Қоғам

Алғашқы динозавр жұмыртқаларының қалдықтары Зайсаннан табылыпты

Алғашқы динозавр жұмыртқаларының қалдықтары Зайсаннан табылыпты


Зайсан өңірі ерекше. Бұл өлке қазба байлықтарымен ғана емес, тарихи-мәдени құндылықтарымен де ерекшеленеді. Зайсанға жолым түскен сайын мен осындағы өлкетану музейіне соқпай кетпеймін. Музейге экскурсия жасап, музей қызметкері Фемистокл Жүнісовтің өлке тарихы туралы әңгімесін тыңдағанның өзі бір ғанибет.

Зайсан өлкетану музейінің қырық жылдан астам тарихы бар. Сонау 1974 жылдың 7-маусымында ашылған музей ғимаратының өзі осы өлкедегі құнды архитектуралық ескерткіштердің санатына жатады. Саудагер Бидахмет Бобкин бұл үйді алтын қолды шебер Баязит Сатпайұлына 1891-1894 жылдары салдырған екен.

Өмірінің отыз бес жылы осы музей қабырғасында өткеннен соң да болар, Фемистокл Түспекұлы мұндағы әр жәдігердің тарихын жатқа біледі. Бұл кісінің тұла бойы тұнып тұрған шежіре десе де болғандай. Оның айтуынша, бүгінде бұл музейде барлығы 7061 жәдігер бар. Оның 4228 негізгі, қалғаны қосымша деп саналады. Міне, динозвар жұмыртқаларының қалдықтары. ТМД бойынша алғашқы динозавр жұмыртқаларының қалдықтарының Зайсан өлкесінен табылғанын біреу білсе, біреу әсте білмейді. Оны алғаш рет 1958 жылы геолог-ғалым Виктор Ерофеев тапқан көрінеді. Осы өңірге мұнай қорын іздеп келген геолог-ғалым ойламаған жерден осындай байлыққа кенелген ғой. Фемистокл Жүнісов Ерофеевтің жұмыртқалардың бәрін алмағанын, қалғанын кейін зерттейміз деп жапқызып тастағанын айтады. Бірақ, ол кісі қайтыс болғаннан соң, бұл тақырып сол күйі зерттелмей ұмыт қалады. Енді археологтарға ол жерді қайта тауып, қайта зерттеуге тура келеді. Сондай-ақ, музейде бес миллион жыл болған еліктің жақ сүйегі мен киіктің тістері де бар. Ал Зайсан өлкесінде ерте заманда қолтырауын (крокодил) болғанын естігенде біз таңданысымызды жасырмадық. Қазақстанның үш-ақ жерінде қолтырауын табылса, үшінші қолтырауынның қалдығы осы Зайсан қазаншұқырынан табылыпты. Тіпті, мұнда мүйізтұмсықтың да қалдықтары бар. Сондай-ақ тасқа айналған ағаштар, молюскілер, шорттанның қалдықтары да өлкетану музейінің құндылығын одан әрі арттырып тұр. Зайсан өңірін мекендейтін аң мен құсқа келетін болсақ, мұнда сабаншы бар көрінеді. Сабаншы деген жабайы мысық. Еуропалықтар оны манул мысығы деп атайды. Үлкендердің айтуынша, сабаншы тіпті ат үстіндегі адамды да тырнап, жарақаттай алады екен.

Фемистокл Жүнісов сабаншылардың қазір көбейіп келе жатқанын, тіпті жақында Катонқарағай ауданында осы сабаншылар фототұзаққа түсіп қалғанын айтады.

Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін

Фемистокл Түспекұлы Зайсан өлкесінің тарихында өзіндік орны бар абыройлы азаматтар жайлы да ерекше құлшыныспен әңгімелейді. Солардың бірі – Бидахмет Бобкин. Жастай ата-анасынан айрылып, он жасынан бастап өзі мен қарындасы Бәтиманы асырау үшін саудагерлерге жалданып, қара жұмыс істеген Бидахмет кейін осы өлкедегі ең бай адамдардың бірі болады. Өз бетінше ізденіп, біраз биікке жеткен. Орысша таза сөйлеген. Жетім-жесірлер мен мұқтаж жандарға көмек қолын созып, жанашыр болған. Ол Зайсанда мектеп салу үшін ақша жинағанда 500 сом қосыпты. Қазақтың оқығандарына да қол ұшын созып, Тайыр Жомартбаев пен Міржақып Дулатовты арнайы шақырып, мұсылман медреселеріне қызметке де орналастырыпты. Тұңғыш қызы Айшаны Мәскеуде оқытады. Осы Айшаның Халима атты қызы кейін атақты тарихшы Ермахан Бекмахановтың жары болады. Қазан төңкерісі кезінде Бобкин қуғынға ұшырайды. Дүние-мүлкі тәркіленіп, 1920 жылдары Қытайға өтеді. Ал 1930 жылдың басында Ташкентке қоныстанғанымен, кейін Қиыр Шығысқа жер аударылады.

Зайсан жұрты Баязитті бағалайды

Зайсан өлкесі үшін құрылысшы, шебер Баязит Сәтпайұлының да орны ерекше. 1870 жылы Аягөз ауданының Шыңқожа бекетінде молданың отбасында дүниеге келген Баязит та жетімдіктің тауқыметін тартып өседі.

– Бұл кісінің әкесі молда болыпты. Әкесі Иванов деген орыстың байымен тамыр, дос болыпты, өлер алдында «осы баламның еті тірі, осыған көз қырыңды сал» деп Баязитты досына тапсырып кеткен екен. Орыс байы досының аманатын орындап, Баязиттың тас қалаушы өнерін меңгеруіне ықпал етеді. Сол кезде Семейде қос мұнаралы, бір мұнаралы мешіт салу үшін Түркияның сәлетшілері келіп жатыр екен. Ол кісі Баязитты соларға шәкірт етіп, қосып жібереді. Осылайша Баязит Сәтпайұлы Семейдегі мешіттерді де салуға ат салысқан. Үйленген соң, оны Зайсанға шақырады. Зайсанда шамамен 35-40 ғимарат салған. Бүгінгі күні Баязит салған 20-21 ғимарат аман тұр, – дейді музей қызметкері Ф. Жүнісов.

Бір қызығы, 1990 жылдары Зайсанда болған зілзала кезінде Баязит салған құрылыс нысандарының ешқайсысына да бірде бір сызат түспеген көрінеді.

Құнына бір үйір жылқы алыпты

Фемистокл Жүнісов бізге музейдегі алтынмен апталып, күміспен күптелген ертоқымдарды да ерекше бір мақтанышпен көрсетті. Әсіресе, сонау 1939 жылы Ыдырыш деген зергер жасаған ертоқым шынында да кісі қызығарлықтай әдемі екен. Зергердің өзі де осынау ертоқымды жасағаны үшін құнына бір үйір жылқы алған екен. Ол кезде қазіргідей технология деген атымен жоқ, бәрін қолмен істейтін заман ғой.

– Сіздерден Астанадағы, Алматыдағы Орталық музейлер осындай құнды жәдігерлеріңізді сұрамай ма?, – деп жатырмын.
Фемистокл Түспекұлы сәл қулана жымиып алды да:

– Сұрайды. Бірақ, мұны оларға әлі көрсете қойған жоқпын. Олар зорлық қып біраз нәрсені алды да. Бізде келі-келсап, іркіт шелек дегендер көп болған. Солардан біраз бердім де, – деді.

Жалпы, Зайсанға аяқ баспаған орыс саяхатшысы кемде кем. Г. Потаниннің өзі бұл өлкеге бес рет, Н. Пржевальск екі рет келген. Мұның өзіндік себебі де бар. Фемистокл Жүнісов оның себебін былайша түсіндіреді.

– Бірінші Петр кезінде «Орыс солдаты өзінің етігінің шаңын Үнді мұхитына барып жууы керек» деген өсиет қалдырған ғой. Ал британ тәжінің лағыл тасы Үндістан болып саналған. Яғни, орыстар Үндістанды болашақта Англиядан тартып алуды көздеген. Бірақ, Ресей Петрдің арманын қазіргі күнге дейін орындай алмай келеді. Ол кезде флот жағынан алғанда ағылшындар мықты болған ғой. Орыстар Зайсанды сол Шығысқа шығатын қақпа деп санаған, – дейді.

Алғашқы динозавр жұмыртқаларының қалдықтары Зайсаннан табылыпты
Алғашқы динозавр жұмыртқаларының қалдықтары Зайсаннан табылыпты

Қор сақтайтын орын қажет

Байқағанымыз, Зайсан өлкетану музейі құнды жәдігерлерге өте бай. Бұл музейге келген адам біраз тарихи, мәдени деректермен танысып, таным көкжиегін кеңейтері сөзсіз. Музейдің билеті де келушілердің қалтасына ешқандай салмақ салмайды. Үлкендерге небәрі 200 теңге ғана болса, балаларға 100 теңге. Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлері мен мүгедек жандарға, солдаттарға кіру тегін. Бұдан басқа жыл сайын 18 мамыр – халықаралық музей күні ашық есік күні болады екен. Онда да келушілер осынша мұраны тегін тамашалай алады. Сондай-ақ 1 маусым – балаларды қорғау күнінде де тегін акциялар өтеді. Тіпті алдағы уақытта әрбір екі айда бір немесе бір айда бір ашық есік күнін өткізу мүмкіндігі де қарастырылып жатқан көрінеді. Облыстық деңгейдегі музей болғандықтан, ауданнан бір тиын бөлінбейді. Десе де музей қызметкерлерін тығырыққа тірейтін проблемалар да жоқ емес. Ең басты мәселе – музейде қор сақтайтын орын жоқ. Жәдігерлердің барлығы сіресіп, үйіліп-төгіліп тұр.

– Бұл мәселе талай рет қозғалды. Тіпті, бір кездері жоғарыдағылар «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бітпей, ауыздарыңды ашпаңдар деген болатын. Жаңа ғимарат салып бермей-ақ қойсын, сыртына қосымша бірдеңе салып берсе де риза болар едік, – дейді Фемистокл Жүнісов.
Жалпы, ел, жер тарихын әйгілейтін құнды мұралардың сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жетуі өзі ісіне адал, кәсібін шексіз сүйетін Фемистокл Жүнісовтай азаматтардың арқасы болар деп ойлаймын. Негізгі мамандығы тарихшы болғанымен, музей ісіне шексіз берілгендігі сүйсіндіреді. Жазғы уақытта Шілікті жазығына келетін археолог ғалымдармен тізе қосып, бірлесіп жұмыс істейді екен.

– Биыл тарихшы ғалымдар мен археологтардың алдында жаңа міндет тұр. Ол өңіріміздегі жиырма киелі орынды анықтап, картаға түсіру. Менің өзіміздің осы Зайсан өңірі бойынша ұсынысым бар. Мына Шаған Өгіз жақта Кергентас деген жер бар. Бір жарым шақырым жерге созылған тас тізбек бар. Ол тас тізбек аяқталғанда көлденең 100-150 метрдей тағы да тас тізбек бар. Осы тас тізбектер қосылған жерде руникалық жазулар бар. Сондай-ақ қорымның басында да құлап жатқан обелиск бар. Оның мына бетінде бір алфавит те, мына бетінде тағы бір алфавитпен жазған тас қойылған жазу бар. Осы жерге зерттеушілер назар аударса, 20 киелі орынның қатарына қосса деген ұсынысым бар, – дейді ол.

Қалай десек те, үнсіз ғана үлкен жұмыстарды атқарып жүретін осындай адамдардың мынау өмірде бар екеніне қатты қуанасың. Біле білсек, Отан тарихы өлкеден басталады емес пе?

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button