Қоғам

Баян-Өлгей бауырлас аймақ боламыз

Баян-Өлгей бауырлас аймақ боламыз


Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов Моңғолия Республикасы Баян-Өлгей аймағының әкімі Ғылымхан Айып бастаған делегация өкілдерімен кездесті.

Аймақ басшысы Алтайдың ар жағынан келген ағайындарды жылы шыраймен қарсы алды. Сөз арасында Баян-Өлгей аймағының әкімі Ғылымхан Айып бұл өңірге бұрын өз шаруаларымен келгенін айтты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында 102 мың халық тұратын болса, оның 96 пайызы өзіміздің қандастарымыз екен. Аймақта 48 мектеп, 44 балабақша бар. Әрине, олардың басым көпшілігі қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалар. Халықтың негізгі кәсібі – мал шаруашылығы. Десе де аймақта баяу да болса тау-кен өндірісі де дамып келеді екен.

– Шығыс Қазақстанға келгендегі біздің негізгі мақсатымыз – барыс-келісті нығайту, – деген Баян -Өлгей аймағының әкімі Ғылымхан Айып облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына Өскемен мен Баян Өлгейді бауырлас аймақ етіп бекітіп, бірлесе жұмыс істеу туралы бұйымтайын айтты. Әрине, Өскемен мен Баян-Өлгей арасы аға-бауырдай жақындай түссе, оның артықшылықтары өте көп болар еді. Екіжақты әріптестіктің арқасында Өскеменде мал өнімдері, оның ішінде еттің бағасы да әжептәуір төмендеуі мүмкін. Ғылымхан Айыптың айтуынша, Баян-Өлгей аймағында үш миллионға жуық мал бар. Аймақтың Қазақстан мен Ресейге, қала берді Қырғызстанға ет экспорттау мүмкіндігі өте зор. Осы арада аймақ әкімі Шығыс Қазақстан мен Моңғолия арасын жалғайтын төте жол ашылса деген ойын да жасырмады. Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы көтеріліп, мінберлерден талай айтылып келе жатқанымен, әзірге нәтиже жоқ. Егер ол жол ашылатын болса, екі аймақтың арасы айтарлықтай қысқарып, сауда-саттық та ерекше жандана түсетін еді. Баян-Өлгей аймағының әкімі Ғылымхан Айып биыл егін шығымының нашарлығын айтып, ұн жағынан, сондай-ақ, Баян Өлгейдегі қазақ мектептеріне оқулық жағынан көмек берсеңіздер екен деген өтінішін де жеткізді.

Жалпы, Баян-Өлгейлік ағайындар біздің өңірмен экономикалық, рухани-мәдени, әлеуметтік байланыстарды дамытуға ерекше ынталы. Өз кезегінде облыс басшысы Даниал Ахметов екі аймақтың бауырлас болуы жөнінде Өскемен қаласының басшылығына арнайы тапсырма беретінін айта келіп:

– Баян-Өлгей аймағында тұратын 102 мың қандасымызға біз әрқашан қол ұшын беріп, көмектесуге әзірміз, -деді. Тіпті облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына тапсырма да берді. Мысалы, облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаровқа Баян Өлгейдегі қазақ мектептеріне оқулық жағынан қол ұшын беруді жүктеді. Денсаулық саласында да бірлесе жұмыс істеуге әбден болады.

– Сіздерде өзіміздің дәстүрлі халық емшілігімен айналысып жүргендер бар ма? Ата-бабаларымыз айналысқан халық медицинасын қайта жандандырып, жаңғыртып, бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге болады, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов. Сонымен қатар, екі аймақтың театрлары арасында да мәдени байланысты дамыта түсу маңызды.

– Ал ұн жағына келетін болсақ, сіздер қанша мөлшерде ұн керек, оны қалай сатып алатындарыңызды нақтылаңыздар. Оны жайдан-жай тегін бере алмаймыз ғой. Өйткені, астықтың бәрі меншіктің қолында, – деді облыс әкімі.

Кездесу соңында екі аймақтың әкімдері өзара ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button