Қоғам

Балалар үйінің түлегі базарлық әкелді

Балалар үйінің түлегі базарлық әкелді


Бұқтырма жағасындағы лагерьге жете бере алдымыздан құлдыраңдай жүгірген бір топ бала шықты. Олар ананың аялы алақанын, әкенің қамқорлығын көрмей өскен жеткіншектер еді. Бұл күні оларға Шемонайха (бүгінде Серебрянка) балалар үйінің түлегі Марина Жанбырбаеваның мұрындық болуымен сый-сыяпат жасалды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Марина Жанбырбаева балалар үйінің тәрбиеленушілеріне су жаңа теледидар, ойыншықтар, спорт формаларын сыйлады. Бағалы сыйлық сатып алуға Өскемен мен Алматының кәсіпкерлері демеу көрсетті. Ал Марина Маратқызы осынау балалар үйінде тәрбиеленіп, он бес жыл бұрын үлкен өмірге қанат қақты. Өмірде өз орнын тапқан ол ішкі істер органында қызметте. Өзі ұшқан үйдің балалары десе, ет жүрегі елжіреп тұрады.

– Заман өзгерді. Бүгінде балаларға деген қамқорлық анағұрлым артқан. Біздің кезімізде таңның атысы, кештің батысы жұмыс істейтінбіз. Сонда бір ғана арманым бар еді, өзімнің жеке затым болса деген. Сендердің де өздеріңе тиесілі заттарың болсын деген ниетте әр біреуіңе қол сағат сыйлаймын, – деп балаларға қол сағат тақты Марина Жанбырбаева.

Осылайша, Серебрянка балалар үйінің 151 жеткіншегіне қуаныш сыйлады. Ала жаздай Бұқтырмадан үш үйді жалға алып демалып жатқан балалар мәз. Футболмен айналысатындары су жаңа форма киіп, доп теуіп көрді. Осыған дейін республикалық жарыстарда топ жарып жүрген аяқдопшылар бұдан да үлкен нәтижелерге қол жеткізері анық. Мұнда спортшылар ғана емес, қолөнер шеберлері де тәрбиеленіп жатыр. Жуықта республикалық «Speсial Olympics» байқауында кішкентай қолөнершілер ағаштан түрлі кәдесыйлар жасап, бірінші орын алды.

Балалар үйінің тәрбиешісі Саят Туарбаевтың айтуынша, мұнда алты жас пен он сегіз жас аралығындағы балалар тәрбиеленеді. Бірақ он сегіз жастан кейін де балалар мамандардың назарында болады.

Мерей Қайнарұлы
Зырян ауданы.

Осы айдарда

Back to top button