Ауылдың айтқыштары

Бас жаққа барыспайық

Бас жаққа барыспайық
Бас жаққа барыспайық

Ертеректе біздің елдің екі таз азаматы жұрттың көзінше жиі-жиі қақтығысып қалып, біріне-бірі: «сен таз сондайсың», «сен таз мұндайсың» десе береді екен. Содан бір күні екеуі өзара келісіп:
– Түгімізді қоймай боқтассақ боқтасайық, тек ендігі жерде бас жаққа барыспайықшы, – дескен көрінеді.

Қабыл Сүлейменов
Ұлан ауданы.

Басқа шаруам жоқ…

Алпысыншы жылдары Күршім ауданы, «Қалғұтты» кеңшарының директоры Ахмет Ахмадиев пен партком хатшысы Тұрсынхан Молжігітовтің арасында келеңсіз жайлар орын алып, жағдай әбден ушыққан соң аупарткомнан өкіл келіп, мәселе жергілікті партком мәжілісінде қаралады. Осы жайында естіген Жанғазы деген қушыкеш ақсақал кеңшар кеңсесінің алдынан кетпей, жүріп алса керек. Мұны байқаған кеңсе қызметкерлерінің бірі тысқа шығып:
– Ақсақал, көп жүрдіңіз ғой, шаруаңыз бар ма еді? – дейді.
Сонда Жанғазы:
– Аупарткомнан келген өкіл Ахмет пен Тұрсынханды сойып жатыр деседі. Олар қоңды ғой, еттері де тәтті шығар, содан бір оншақты келі ет алайын деп едім, басқа шаруам жоқ, шырағым, – депті.

Желіккенді қой енді

Тегі Ақнайман Бабағұмардың бәйбішесі Алуа да ақын болыпты. Екеуі үнемі өлеңмен қақтығысып жүреді екен. Бабағұмар аупарткомның нұсқаушысы ретінде астық науқанына байланысты жарты ай хабарсыз кетіп, бір күні үйіне қызу болып оралады.
Сонда Алуа апамыз «жігітін» мынадай өлең жолдарымен қарсы алған екен:

– Аман-есен келдің бе,
О, құрметті бастығым,
Салулы тұр төсегің,
Жастаулы тұр жастығың.
Той-тойлатып жүрдің бе,
Тарқамапты мастығың.
Әлде сауық құрдың ба,
Еске түсіп жас күнің?
Шабылыпты пішенің,
Орылыпты астығың.
Басқан ізің білінбей,
Бір кетсең мол кетесің,
Осы боп тұр басты мін.
Ақырғы рет айтамын,
Желіккенді қой енді,
Сауық қуғыш сайтаным…

Советхан Қалиғожин
Өскемен.

Кебек жеген саржомарт

Ертеректе Күршім өткеліне тірелер тұсты жәрке деген ру мекендеген. Олар жайлауы тар болғандықтан, саржомарттардан жер алып, соны жайлайды екен.
Бір жылы жәркелер қыстауларына қонған соң сыйлас көршілері – саржомарттарды қонаққа шақырып, олардың алдарына қазы-қарта, жал-жая қойып, қошеметтейді.
Жалпы, жәркелер ет жеген соң қолдарын орамалмен сүртпей, тарының кебегімен құрғататын көрінеді. Олар сол әдеттері бойынша ет желініп болған соң бір астау кебекті қонақтарының алдына қойса керек. Бұрын тарыны көп жеп дағдыланбаған қонақтар оны бидайдың талқанындай деп ойласа керек. Олар:
– Апырай, тойып та қалып едік, – дейді де астаудағы кебектен бір-бір уыстан алып, асап-асап жібереді.
Мұны көрген жәркенің қушыкештері содан кейін-ақ оларды «кебек жеген саржомарт» деп атап кеткен көрінеді.

Әшімхан Төлемісұлы
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button