Қоғам

Ардагерлерге арналған саябақ ашылды

Ардагерлерге арналған саябақ ашылды


Конституция күні қарсаңында Қ.Қайсенов кентінің тұрғындары ерекше қуанышқа кенелді. «Өскемен құс фабрикасының» 40 жылдық мерейтойы аясында кент орталығында ардагерлерге арналған саябақ ашылды. Саябақтың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин, Қазақстан құс өсірушілер одағының төрағасы Руслан Шарипов қатысты.

Мұндай саябақтың ашылуын кент тұрғындары көптен бері күткен болатын. «Армандар орындалады» дегендей, міне бүгін өмір бойы кент іргесіндегі құс фабрикасында еңбек етіп, сол жерден зейнеткерлікке шыққан ардагерлерге арналған демалыс орны өз есігін көпшілікке айқара ашты. Жаңа нысанның ашылу салтанатына жиналған қауымның қуанғаны сондай, тіпті сіркіреп жауған жаңбырды да елемеді. Облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин мен еңбек ардагері Виктор Олейников саябақтың тұсауын кесу құрметіне ие болды. Қазақтың ырымымен шашу шашылды. Жалпы, осынау саябақты салуға «Өскемен құс фабрикасы» АҚ 80 миллион теңге қаржы жұмсаған көрінеді. Енді бұл саябақта фабрика ардагерлері немерелерімен серуендей алады.

– Бүгін Ұлан ауданының тарихында есте қаларлықтай бір керемет шара өтіп жатыр. Өскемен құс фабрикасы ардагерлерге керемет саябақты тарту етіп отыр. Ең алдымен сіздердің барлықтарыңызды ардагерлер саябағының ашылуымен құттықтаймын, – деген облыс әкімінің орынбасары Дүйсенғазы Мусин кент пен Өскемен құс фабрикасының құрылу тарихын да жиналған қауымның жадына салып, жаңғыртып өтті. Кент тұрғындары фабриканы көтерсе, фабрика кенттің көркеюіне, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына ерекше ықпал етті. Тіпті соңғы он жылдың өзінде кент айтарлықтай ажарлана түсті. Дәл орталықтан мешіт ашылып, стадион тұрғызылды. Міне, осынау игілікті істердің барлығына «Өскемен құс фабрикасы» ұйтқы болып отыр. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген де осы. Облыс басшысының орынбасары «Өскемен құс фабрикасын» 40, «Айтас холдингін» 20 жылдық мерейтойымен құттықтай келіп:

– Біз тарихты ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Міне, бүгін осы фабриканың басшылығы, іс басында жүрген жергілікті азаматтар ардагерлерді ұмытпай, оларға жағдай жасап, осындай саябақ ашып отыр. Мен облыс әкімінің, облыс әкімі аппаратының атынан сіздерді саябақтың ашылуымен құттықтап, тек жақсылықтар тілеймін, – деді. Сондай-ақ, саябақтың ашылу салтанатында Қазақстан құс өсірушілер одағының төрағасы Руслан Шарипов, Ресей құс өсірушілер одағының бас директоры Галина Бобылева, «Айтас холдингінің» президенті Серік Толықбаев және тағы басқалар сөз алып өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

Шара соңы марапаттау рәсіміне жалғасып, «Өскемен құс фабрикасында» еңбек еткен бірқатар ардагерлерге «Құрметті ардагер» медалі табыс етілді.

– Мен бүгін ерекше бақыттымын. Өйткені, бұл құс фабрикасы мен үшін ерекше қымбат. Өмірімнің жақсы кезі осы фабрикада өтті. Осы жерден зейнеткерлікке шықтым. Фабрика басшылығы бізді ешқашан ұмытқан емес. Бүгін де сый-сияпатын жасап жатыр. Әсіресе, мынау ардагерлер саябағы біз үшін ерекше тарту болды, – дейді зейнеткер, Қайсенов кентінің тұрғыны Оралбек Жамалиев.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button