Қоғам

Ауаға трамвай жолдарының зияны тиіп жатыр

Ауаға трамвай жолдарының  зияны тиіп жатыр


Өскемендегі экологиялық қауіпсіздік орталығының экологтары облыс орталығы ауасының ластануына трамвай рельстері өткелдерінің де зияны тиетіні айтады. Бұл мәселені шешу үшін мамандар қала әкіміне хат жолдап отыр.

Өскеменде трамвай рельстерінің үстінен кесіп өтетін автокөлік жолдары аз емес. Экологтардың айтуынша осы өткелдердегі трамвай рельстерінің қырлары жол жабынынан бірнеше сантиметр жоғарыда жатыр. Сынып, мүжілген ескі рельстердің жолдан көтеріліп шығып жатуы, оның жан-жағындағы асфальттың ойдым-ойдым шұңқыр болып, қопарылып қалғаны көліктердің рельс үстімен әрі-бері еркін өтуіне кедергі келтіруде.

-Қопарылып жатқан трамвай рельстері алдымен онсыз да экологиялық ахуалы нашар Өскеменнің ауасына зиянын тигізуде. Қолдан жасалған кедергіден құтылу үшін көлік жүргізушілері бұл рельстердің үстінен өткенде жылдамдықты төмендетуге мәжбүр. Өте төмен жылдамдықпен жүрген кезде көліктен адам ағзасына аса зиянды көміртегі, бензапирен, көмірқышқыл газдары көп бөлінеді. Бұлар қауіптілігі жағынан 1 класқа жатады. Бұл газдардың көп мөлшерде бөлінуінің нәтижесінде қаланың атмосфералық ауасындағы аталған заттардың компоненттері 3-4 есеге көбейіп, ластап жатыр. Осы деректер қаладағы РАИСПЭМ ауа құрамын өлшеу жүйесінің мәліметтерімен расталып отыр,-дейді экологиялық қауіпсіздік орталығының директоры Геннадий Корешков.

Орталық мамандары алаңдатып отырған жағдайды қалалық ТҮКШ бөліміне, қала әкімдігіне жазғанымен, олар рельстерді жөндеу «Өскемен трамвай паркі» ЖШС міндетінде деген жауап қайтарыпты. Ал соңғы кездері жолаушыларын сарғайтып күттіріп қойып, әзер жүріп жатқан трамвайлардың иелері рельстердің қырларын жолмен бір деңгейге түсіріп, жан-жағындағы жолды жөндеп, тегістеу мемлекеттің, қала әкімдігінің міндеті деген уәж айтқан. Он жылдан астам уақыт шешімін таппаған түйткілді мәселені шешу үшін орталық басшылығы енді қала әкімінің өзіне хат жолдап, үміттеніп отырған жайы бар.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button