Дін

Бабасы еккен шынарды, баласы саялайды

Бабасы еккен шынарды, баласы саялайды

«Ағаш тамырымен мықты болса, адам достығымен күшті» деген сөз бар. Елдегі достық пен татулықтың туын желбіреткен діни бірлестіктер өкілдері Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай, Өскемендегі этносаябақта «Рухани келісім» аллеясын абаттандырды. Ағаш отырғызды.
Иә, ағаш егу – әрбір азаматтың парызы. Атам қазақ «Бабасы еккен шынарды, баласы саялайды» десе, дәстүрлі дінімізде «Ағаш отырғызған адамға одан жиналатын жеміс-жидектің мөлшеріндей сауап беріледі» деген хадис бар. Ал «өкпесі қабынған» Өскеменде қоршаған ортаны көгалдандыру жұмыстарының өзектілігі айтпаса да түсінікті. Осындай игілікті істің ынтымақ мерекесі қарсаңында қолға алынып, оған әртүрлі ұлттар мен діндер өкілдерінің белсенді атсалысуы тегін емес. Шараны ұйымдастырушы облыстық дін істері басқармасы өкілдерінің айтуынша, мұнда үлкен мән жатыр.
– Өзіміз тұратын елді мекенді жасыл желекке айналдыру туралы Елбасының арнайы тапсырмасы бар. Бұл тапсырма өңірде нақты жүзеге асырылып жатыр. Соның бір дәлелі – «Рухани келісім» аллеясында діни бірлестіктер өкілдерінің ағаш отырғызу акциясын өткізуі. Аталған бастама қаланың экологиясын жақсартуға септігін тигізіп қана қоймай, тағылымдық, тәлім-тәрбиелік маңызға ие. Қазақ бекерден-бекер «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп айтпаған ғой. Ағаш отырғызу – абзал іс. Мұны көріп өскен жас ұрпақ табиғатты аялауға, қорғап-сақтауға үйренеді. Бүгін еккен шыбық ертең жайқалған шынарға айналады. Оның көлеңкесінде өзге емес, өзіміздің ұрпағымыз саялап, жемісін жемей ме? Сонымен қатар, мұндай бастамалар өңірдегі діни бірлестіктер арасындағы келісім мен татулықты нығайтуға, тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді, – дейді облыстық дін істері басқармасы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі бөлім басшысы Айтқұрман Тұрғанбаев.
Осыдан тұп-тура екі жыл бұрын Қазақстан халқы бірлігі күні ашылған этносаябақтағы «Рухани келісім» аллеясында қайың, шырша, емен, шетеннен бастап көптеген ағаштардың былтыр, одан арғы жылы отырғызған көшеттері жақсы күтімнің арқасында бой түзеп келеді. Олардың қатарын биыл тағы бірсыпыра жас шыбық толықтырды. Осы қарқынмен жалғаса берсе енді бірнеше жылда аллеяның атшаптырым аумағы жасыл желекке оранғалы тұр.
Бұл күні этноасаябақтан ақ шапанын жамылған имамнан бастап, ұзын етек, кең жеңді киімдегі православтарды, сари мен дхоти киген кришнаны, төбесіне кеседей тақиясын төңкерген еврейді және басқа да конфессиялардың өкілдерін кездестірдік. Бәрінің жүздері жайдары. Қабақтары көтеріңкі. Бір-бірімен арқа-жарқа араласып, сөз арасында әзілдесіп қояды. Қолдарына күрек ұстап, құнары бетіне шыққан қара топырақты шұңқырлап қазған олар жас шыбықтарды аса ұқыптылықпен жерсіндіруде. Біреуі көшеттерді ұстап, екіншісі күрекпен топырағын көмкерсе, енді бірі шелекпен суын құйып, әбігер болып жүр. Киген киімдері мен түр-тұлғаларына қарап айырмасаңыз, бір-біріне асқан сыйластық пен жоғары ілтипат көрсеткен осынау жандарды әртүрлі діннің өкілдері деп айтуға қимайсыз. Барлығы бір атаның балалары сияқты. Бөтендік жоқ араларында тек бауырмалдық қана. Көшет отырғыза жүріп, табиғатты қорғау, ағаш өсіру, гүлдендіру туралы әрқайсысы өздерінің дінінен, наным-сенімдерінен ғибратты әңгімелер айтып, мысалдар келтіреді. Бір қызығы, айтушылар әр ұлттың өкілдері болғанымен айтылған әңгіменің тобықтай түйіні бір. Ол – адамгершілікті, ізгілікті насихаттау. Жаратушының адамзатқа берген сыйы – Жер-ананы, суды, ауаны, орман-тоғайды сақтау.
– Исламда табиғатты аялауға ерекше мән берілген. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Бір мұсылман бір ағаш отырғызса немесе бір нәрсе ексе және одан бір құс, бір адам немесе жануар жесе, ол адам үшін садақа болып есептеледі» деген. Сол секілді Алланың елшісі: «Бір адам бір ағаш отырғызса, амал дәптеріне отырғызған ағашының жемісіндей сауап жазылады», – деген екен. Демек ағаш отырғызудың ислам дінінде сауапты іс екенін осыдан-ақ аңғарамыз. Сондықтан дін істері басқармасы мұрындық болған аталмыш акцияға Өскемен өңіріндегі барлық мешіттер белсенді қатысуда, – дейді Өскемен қалалық орталық мешітінің имамы Аманбол Қуатұлы.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button