Қоғам

Бауырлас ел абыройымызды асырды

Бауырлас ел абыройымызды асырды


Астанаға ЭКСПО керуені тоқтағанына екі ай болды. Осы аралықта көрме қалашығындағы тауар айналымының көлемі 905 млн. теңгеден асыпты.

«Ертұғрылдың» актерлері Астанаға келді

Екі ай ішінде 131,7 млн. теңгенің лицензиялық өнімі саудаланса, қоғамдық тамақтану орындарына 558,7 мың адам бас сұққан екен. Ал халықаралық павильондар көрме аумағына 5298 тонна жүк кіргізген. Жалпы қалашықта 5181 адам тұрақты тұрып жатыр деуге болады.

Ал медициналық көмекке жүгінгендер саны 4864 адамға жектен. Оның 49-ы ауруханадан бірақ шыққан. Олардың негізгі бөлігі аллергия, дене қызуы және қан айналымына байланысты сырқаттармен жүгінсе керек.

Екі айда қалашық аумағынан 867 зат табылыпты. Әзірге оның тек 273-і ғана иесін тапқан. Күдікті әрекетімен қауіпсіздік қызметкерлерінің назарына іліккен 250 адамның 132-сі қолының сұғанақтығы бойынша тексеруге алынды. Бұдан өзге 26 адам алаяқтық әрекетімен тұтқындалған. Қауіпсіздікке жауапты мамандар көрме қонақтарының арасында психикалық ауытқуға шалдыққандар да болғанын айтады.

Аптаның айшықты оқиғасы деп Түркияның ұлттық күнін атауға болады. Түркі сериалдарын сүйіп көретін көрермендер «Ертұғрыл туындысының актерлерімен армансыз суретке түсіп, қолтаңба жинап мәз болды. Бейнелеу өнерінің құдіретін құммен асқақтатып жүрген әйгілі суретші Вейсел Челикдемир де астаналықтарды өнерімен тәнті етіп бақты. «Анадолы алаулары» атты би ансамблінің тамаша қойылымы да жұртқа айықпас әсер сыйлағаны анық. Бауырлас екі мемлекеттің бір-біріне деген қошемет-құрметін көрген шетелдік қонақтар да түбі бір халықтардың достығына таңдай қақты.

Көрме қарашаға дейін жалғаса ма?

ЭКСПО-ның арқасында табысы еселеп артқан 30 компания осы аптада «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының президенті Ахметжан Есімовке ашық хат жазды. Онда көрмені қараша айына дейін созу туралы өтініш айтылыпты. Хатқа туристік компаниялардың, мейрамхана және қонақүй бизнесінің өкілдерінен құралған 30 адамның қолы қойылса керек.

Хат иелері Астана көрмесі үшін 93 күннің аздық ететінін айтқан. Қысқа мерзімнің ішінде «бұрын түске де кірмеген табысқа кенелгендерін» айтып, ағынан жарылған кәсіпкерлер көрмені қараша айының біріне дейін созу туралы ұсыныспен ел Президентіне және Халықаралық көрмелер бюросына ұсыныс айту керек деген өтініштерін білдіріпті. Әзірге бұл ұсынысқа ресми жауап берілген жоқ.

Кәрі құрлықтың ең «кәрі» аралы

Көрменің көрігі қызған сайын әр елдің павильоны қонақ тарту үшін түрлі амал-айлаға баруда. Мысалы, Тайланд павильоны ұлттық жаңа жылдарын әдеттегіден тым ерте тойлап отыр. Негізі бұл елде жаңа жыл сәуір айында тойланады. Мерекеге бас сұққан қонақтардың көбі малмандай су болып шығып жатты. Өйткені, бұл ел жаңа жылды бір-біріне су шашып қарсы алады.

Италия болса, туристік аймақтарын бір-бірлеп таныстырудан жалығар емес. Бұл аптада олар келушілерге Сардиния жайлы қызғылықты мәліметтер ұсынып, музыкалық сапар ұйымдастырды. Бұл аймақ туристік әлеуетімен бірге ұзақ жасаушылар отаны ретінде танымал. Осы ерекшеліктерін өздері музыка мен суретке деген қызығушылықтарымен, қонақ арылмайтын өмір салттарымен байланыстырады. Соңғы жиырма жылдан бері бұл аралда бірде-бір қоқыс көмілмейді екен. Өйткені, барлығын қайта өңдеудің сенімді жүйесі жұмыс істейді. Соңғы кезде ғалымдар сардиниялықтардың ұзақ жасауын дәл осы экологиялық тазалықпен байланыстырып жүр. Италияндық мамандар қазақстандық әріптестеріне «қалдықсыз қала» құпиясын жайып салды.

«Күн ұшағымен» стратосфераға

Ғаламдық рейтингте инновацияшыл елдердің көшін бастап тұрған Швейцария да ұлттық күнін мазмұнды өткізді. Оған ел Президенті Дорис Лойтхардтың өзі қатысты. Ал ұшқыш Рафаель Домжан күннің қуатымен ғарышқа ұшу идеясын ұсына келіпті. Ол бұған дейін күн батареяларынан қуат алатын ұшақпен жер шарын айнала ұшып шыққан болатын. Енді сол ғарыш кемесімен стратосфераға дейін көтерілмекші.

Бауырлас ел абыройымызды асырды

-Ғарышқа зымыран ұшырған сайын жердің бетін де, астын да, ауаны да ластап келеміз. Ал сол зымыранның орнына «күн ұшақтарын» қолдансақ дәл бүгінгідей зиян шекпес едік. Біз ойлап тапқан «күн ұшағы» зымырандар ғана бағындырып жүрген биіктікке көтеріле алады. Осы арқылы ғарыштың болашағы күн энергиясына тәуелді екенін дәлелдедік, – дейді ұшқыш.

Салмағы 450 келі, тұрқының ұзындығы 8,5 метр болатын «SolarStratos» атты моторлы ұшақты тізгіндеген Рафаель Домжан жер бетінен 24 шақырым биіктікте самғауға бел буып отыр.

Ал Африканың батысында жатқан Гвинея мемлекеті қазақстандық инвесторларға құда түсе келіпті.

-Сіздерде мұнай мен газ көп болса, бізде су мол. Осы тұрғыда тізе қосып жұмыс істеуге болатын сияқты. Қазақстан үшін мұхитқа жолы ашық Гвинеяға инвестиця салу тиімді деген ойдамыз. Судан алынатын қуаттың тек үш пайызын ғана іске жаратып отырмыз. Осы салаға инвестиция құйған компаниялардың табысы еселеп артады, – дейді ресми өкіл Бала Допавоги.

Қауіпті трюкпен елдің зәресін алды

ЭКСПО-ның арқасында Астана үлкен спортпен тыныстап тұр. Өткен апта футбол тойымен есте қалса, бұл аптада велошабандоздар айды аспанға шығарды. Олай дейтініміз, шайтанарбамен адамның зәре-құтын қашырар трюктер жасауға машықтанған Витторио Брумотти келді Елордаға. «Арқар» көпіріне арқардай орғып шыққан Гиннесс кітабының рекордшысы 106 метр биіктікте көпірдің бір қапталынан екіншісіне секіріп, елдің зәресін алған болатын. Жиналған жұрттың көбі көпірдегі спортшыны Александр Винокуров деп ойлаған екен

Бауырлас ел абыройымызды асырды
Бауырлас ел абыройымызды асырды
Бауырлас ел абыройымызды асырды

Бұдан кейін «Astana EXPO 2017 International Criterium» велобәйгесі байрағын көтерді. Оған әлемнің 20 елі командасын үкілеп қосты. Крис Фрум, Микель Ланда, Фабио Ару сияқты жүйріктер қатысқан бәйге 60 шақырымға созылды. Бас жүлде британдық «Team Sky» командасы үкілеп қосқан Крис Фрумның қанжығасында кетті.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button