Қоғам

Қасқабұлақта дүбірлі той өтті

Қасқабұлақта дүбірлі той өтті


«Ауыл күні» мерекесі Қасқабұлақта айрықша сипатта аталып өтті. «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында ұйымдастырылған думанды тамашалауға жергілікті ардагерлер қауымы, қалталы азаматтар, сондай-ақ барша ауылдықтар жиналды.

Әуелі осы өлкеде туып, еңбегі сіңген ауылдастар рухына ас беріліп, құран бағышталды.

Айта кету керек, ауыл күнінің өтуіне жергілікті шаруа қожалықтары басшылары мен жеке кәсіпкерлер белсенді араласты. Олардың ішінде Елдар Қарамендин, Рысбек Қамбарбаев, Ерғазы Буданов, Қаршыға Жікенов, Біржан Жұманбаев, Еділ Төлеуқоңыров, Елдар Жұманбаев, Ержан Орынбаев, Бақытбек Қозыбаев, Әку Балабаев, Ержан Буданов, Мәуліт Көжебаев, Қанат Мұқашев, Бақытбек Бұрышбаев, Рымқан Сыдықов, Жұманай Доғалақов, Қайрат Нұрахметов сияқты азаматтар бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, тойдың өтуіне атсалысқан азаматтарға көпшілік алдында құрмет көрсетілді.

Жерлестеріне өнерімен жақсы таныс Райхан Әубәкірова, Гүлбарам Мұстафина, Гауһар Қанапиянова, Қанат Қабыланов сынды әншілер ауылдастарына әдемі концерт сыйлады.

Ауыл күнінің жарасымды жалғасындай өрілген ұлттық спорт ойындары кеш ажарын тіптен әрлендіре түсті.

Алдымен ауыл-аймақтың білекті де жүректі азаматтары сынға түсті. 24 келілік гір тасын көтеруден Нұрлан Тұрысбеков бірінші орынды қанжығалады. Соңынан салмағы 55 келіден жоғары салмақтағы жастар арасында қол күресінен сайыс өтіп, Ақтайлақ Желдібаев тұғыр биігінен көрінді.

Қазақтың ерекшелігі басым ұлттық спорт түрлерінің бірі – аударыспақ. Бұл ойында жиналған көрерменді ептілігімен тәнті еткен, тақымы мығым Думан Дүйсенбаевқа тең келер ешкім болмады.

Осынау күні Қасқабұлақ баурайын думандатқан айтулы шарада қазақтың төл ойынының барлығы да көрініс тапты десек қателеспеспіз. Айталық, қыз қуу бәсекесінде Темірлан Қасымов мен Аймара Кәримова шеберліктерін танытып, жанкүйер қошеметіне ие болды.

Сондай-ақ, қыз-келіншектер арасындағы жаяу жарыстан өткен сайыс пен арқан тартыс бәсекесі де ерекше қызықты әрі тартысты өрбіді.

Ауыл тойы бәйгесіз өткен бе? Бұл күні де абайлықтар қыл құйрықтарын баптап әкеліпті. Бес шақырымдық тай жарысында мәре сызығын бірінші болып кескен Көкбай ауылынан келген Серік Әзілханның Бақторы атты сәйгүлігі бас жүлдені қанжығаласа, екінші және үшінші орындарға Аслан Мұсағалиевтың баптауындағы Кермоншақ және Назқоңыр атты жүйріктері ие болды.

Ал 10 шақырымды құраған Құнан жарысында бірінші орынды Знаменка ауылынан келген Берікжан бапкердің Мелан атты сәйгүлігі иеленсе, аталмыш ауылдың тағы бір тұрғыны Ерасыл есімді бапкердің Малыш атты тұлпары екінші орынды қанжығаға байлады. Мәре сызығын үшінші болып кескен архаттық Аслан Мұсағалиевтың Сағым атты сәйгүлігі жүлделі үшінші орынға тұрақтады.

Ал аламан бәйгеде Қасқабұлақ ауылының тұрғыны Көркем Есентаевтың Тарланкөк атты тұлпары алдына дара салмады. Екінші болып қасқабұлақтық Серікбек Сайлауқановтың Жезкиік атты жүйрігі келсе, үздік үштікті архаттық Данияр бапкердің баптауындағы Баққасқа атты сәйгүлігі түйіндеді.
Осылайша, қиқу салдырған ат жарысы да соңына таяп, жүлдегерлер марапатталып, барлығына бағалы сыйлықтар табысталды.
Ал тайлы-таяқтының барлығын елеңдеткен думанды шараның соңы ауыл аспанына көрік берер әдемі отшашуға ұласты.

Нұржан Байтөс
Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button