Қоғам

Белькиннің қожалығында береке бар

Белькиннің қожалығында береке бар


Табиғат ана облыс орталығынан небәрі 60 шақырым қашықтағы Шемонайхаға бар байлықты үйіп-төгіп бере салған ғой. Өскеменнен шыға салып өңірдің солтүстігіне қарай сапар шексеңіз, тау-қыраттарда жап-жасыл жайқалып өскен астықты аймақты, ну орман мен қазба байлықтарын кездестіресіз.

-Биыл Шемонайха ауданының диқандары 125,9 мың гектарға егін екті,-деп бастады әңгімесін аудан әкімі Амангелді Тоқтаров.-Өткен жылы диқандар астықтан облыс бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Выдриха ауылындағы Александр Белькиннің шаруа қожалығы күздік бидайдың әр гектарынан 57 центнерден дән маржанын бастырып, рекорд жасады. Биыл да ауыл шаруашылығының майталман маманы астықтан мол өнім алуды көздеп отыр.
Астың сұлтаны – астықтан мол өнім алып жүрген қожалық иелері жайында неге қалам тербемеске, салып ұрып Выдриха ауылындағы А.Белькиннің кеңсесіне келдік. Жан-жағы қоршалған, аула ішінде гүлдер, ағаштың неше түрі жайқалып тұрған екі қабатты ғимаратқа енгенімізде, қожалық басшысын жолықтырдық. Амандық-саулықтан соң Александр Васильевичтен атқарып жатқан жұмыстары жайында айтып беруін сұрадық.

-Күні кешегі Одақ кезінде де Выдриха ауылының атақ-даңқы көпшілікке мәлім болатын. Сонау сексенінші жылдары бұл ауылда шипажай іске қосылып, еліміздің барлық өңірлерінен адамдар демалып, денсаулығын түзеуге келіп жататын. Соңғы жеті-сегіз жылдан бері «Уба» шипажайында өңірдің зейнеткерлері, Чернобыль, ауған соғысының ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар емделіп жатыр. Өзім осы шаруашылықта бас агроном болып қызмет атқардым. Нарық келген кезде ұжымшардың ауыл шаруашылығы құрылымдары пайларын алып, қожалық құра бастады. Менің үлесіме мүлік пен жердің 75 пайызы тиді. Міне, жиырма жыл болды, шаруа қожалығын құрып, еңбек етіп жатырмыз. Қазір бізде 350 адам еңбек етеді. 12 мың гектар егіндік, жайылымдық жеріміз бар, өткен жылы ауарайы жауынды-шашынды болып, диқандар мол астыққа қол жеткізді. Сенесіз бе, бір мың гектар күздік бидайдың әр гектарынан 57 центнерден астық бастырдық. Бұл – ауданды былай қойып, облыстағы рекордты көрсеткіш. Биыл да бес мың гектарға астық, екі-үш мың гектарға күнбағыс, жүгері ектік. Егін бітік өсіп келеді, алайда, соңғы екі аптадан бері аспаннан бір тамшы жаңбыр жаумай, диқандар алаңдаулы, – деді қожалық басшысы.

А.Белькиннің қожалығында тәртіпке ерекше көңіл бөлінеді. Соңғы екі жылда мұнда бірде-бір адам жұмысқа кешігіп келмеген, тәртіп бұзбаған. Себебі белгілі, ауылда әрбір адам өз жұмыс орнын мақтан тұтады, қысқарып қалса, жанұясын қалай асырамақ? Оның үстіне қожалықтағы жұмысшылардың жалақысы жоғары. Бір ғана мысал. Өткен жылы егін орағында шаруашылықтың озат комбайншылары мен тракторшылары айына 300 мыңнан, бір миллион теңгеге дейін еңбекақы қаратқан. Оның сыртында бонус ретінде берілетін бірнеше тонна астық, жемшөп тағы бар. Озат механизаторлар Александр Росс, Алексей Янов, Алексей Ульянов,, Игорь Гаврилов қожалық құрылғаннан бері ұжымның ыстық-суығына бірдей төзіп келеді. Алексей Ульянов өткен егін орағында бір өзі 10 мың тонна астық, 5 мың тонна күнбағыс бастырған. Ал жоғары білімді жас маман Игорь Гаврилов болса әкесінің жолын қуып, Американың «Кэис» тракторымен егін егіп, сүдігер жыртады. Айтпақшы, қожалық басшысы А.Белькин соңғы екі жылда жаңадан аса қуатты бірнеше комбайн, трактор сатып алғанын айтты.

Егін егіп, ел байлығын еселей түскен А.Белькиннің қожалығы асыл тұқымды мал өсіруді де алға қойған мақсаттарын орындап келеді. Қазір «Выдрихинское» қожалығында 450 сиыр, бір мыңдай құнажын, тайынша бар. Риддердегі сүт зауытына күн сайын 5 мың тонна сүт тапсыруда. Мұның сыртында қожалық басшысы аудандағы қайырымдылық шараларына белсене араласады. Мәдениет, спорт саласында топ жарып жүрген азаматтарға да қолдау көрсетіп тұрады. Аудан экономикасын өркендетуге үлес қосып жүрген азаматтың бергенінен берері көп.

Оңдасын Елубай
Шемонайха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button