Қоғам

Аптаға созылған аламанның үздіктері анықталды

Аптаға созылған аламанның  үздіктері анықталды


Өскемендегі «Нұрлы жол» саябағында 48-ші дәстүрлі «Қазақстан оқушысы-2017» велокөпкүндігінің жабылу салтанаты өтті. Бұл күні бір апта бойы Ұлан, Глубокое аудандарының тасжолдарында жүйткіген жас велошабандоздардың жүзден жүйрігі анықталды.

Осымен он жетінші мәрте өңірімізде өткізіліп отырған жарыстың жабылу салтанатына еліміздің велоспорт федерациясының техникалық директоры Жандос Балтин, облыстық білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров, веложарыстың бас төрешісі Рашид Кәкімов, велотректен Азия чемпионы Александр Лялько және тағы басқалар қатысты. Жеңімпаздарды аймақ басшысы Даниал Ахметовтің атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова велошабандоздарға алдағы додаларда сәттілік тіледі.

Аптаға созылған аламанның  үздіктері анықталды

– Олимпиада чемпионы Александр Винокуров, Андрей Кивилев, Марат Сатыбалдиев, Николай Макаров, Игорь Потенко сынды айтулы спорт шеберлері кезінде осы «Қазақстан оқушысы» веложарысына қатысып, шыңдалып шыққан тұлғалар десек қателеспейміз. Сондықтан бұл веложарысқа қатысушылардың ішінен еліміздің атын әлемге әйгілейтін болашақ чемпиондар шығатынына сенімдімін, – деді Әсем Нүсіпова.

Көпкүндік веложарыстың жеті кезеңі бойынша әрбір команданың қатысушыларынан үш жеңімпаз анықталып, барлығы 21 велошабандоз жеңіс тұғырынан көрінді. Ал сегізінші кезең нәтижесінде командалық есепте жеңіске жеткен құрамалар анықталды. Атап айтсақ, Жамбыл облысынан келген команда үшінші орынды қанағат тұтса, «Өзбекстан-1» командасы екінші орынды, «Алматы» командасы бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, аталмыш жарыста белсенділік танытқан жамбылдық велошабандоз Роман Дрожинин «Веложарыс көшбасшысы», «Белсенді велошабандоз», «Тау велошабандозы» аталымдары бойынша марапатталды. Ал «Жас велошабандоз» аталымын «Солтүстік Қазақстан» командасының өкілі Никита Конеев иеленсе, «Жеңіске деген ұмтылыс» аталымы бойынша «Өзбекстан-1» командасының намысын қорғаған Батыр Исматов марапатталды.

Аптаға созылған аламанның  үздіктері анықталды

Жарыс қорытындысында бірінші, екінші, алтыншы кезеңдердің жеңімпазы атанған жамбылдық Роман Дрожинин веложарыстың үздік шабандозы ретінде танылды. Бес жылдан астам уақыт бойы велоспортпен шұғылданып жүрген Романның айтуынша, ол «Қазақстан оқушысы-2017» жарысына алғаш рет қатысып отыр. Александр Винокуровты үлгі тұтатын жас велошабондаз болашақта халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлап отыр.

– Табиғаты көз тартар осынау өңірге жолым түскеніне қуаныштымын. Веложарыстың басталуына бір күн қалғанда бізбен бірге жарыс жолына шыққан облыс әкімі Даниал Ахметовтің велоспортқа деген құрметі біздің ынта-жігерімізді шыңдай түсті. Мен алдағы уақытта Әлем чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын. Бүгінгі жеңіс маған әлі талай биіктерден көрінуге күш-жігер беретін болады, – дейді Роман Дружинин.

Ажар Мұратқызы

Осы айдарда

Back to top button