев та сөз алды.
– Мен өзімнің осыдан 27 жыл бұрын Қазақстанда бірінші болып құрылған «Невада-Семей» халықаралық қоғамдық ұйымының мүшесі болғанымды мақтан тұтамын! Ядролық сынақтардың зардабын Семей жерімен қоса бүкіл қазақ даласы тартты. Сол бір зұлмат кезеңде біздің Ақтөбе облысына қарасты Байғанин ауданының Жарқамыс елді мекенінің аумағында да 11 ядролық сынақ өткізілгенін біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан, біз – жаппай қырып-жоятын қарудың зардабын Семей халқымен бірге тікелей көрген тағдырлас, қасіреттес елміз. Қазақ даласынан әлемге жар салған «Невада-Семей» қозғалысының асқақ үнін, туған халқының мұңы мен зарын әлемдік трибуналарда табанды түрде, ашық та ашына айтып жеткізген Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ арқасында Сарыарқаның сағын сындыра жаздаған аждаһа мәңгілікке тоқтады! Нұрсұлтан Әбішұлы алапат күшті қаруды жойып, елді алыс армандарға жетелеумен келеді. Біз далаларымыздағы жарылыстар тоқтады деп үнсіз қалмақ емеспіз. Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі де сөзіме қуат беретіндей, – деді ол.

Бұл пікірге облыстық «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарчук те қосылды.
– Мен бүгінгі мәртебелі трибунаны пайдаланып, келешек қамы үшін алапат күштің иелеріне «отпен ойнамаңдар» дегім келеді. Болашақ ұрпағымыздың бүгінгі ұрпақ алдында ешқандай кінәсі жоқ! Жерімізді оларға аман- сау аманат етейік! Бүкіл әлем жұртына «Ядролық сынақтарды тоқтатайық!», «Зұлмат қарудан біржолата құтылайық!» деген Қазақстан халқының үнін тағы бір рет жар салып жеткізгім келеді. Біз – бейбітшілік пен жасампаздықтың жаршысымыз! Ұлы дала елін «Мәңгілік Елге» айналдыру – ұлан-ғайыр атыраптың Ұлы арманы осы, – деді Л.Гончарчук.

Бейбітшіліктің бесігінде тербелген ширек ғасыр

Акция барысында Семей сынақ полигонының жабылуының 25 жылдық мерейтойына байланысты алыс-жақыннан келіп жеткен жеделхаттар да оқылды. Оның бірі Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жолданыпты. Онда «Құрметті Халықаралық «Бейбітшілік» акциясының қатысушылары! Бүгін біз халықаралық күнтізбедегі маңызды дата – Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 25-жылдығын атап өтудеміз. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығы – әлемдік қарусыздану тарихындағы теңдесі жоқ оқиға. Біз ядролық сынақ құрбандарының алдында бас иеміз! Полигонның жабылуы және бүкіл дүниежүзінде ядролық қаруға тыйым салу жолында қызмет ету – бұл жантүршігерлік сынақтар нәтижесінде жапа шеккен буындар алдындағы біздің адамгершілік парызымыз.

…Бүгін Астанада Семей полигоны жабылуының 25-жылдығына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» тақырыбында ірі халықаралық конференция өтуде. Біз ядролық қарусыз әлем құруды барлық ұлттардың саяси міндетіне айналдырып, сайып келгенде, ядролық қаруды бүкіл әлемде заңсыз деп тануға қол жеткізуіміз керек.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – бұл соғыстар мен қақтығыстардан азат әлемнің бейнесі. Осы орайда, бүкіләлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалысқа үлкен үміт артамыз, олардың алдында ауқымды жұмыстар тұр. Ісіміз оң, болашағымыз жарқын болатынына кәміл сенемін» делінген.

Бейбітшіліктің бесігінде тербелген ширек ғасыр

«Бейбітшілік» акциясы барысында, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының арнайы жолданған жеделхаты да оқылды.
Шарадан соң облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жиналған жұртшылықпен кездесіп, оларды осынау айтулы датамен құттықтады. Өз кезегінде белгілі жазушы Медеу Сәрсеке аймақ басшысына өзінің «Семей қасіреті» деп аталатын кітабын сыйға тартты.

Бірқатар нысанның жұмысымен танысты

Бейбітшіліктің бесігінде тербелген ширек ғасыр

Бұдан кейін облыс әкімі Семейдегі бірқатар әлеуметтік нысанды аралап қайтты. Ең алдымен, аймақ басшысы құзырлы органдар басшыларынан шаһардың жылыту маусымына дайындығы туралы сұрап білді. Олар жалпы алғанда, аталмыш бағыттағы жұмыс ширақ жүргізіліп келе жатқанын айтып, дегенмен, әлі де шешімін таппай тұрған мәселелер баршылық екенін атап өтті. Мәселен, өз мойнына алған міндетті орындай алмай отырған «Данияр-СЕК» сияқты мердігер компаниялармен келісімшарт бұзылып, бұл іс сенімді қолға тапсырылатынын мәлімдеді. Даниал АХМЕТОВ осындай проблемалардың барын біле тұра, уақтылы хабарламаған өзінің орынбасары Димитрий Гариков пен қала әкімі Ермак Сәлімовке қатаң ескерту жасады.

Аймақ басшысы, сонымен қатар, Ертіс жағалауын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысып, мердігерлерге бірқатар проблеманың басын ашып берді.

– Мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындалғалы бері, Семейдің осы бір жеріне төрт рет келдім. Келген сайын тапсырма беремін, алайда, күткен нәтиже жоқ. Сіздерге жағалауда стрит-воркаут алаңқайын салыңыздар деп неше рет айттым, неге салмайсыздар? Әлде қолдарыңыздан келмей ме? Келмесе айтыңыздар, бұл істі іліп әкететін азаматтарымыз жетіп артылады. Солардың біріне тапсырамыз, – деген аймақ басшысы Семей қаласының әкіміне бұл жұмысты өз бақылауында ұстап отыруды тапсырды.

Бұдан кейін аймақ басшысы қаладағы №2 мектепке ат басын тіреді. Бұл мектеп соңғы жылдардағы Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде облыстағы ең төмен көрсеткіштердің біріне ие болып келеді.

– Облысымыз бойынша мектеп түлектерінің тестілеуден алған орташа балдары 82-ні құраса, сіздерде бұл көрсеткіш бар болғаны 69 балды құрап отыр. Бұл – қалай айтсақ та, бірінші кезекте сіздердің кінәларыңыз. Неге өз міндеттеріңізге салғырт қарайсыздар? Мектептеріңіз жалпы алғанда жаман емес сияқты, оқушыларға бар жағдай жасалған. Тек осы бір мәселе мектептеріңіздің атына кір келтіріп тұр, – деген облыс әкімі білім ордасының басшылығына түлектермен жұмысты күшейту қажет екенін тағы бір мәрте еске салды.

Бұл күні аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ Семей геологиялық барлау колледжінде болып, білім мекемесінің жұмысымен жақынырақ танысты. Сондай-ақ, Ф.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық мұражайға аялдап, мұндағы жәдігерлердің тарихы жайында құлағдар болды. Семейге сапары соңында аймақ басшысы қала іргесіндегі «Приречное агрофирмасы» серіктестігіне барып, мұндағы күзгі жиын-терін науқанының барысымен танысып қайтты.

Нұржан Кенжеұлы

Суреттерді түсірген – Есімхан Орынбаев

Осы айдарда

Back to top button