Қоғам

«Алтай» ірі жеңіске жетті

«Алтай» ірі жеңіске жетті


Семейдегі «Спартак» стадионында қостанайлық «Тобылдың» екінші құрамын қабылдаған жергілікті «Алтай» ірі жеңісін тойлады.

Айта кетейік, биыл футболдан екінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінде өнер көрсетіп жүрген шығысқазақстандық ұжымның аяқ алысы әзірге жаман емес. Чемпионат аясында 26 ойын өткізген жерлестеріміз оның 19-ында жеңіске жетіп, төртеуін тең аяқаған, қалған үшеуінде жеңіліс тапқан. Қазір Сергей Тимофеев баптайтын команданың қоржынында 61 ұпай бар. Екінші орында келетін алматылық «Қайраттың» жастар құрамынан алтайлықтар алты ұпайға озып тұр.

Жерлестеріміздің осы жолғы қарсыластары да осал емес болатын, «Тобылдың» қосалқы құрамы қазір үздік алтылықты түйіндеуде. Дегенмен, бұл матчта қонақтар алаң иелеріне бәлендей қарсылық көрсете алмады. Алтайлықтар Дәурен Қайқыбасовтың дублі, сондай-ақ, Бауыржан Тәңірбергенов пен Алексей Мальцевтің голдары және Данияр Семченковтың автоголы арқасында ірі жеңіске жетті. Бұған қостанайлықтар жалғыз доппен ғана жауап бере алды. Қорытынды есеп 5:1.

Келесі кездесуін «Алтай» футболшылары ертең Көкшетауда жергілікті «Оқжетпестің» жастар құрамымен өткізеді.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button