Қоғам

Балдырғандарға балабақша тарту етті

Балдырғандарға балабақша тарту етті


«Балапан» бағдарламасы аясында Маңырақ ауылында 100 орындық балабақша пайдалануға берілді. Жаппай жекешелендіру тұсында сатылып кеткен бұрынғы балабақша ғимаратын ауыл кәсіпкері Қайрат Рақышев мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 25 млн. теңгеге күделі жөндеуден өткізіп, балдырғандарға тарту жасады.

Балабақшаның ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев:

– Біздің аудандағы 55 елді мекеннің барлығында балабақша бар. Елбасы бағдарламасын жүз пайызға орындап отырмыз. Аталмыш бағдарламаны орындау кезінде бастапқыда тұрғындардың сұрауы бойынша мектеп ішінен шағын орталықтар ашылған болатын. Олардың барлығы дерлік мемлекеттік стандартқа сай емес болғандықтан, өткен жылдан бері мектеп ішіндегі орталықтар босатылып, жекеменшік балабақшаларды әріптестік арқылы ашуды қолға алып отырмыз. Биыл осындай тағы бес балабақша ашамыз. Ал алдағы жылдары 13 жекеменшік балабақша ашылады және олардың барлығы талапқа сай болмақ. Бүгінгі Маңырақ ауылында ашылып отырған «Жалғас» бақшасы да барлық талапқа сай, заманауи үлгіде жасалған. Шалғай ауыл болса да, шағын қалалардағыдан еш кем емес балабақшаның игілігін көріңіздер, –деп құттықтау тілегін айтты.

Жаңа балабақшада сегіз топ бар. Ересек топтың балалары үш тілде тәрбиеленетін болады. Балабақшаның ауласы ойын алаңдарымен, шағын атракциондармен жарақталған, абаттандырылған. Алдағы жылы балабақша ішінен шағын жылыжай салынатын болады. Бүгінде Ақжар ауылының орталығындағы «Балауса-балғын» бөбекжай-балабақшасында екі жылыжай және гүл дүкені ашылған. Жылыжай өнімдері күнделікті балалар тағамына пайдаланылып, қалған өнімдері ауылшаруашылығы жәрмеңкесінде қолжетімді бағамен сатылады. Мектептер мен балабақшалар жанынан жасалған бұл нысандар негізінен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында бой көтеруде. Балабақша меңгерушісі А.Құсайынованың бастамасымен бақша ішінен гүл өсіретін арнайы дүкен ашылды.

-Елбасының биылғы Жолдауында еліміздің оқу орындары мен балабақшаларында үштілділікті дамыту баса айтылған болатын. Осы орайда аудан әкімдігінің қолдаумен «Балауса-балғын» балабақшасы ішінен дарынды балаларға арналған «Валео» зияткерлік дамыту орталығы да ашылды. Онда ауылдағы дарынды балалардың оқып, білім алуына барлық жағдай жасалған. Орталықта кәсіби білімі бар мамандар жұмыс істейді. Осындай кешендер алдағы уақытта тағы бірнеше ауылдарда ашылады, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы С.Дауытбаева.

Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы

Осы айдарда

Back to top button